Connect with us

Жаңа есім

Калифорния мемлекеттік унивеситетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ

Published

on

МЕН ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ІСТЕЙМІНТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ

Kaznews.mn ақпараттық порталының кезекті қонағы доктор, профессор Танайұлы Ертай.

Ол, 2009-2010 жылы Орегон штатындағы Портленд мемлекеттік университетін бакалавр, 2010-2012 жылы магистр дәрежесімен бітірген. Охио штатындағы Кент мемлекеттік университетінен докторантурада оқып, PhD дәрежесін 2016 жылы қорғаған.

2017 жылдан бері Фресно қаласындағы Калифорния мемлекеттік унивеситетінде академик профессор болып жұмыс істейді.

Мекенжайы: АҚШ Калифорния штаты, Фресно қаласы

Қызметі:  Калифорния мемлекеттік университетінің Операциялық талдау, математикалық үлгілеу профессоры

Қолданатын ұялы телефоны: OnePlus
Пайдаланатын компьютері:  MacBook Pro, Surface Book

Әлеуметтік парақшалары: Twitter @ertaytanay

АҚШ-ҚА ҚАЛАЙ БАРДЫҢЫЗ?

2003-2005 жылдары Ұланбатыр қаласында Моңғолия ұлттық университетінде қаржы маманы бойынша оқып, Үндістан үкіметінің гранты бойынша 2005 жылы жазда Пуне қаласына аттандым. 2005-2008 жылғы оқу жылдарында Үндістанның Пуне университетінен білім алып, оны қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдадым. Сонымен елге оралып, 2009 жылы ақпан айына дейін Ұланбатыр қаласындағы Капитал банкте Financial Risk analyst мамандығы бойынша қызмет атқардым. Бұл менің алғашқы жұмыс орным болды.

2009 жылы АҚШ-қа магистрантураға аттандым.  Бір қызығы сол,  магистрантура оқуын тура бастай алмадым. Өйткені менің Үндістанда бітірген бакалавр деңгейдегі дипломым 3 жылдық болып саналады екен. Ал магистрлік шарты бойынша 4 жылдық жоғары оқу орнын бітірген болуым керек. Сондықтан АҚШ –та тағы бакалавриатта оқи бастадым. Бірақ Пуне және Моңғолия ұлттық университетінде алған сабақ кредиттерді көрсетіп, құжаттар өткіздім. Мұнда бір жыл білім алып, 2009-2010 жылы әлеуметтік ғылымдары (social science) мамандығы бойынша бакалавр бітірдім. Содан кейін магистрді 2010-2012 жылдары экономика саласы бойынша тәмамдап, ары қарай PhD доктор дәрежесін алу үшін 2012-2016 аралығында білімім мен біліктілігімді шыңдадым. Жалпы алғанда,  PhD доктор дәрежесін алғанға дейін 13 жыл жоғары білім жолында тер төктім десем болады.

СІЗДІҢ МАМАНДЫҒЫҢЫЗДЫҢ ЕРКЕШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

«Білім инемен құдық қазғандай» дегендей мамандығым білім жолы болғандықтан көп уақытым студеттерге оқитын дәрістерге дайындалу мен зерттеу жұмыстарын жүргізумен өтеді. Қазіргі бүкіл дүние тез өзгеретін жаһандану заманында бизнес пен өркениет әлемінде не болып жатқанын жіті бақылап, біліп отыру керек. Соған орай білім саласында ашылған жаңалықтар мен әдістемелік тәсілдер, жұмыста қолданылатын жаңа компьютерлік бағдарламаларды қарастырып, оқулық кітап және материалдарды өзгертіп отыруымыз қажет. Одан тыс соңғы академиялық мақалаларды оқып, білім жүйесінде не болып, қалай өзгеріп жатқанын бақылап, зерттеу жұмыстарын да соған қарай сәйкестіріп жұмыстау керек. АҚШ көп салалардағыдай академиялық білім беру саласында да алда келе жатқан елдердің бірі. Сондықтан осы елге дүниежүзінен білімді адамдар көп келіп, көптеген ғылыми жиналыс, конференциялар өткізіп отырады. Мен де жылына 2-3 рет осындай конференцияларға барып қатысып тұрамын.

