2021 жылғы 02 қаңтар, KAZNEWS. Сиыр жылы қандай болады: Сиыр жылы халық есінде көбінесе ауыртпалық, дау- жанжал, қиындықтарымен есте қалған.
Ырымшыл халқымыз бұл жылы сəтсіздік бола қалса, «биыл ауыр жыл ғой» дей салған. Сиыр жылы туған адамдар халық əдеті мен ырымдары негізінде сиыр бауыздамайды.
Табиғи белгісі – су. Бұл жылы өмірге келгендер тұрақты, сабырлы, көшбасшылық қабілетке ие, еңбекқор болып келеді. Жаман қасиеті: талапшыл, қатал, қырсық, ашуланшақ болып келеді.
Сонымен, сиыр жылы аймағымыз үшін қандай жыл? Тарихи шегініс жасап, 1901-2021 жылдардағы оқиғаларға қысқаша шолу жасап көрелік.
1901 жылы
XIX ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың басында Цинь үкіметінің сыртқы саясаты біршама әлсіреуіне байланысты 1901 жылы “Жаңа үкімет саясаты” бағдарламасын жариялады. Бұл моңғол халқына ауыртпалық туғызды. VIII Боғда Живзандамба, Цэрэнчимэд, Ханддорж, Чагдаржав қатарлы тұлғалар Цинь үкіметінің басымшылық саясатына қарсы шығып, ел бостандығы үшінгі күресі 1911 жылға дейін жалғасып, Моңғол елінің тәуелсіздігін жариялаған болатын.
1913 жылы
Қытай мен Ресей Сыртқы Моңғолияның өкілдерінсіз, бұл территория автономия есебінде Қытайдың бір бөлігі деп жариялаған декларацияға қол қойды.
Моңғол үкіметі Ресей патшалығына декларацияға қарсы нота жолдады.
Батыс моңғолияда Жа ламаның айдауынан зардап шегіп Қобда өлкесінен жер аударылған тұрғындар қайта оралды.
1925 жылы
Моңғолияның ұлттық вальютасы «төгрөг» айналымға енді.
Урианхай, тыва және қазақ халқы Чандмань-уул аймағына қарасты болды. Қазақтар Шеруші, Шыбарайғыр, Жантекей, Ботақара атты төрт хошуунға бөлінді.
Алтанцөгц сұмыны орнады.
1937 жылы
Саяси қуғын-сүргін нәубеті 1937-1938 жылдары өзінің шарықтаған шегіне жетті.
Моңғолияда 37 мыңға жуық адам нәубетке ұшырады. Олардың 3 мыңға жуығы Баян-Өлгийліктер болған. Бүгінге дейін ел көлемінде 31 мың адам ақталған. 1990 жылдан бері Баян-Өлгий аймағынан 700 ге жуық азамат ақталып, ұрпақтарына мемлекет тарапынан өтемақы төленген.
Бугат, Дэлүүн сұмындарында бастауыш мектеп ашылды.
1949 жылы
Моңғолдың ұлттық күресінен Қожағапан Белденбайұлы «Мемлекеттік лашын» атағын жеңіп алды.
Аймақтың Автобазасы орнаған. Алғаш ГАЗ-51-ден 7 машина болған.
1949 жылғы сиыр жылы аймақ басшысы қызметін Жеңісхан Дүзелбайұлы (1944.1-1950.12) атқарып тұрған.
Мемлекеттік IX Ұлы хуралына Ноғай Шымшырұлы, Женісхан Дүзелбайұлы, Илияс Санатбайұлы, Т.Риян, Д.Уртнасан, Б.Камерив, Т.Өтнөө, Б.Дорж қатарлы азаматтар өкіл ретінде қатысқан.
Моңғолия Қытай Халық Республикасымен дипломатиялық қарым қатынас орнатты.
1961 жылы
Моңғолия БҰҰ-ның 101-ші мүшесі болды.
Моңғолия қазақтары арасынан алғаш рет Қамбар Өмірбекұлы докторлық дәреже қорғады.
Халық ұлы хуралының жарлығымен Өлгийге қала мәртебесі беріліп, қала әкімшілік басқармасы орнады.
Аймақтық құрылыс базасын Құрылыс конторы болдырып өзгертті.