ҚАРАПАЙЫМ ОҚЫРМАНДАРҒА ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ТАЛДАУ, МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕУ ПРОФЕССОРЫ ДЕГЕН ДӘРЕЖЕҢІЗДІ ТҮСІНДІРІП БЕРСЕҢІЗ? ОНЫҢ БИЗНЕСТІ ЖҮРГІЗУДЕ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Негізгі тақырыбым – қандай бір өнімнің дизайн және өндіріс процессінен бастап тұтынушыға дейінгі жолындағы барлық үдеріс және өндіріс кезеңдеріндегі шығысты азайтып, тиімділікті (efficiency) көбейту.  Яғни, қысқаша айтсақ, тұтынушыға өнімді ең арзан, бірақ сапалы түрде жеткізіп,  қамтамасыз ету жолдарын іздестіру. Сол нәтижеге жету үшін математикалық және дата аналитикалық моделдерді шығарып, оны қолдану болып саналады.

Қазіргі еркін нарықтық экономикада әлемдік бәсекелестікке түсетін компанияларлар үшін оның маңызы өте зор.

Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Көп уақытымды  университетте өткіземін. Дәріс оқу, сабақ үйрету, студенттермен бірге зерттеу жұмысын жүргізу деген сияқты. Оның сыртында университетте әртүрлі жұмыстар атқаратын комиссиялар болады. Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Қазір GitHub-ты көп қолданамын. Сонымен қатар мамандығым бойынша бір салада жұмыс атқаратын, бірақ басқа жоғары оқу орындарында  дәріс беретін адамдармен  Slack арқылы әлеуметтік желідегі топтар сияқты байланыс жасаймын.

ЖҰМЫС КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Мен келер аптада істейтін жұмыстарды алдымен ойланып, тізімін жасап алған дұрыс деп ойлаймын. Ертеңгі күні сол тізім арқылы жасалған  жоспар бойынша жұмыс атқарсаңыз, еңбегіңіз өнімді болмақ. Егер жоспарыңыз сәтті жүзеге асса, жұмысыңызды аяқтаған соң ләззатқа бөленесіз.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Онлайн күнтізбе мен қабырғаға жапсырып қоятын қағаздарды қолданамын.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Университет келешек мамандық жетілдіретін орта болғандықтан оның маңызы зор. Студенттерге дәріс беру әдістемесін жетілдіру үшін көп тер төгу қажет. Соңғы кезде жаңалық болып еніп жатқан бизнестік амал-тәсілдерді үнемі қадағалап, сол арқылы зерттеу тәсілдері мен оқу мазмұнын үнемі өзгертіп отырған жөн. Сондықтан да бұрыңғы оқу жүйесіне қарағанда қазіргі кездің жоғары оқу орындары динамикалық серпінді өзгеріс жасап келеді. Соған ілесу үшін үнемі өзгерісте болу жағымен ерекшелікте деп ойлаймын.

Оқу, білім арқылы адам өзін-өзі үнемі дамытып отыратындықтан жұмысымның кері әсері жоқ. Бірақ жасаған жұмыс, істеген әрекеттеріңнің жемісін ұзақ уақыттан кейін сезінесің. Мысалы бір академиялық мақала жазғанға 1-2 жыл уақыт алады. Оны академиялық журналдарға жіберген соң олар тексеріп көру үшін 1 жылдан астам уақыт кетеді. Яғни бір мақала ең аз дегенде 2 жылда баспаға әрен шығады.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ? ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Ештеңе. Бірақ білмеген және үйренгім келген нәрсені жүйелі түрде тез арада үйреніп, атқаруға ебім бар.

Қазіргі жағдайда ложистика /тасымал/ және тұтынушы сұранысын қамтамасыз ету саласына зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Дәлірек айтқанда, тұтынушы кері қайтарған тауарларды ең қысқа мерзімде аз шығынмен қалай реттеу жөнінде математикалық модельдер жасап жатырмын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Мамандығыма қатысты кітаптар мен мақаларды көп қараймын. Соңғы уақытта жақында ғана экономика саласында Нобель сыйлығына ие болған үш ғалымның еңбектерін оқып жүрмін.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Көбінесе ашықпын деп ойлаймын.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Шамамен 7 сағат ұйықтауға тырысамын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Көп музыка тыңдамаймын. Бірақ әредік жұмыс барысында баяу классикалық әуендерді тыңдауды ұнатамын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Жұмыстан тыс уақытта таза ауада жүргенді жақсы көремін. Сондықтан дәл осы жерде боламын деп айта алмаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Мен үшін ең бастысы және маңыздысы  – анамның тілек, дұғалары. Ата-ананың баласына жасаған бата, дұғалары қабыл болады дегендей қиын сәттерден жақсылықпен оңай өткен жағдайларды олардың демеулері деп түсінемін.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Құдайға шүкір, тосын оқиғалар болған жоқ. Алайда қолыңда бардың қадірін білген жөн.

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК? ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Кейде кежегеңіз тартып тұрса да, үнемі талаптану керек. Негізі көп жетістікке жеткен білімді адамдар мен кәсіпкерлердің барлығының сәтті сәттерінен гөрі сәтсіздіктері көп болған. Көпшілігіміз сияқты бірнеше құлаған соң түсіп бере салмаған. Қайта тәуекел етіп, талаптана берген. Сол үшін қарап жатпай, әркез әрекетте болу қажет.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Rio Tinto компаниясында менеджер болып жұмыстайтын Жеңісұлы Бауыржанды ұсыныс етемін.

Жаңа есім

М.Ибрай: Жаңа тұрғын үйлердің зерттеу, санағын жасадық

Published

on

Құрылысты дамыту орталығы директорының орынбасары М.Ибрай: Жаңа тұрғын үйлердің зерттеу, санағын жасадық.

-Құрылысты дамыту орталығы, “Барилга.мн” сайтымен бірлесіп жаңадан пайдаға берілген тұрғын үйлердің санағы мен зерттеуін жасады. Осы зерттеудің маңызы мен мақсаты туралы ақпарат берсеңіз?

-Улаанбаатар қаласындағы ғана емес еліміз көлеміндегі тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлерге сұраныс пен ұсынысты анықтау, тұрғын үйлердің бағасын зерттеу, сондай-ақ, пандемия құрылыс саласына және шаруашылық бірліктерге қалай әсер етіп жатқандығын айқындау, кәсіпкерлерге кездесіп отырған мәселелерді шешу мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында зерттеу жасадық. Жаңадан пайдаға берілген тұрғын үйлер санағын 2021 жылдың үшінші мезгілінде аяқтап, “Тұрғын үйлер ақпарат қорын” әзірлеудеміз.

-Биыл Улаанбаатар қаласында қанша тұрғын үй пайдаға берілді?

-Улаанбаатар қаласы көлемінде салынып жатқан жаңа тұрғын үйдің 240 жобасы, жеке тұрғын үйдің 118 жобасы, яғни, барлығы 358 жоба атқарылуда. Бүгінгі жағдаймен осы жылы 13560 ауылдық тұрғын үй, 1997 жеке тұрғын үй пайдаға берілді.

-Зерттеуге қамтылған тұрғын үйлердің шаршы метрінің орташа бағасы қандай?

-Біз жаңа тұрғын үйлердің баға санаттарын салыстыра отырып сауалнама жүргіздік. Улаанбаатар қаласында стандарт тұрғын үйлердің шаршы метрінің орташа бағасы 2.1 млн төгрөг, орта деңгейдегі тұрғын үй 2.6 млн төгрөг, бизнес санаттағы тұрғын үй 4,2 млн төгрөг, сәнді тұрғын үйлердің орташа бағасының шаршы метрі 5.5 млн төгрөгке дейін жетеді. Орналасқан өңірі, құрылыс сапасы, сыртқы безендіруіне байланысты жаңа тұрғын үйлердің бағасы әр-түрлі.

-Жұқпалы індеттің әсеріне байланысты құрылыс компанияларына қандай мәселелер кездесуде? Сонымен қатар, құрылыс компанияларын қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарудасыздар?

-Жұқпалы індет Моңғол еліне ғана емес дүниежүзіне әр түрлі әсерін тигізуде. Елімізде құрылыс материалдарының бағасы 10-90% өсті, жұмысшылар азайды, компаниялардың айналым қаражаты таусылды, құрылыс материалдарының тапшылығы, шекара, кеден мәселелері, транспорттың бағасы қосылғаны сынды көптеген мәселелер кездесіп жатыр. Моңғол елі Үкіметінің іске асырып жатқан Экономиканы құтқару 10 трлн төгрөг кешендік жоспар аясында 3 трлн төгрөгтік қаржыландыру құрылыс саласын қолдауға жұмсалуда. Бұл тұрғыда құрылыс компанияларының сатылымын қолдау мақсатында ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесі 6 пайызға дейін төмендетіліп, ипотекалық қаржыландыру көлемі ұлғайтылды. Қазіргі уақытта сатылған барлық пәтерлердің 70% ипотекалық несие арқылы сатылған. Жаңа тұрғын үйлердің зерттеуін жасаудағы тағы бір мақсатымыз жылында қанша қаржы ипотекалық несиеге қажет екендігі, жылында қанша тұрғын үй жаңадан пайдаға беріліп жатқандығы, және ол үйлердің қаншасы ипотекалық несие арқылы сатылып жатқандығын зерттеу болып табылады.