1961 жылғы сиыр жылы аймақ басшысы қызметін Ырым Жуанғанұлы (1959.11-1970.6) атқарып тұрған.
1973 жылы
1973 жылы Москвада Моңғолия қазақтары арасынан екінші болып докторлық дәрежені Мініс Әбілтайұлы қорғады.
Базылхан Бұқатұлы «Моңғол-қазақ тілінің салыстырмалы тарихы» тақырыбында (Алматыда) тілі білімінің доценті атанды.
Халық Ұлы хурал депутатына бұл жылы А.Зәйтін, О.Тілейхан, Я.Жигжид, А.Сарай, Ж.Марзия, Қ.Сембай, Ш.Қабдыл, Н.Сатей, С.Ағат, Ж.Буянтогтох, А.Баба қатарлы 18 азамат сайланған.
«Эрдэнэт» өндірісін орнату туралы шешім қабылданы.
1973 жылғы сиыр жылы аймақ басшысы қызметін Сарай Асқанбайұлы (1970.6-1978.6) атқарып тұрған.
1985 жылы
Өлгий қаласында жылу станциясы орнап, аймақ орталығы біріккен жылуға қосылды.
Өлгий қаласында таза-арам су станциясы орнады.
1985 жылғы сиыр жылы аймақ басшысы қызметін Қызырхан Құсбекұлы (1978.6-1989.11) атқарып тұрған.
1997 жылы
Жазушы, Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткер Ақтан Бабиұлының 100 жылдық мерей тойы аталып өтті.
Халық әртісі Риймэдийн Самжид Моңғолияға “Еңбек сіңірген өнер қайраткері” атағын алды.
Аймақтық электр желісі Ресейдің Шығыс Сибирь жоғарғы кернеулі электр желісіне қосылды.
Ислам Қабышұлының «Түрік Моңғол халқының тарихы, шығу тегі» туындысы жарық көрді.
Ұлықпан Қаманұлы биология ғылымдарының докторы дәрежесін қорғады.
1997 жылы тұрғын үйлер жекеменшікке берілді.
Моңғолия Президентінің сайлауы жүріліп сайлаушылардың 60,8 пайыз дауысымен Нацагийн Багабанди жеңді.
Баян-Өлгий аймағының халық саны 85,5 мың болатын.
1997 жылы аймақ басшысы қызметін Мейрам Қадырұлы (1996.10-2000.8) атқарып тұрған.
2009 жылы
Дөрбетхан Еркетайұлы Моңғол еліне «Еңбек сіңірген ұстаз», Зейнелхан Мухайысұлы Моңғол еліне «Еңбек сіңірген экономист», Сагсай сұмын тумасы Дөндей Шаштақұлы Моңғол еліне «Еңбек сіңірген малшы», Буянт сұмын тумасы Шалмаагийн Ёлка Моңғол елінің «Мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткер» атанды.
Асай Рәмішұлы медицина ғылымдарының докторы дәрежесін қорғады.
Тау спортының халықаралық спорт шебері Жанарбек Ақбиұлы Еуропадағы Кавказ жоталарының ең биік шыңы Эльбрусты бағындырды.
Моңғолияда H1N1 індеті тарап, 1200 адам ауырып, 28 адам көз жұмды.
Моңғолия Президентінің сайлауы жүріліп сайлаушылардың 51,21 пайыз дауысымен Цахиагийн Элбэгдорж жеңді.
Демократиялық қозғалыстың 20 жылдық мерей тойы аталып өтті.
Оюутолгой кенішін экономикалық айналымға еңгізу туралы келісім жасалды.
Сыбызғы ЮНЕСКО-ның Шұғыл қорғауды қажет ететін материалдық емес мәдени мұралардың тізіміне енген.
2009 жылы Баян-Өлгий аймағының халық саны ең аз өсім көрсетті. 2000 жылы 91 мың 579 адам болса, 2001 жылы 89 мың 948 адам, 2004 жылы 93 мың 732 адам, 2009 жылы 89 мың 270 адамға дейін азайған. Халық санының аз өсуіне көші-қон процессі әсер еткені көрініп тұр. Ал, 2019 жылғы статистикалық мәлімет бойынша халық саны 108 мың 530 адамға жетті.
2009 жылы аймақ басшысы қызметін Қабыл Сәкейұлы (2007-2012.12) атқарып тұрған.
2021 жылы?