-Тұрғын үйлердің салынуы мен сыртқы безендірулері туралы зерттеу жасалды ма?

-Құрылыстың қасбеті (фасад), сыртқы безендіруі бойынша зерттеулер де жасалды. Пайдаға берілген барлық жобаның 55% толығымен бетоннан жасалған, 40% темірбетон қаңқасымен құрастырылып жасалған болса қалған 4% кірпішпен қаланып салынған.

Қасбетке келетін болсақ, 54% полистирол көбік фасад, 25% темір метал, 10% тас, 3% әйнекті фасадпен салынған. Жобалардың 93% сыртқы алаңына мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жол салған.

Құрылыс туралы заңда барлық алаңның 30 пайызына сыртқы безендіру жұмыстары жасалады деп көрстеліген. Олай болса зерттеуге қамтылған барлық жобаның 91 пайызы 30 пайызға дейінгі алаңына безендіру жасаған болса, 30 пайыздан көп алаңға безендіру, көгалдандыру жасап, қауіпсіздікті қамтамасыз еткен тұрғын үй қалашықтары барлық жобаның 9 пайызын ғана құрайды.

Қорыта айтар болсам, соңғы жылдары құрылыс саласы озық технологияларды енгізіп, әлемдік стандарттарға сай келетін сапалы ғимараттар мен тұрғын үйлер салып қарқынды дамып келе жатқаны мақтауға тұрарлық.

Continue Reading

Жаңа есім

Ризабек Жазидолдаұлы: ҚарЛаг қасіреті

Published

on

31 мамыр, KAZNEWS. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасында өтетін онлайн-байқауға суретші Ризабек Жазидолдаұлы қатысып жатыр.

Ризабек Жазидолдаұлы @rizabek.jazidolda, суретші, 1979 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Көптеген халықаралық көрмелерге қатысқан.


Суретші туындысын «ҚарЛаг қасіреті» деп атаған. Суретті сызу үшін тарихты зерттеп көрген. ҚарЛаг тарихы жетпіс жыл билік құрған кеңестік биліктің зор­лықшыл саясатының қасіретті куәсі және қуғын-сүргін саясаты жүрілген кезде олардың арасында балалар да жапа шеккенін көруге болатынын айтады.

ҚарЛаг қасіреті

Қабырғадағы күннің жарығы түбінде бір қазаққа жарық күннің нұры келеді дегенді білдіреді. Әппақ көгершіндер осында болған адамдарды еске алуға келгендерді, қуыршақтар қамауда балалардың болғанын, олардың «бізді де ала кет» деп тұрғанын байқауға болады. Қағаздан жасалған құстар қамауда болған адамдарды бейнелейді. Ал сол құстардың көлеңкесі арқылы қамаудағы адамдардың тағдыры құс болып ұшқанын көрсеткен.

Туындыдан Сталиннің жоғарыдағы суреті қылышынан қан тамған заманындағы бейнесі мен жерге қарай құлап жатқан Ленинмен Сталиннің суретін байқауға болады. Олардың өздері де, заманы да құрдымға кеткенін көрсетуге тырысқан.

Суреттің жоғыры жағынан «Бізді ұмытпа» деп қанмен жазылған жазуды көруге болады.

Ал, орындық пен гүлдер қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне арналады.

Continue Reading

Жаңа есім

Стюардесса Гүлденген

Published

on

28 мамыр, Казньюс ақпарат агенттігі. Көкте қалықтаған МИАТ ұшағы. Бортта әрі-берген жүрген сұңғақ бойлы, жылы шырайлы аспан арулары. Оларға қызыға қарап отырған жолаушылар. Сол аспан арулары арасында Гүлденген есімді бортсерік көзімізге жылы ұшырап, оның сөзі құлағымызға жайлы тиді.

Казньюс ақпарат агенттігінің кезекті қонағы әлемдегі мәртебелі мамандықтың иесі – МИАТ әуе компаниясының бортсерігі Гүлденген Нұрланқызы стюардесса қызметінің қыр-сыры жайлы  айтып берді. 

Өзі жайлы және мамандық таңдау туралы


Гүлденген Нұрланқызы – отандық МИАТ әуе компаниясының бортсерігі болып жұмыс істеп жүргеніне біраз жыл болған.

Ол Баян-Өлгий аймағында туғанымен балалық шағын Дархан аймағының Шарынгол ауданында өткізген. Шарынгол ауданының жалпы білім беретін мектебін тәмамдап, Моңғолия Ұлттық Университетін Ағылшын және американтану мамандығы бойынша бітірген.

«Бала күнімде стюардесса болуды армандайтынмын. 4 курс студенті жүрген кезімде МИАТ әуе компаниясының бортсерігі атануға мүмкіндік туды. Бір ұстазым МИАТ әуе компаниясы бортсерік қызметкерлерін сыналтады. Бағыңды сынап көрсеңші деп ұсыныс етті. Ұстазымның айтқаны бойынша сынақ тапсырып, аталмыш компанияның бортсерігі атандым.» – дейді Гүлденген.

Алғашқы рейсіңіз есіңізде ме?

Иә, бұл мен үшін әлі күнге дейін есімнен кетпейтін таңғажайып оқиға болды. 2012 жылы мамырдың 14 күні Улаанбаатар – Сеул – Улаанбаатар бағытындағы рейсте алғаш рет бортсерік болып қызмет еттім. Шынымды айтсам басында қатты қобалжыдым. Бірақ бәрі сәтті болды.

Қай бағыт сізге көбірек ұнайды? Неге?

Маған барлық рейстер ұнайды. Бірақ оның ішінде көптеген естеліктер қалдырғандықтан болар Берлин бағыты бойынша ұшу көбірек ұнайды. 

Студент кезімде шетел асып, дамыған елдерге баруды ойламаған кез еді. Мүлдем басқа әлем мен басқа мәдениетті көрдім.

Сонымен қатар, шоппинг жасауға ыңғайлы. 🙂

Гүлденген кейбір айларда 100 сағатын әуеде өткізгенін айтады. Бұл шамамен 10-16 рейс.

Бір ұшақта қанша бортсеріктері жұмыстайды? Неше жасқа дейін стюардесса болып жұмыс істеуге болады?

Компаниямызда Boeing-737, Boeing-767 деген екі лайнерде барлығы 14 бортсерік қызмет көрсетеді. Жас шектеуі жоқ. Қаласа 55 жасқа дейін ұшуға болады.

Kомпания туралы мәліметті www.miat.com сайтынан алуға болады.

Жолаушылардың ең жиі қоятын сұрақтары?

Көптеген сұрақтар қояды. Қанша жылдамдықпен ұшып барады? Құлақ неге бітеледі, не істеймін? Қонатын таяды ма?

Жолаушылардан естігін ең жақсы сөзіңіз?

Ұшақтан түсетін кезде жолаушылардың жүзіне күлкі үйіріліп, жылы тілектерін жолдайды.

Алғашқы рейсімде бір жолаушы «Сіз жаңа бортсерік боларсыз. Жұмысыңызға жақсы баға бердім. Ісіңіз ілгері болсын.» -деп кішкентай қағазға жазып қолыма ұстатты. Бұл қағазды әлі күнге сақтап келемін. Әрине, жаңа бортсерік үшін үлкен ылтипат болды деп ойлаймын.

Бортсеріктер қанша шетел тілін білу керек?

Жұмысқа қабылданған кезде ағылшын тілін белгілі деңгейде білуді талап етеді. Өзім ағылшын, орыс тілінде еркін сөйлеумен қатар тағы бір тілді үйреніп жатырмын.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Оң және кері әсерлері?

Ұшқыштың міндеті ұшақты бір елден екінші елге аман-есен жеткізіп, қондыру болса, бортсеріктердің міндеті жолаушылардың қауіпсіздігі.

Бортсеріктердің жұмысын оңай деп айта алмаймын. Мықты әріптестерімнің ортасында болғандықтан барлық қиындықтары бірге еңсереміз. Кері әсерлерінен жақсы әсерлері мол деуге болады.

Бортсерік – ол апатты жағдайда эвакуация жасайтын құтқарушы, тілсіз жауды ауыздықтайтын өрт сөндіруші, адамдармен тіл табыса алатын психолог, қажет болса, денсаулығы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер ретінде елестетуге болады. 

Сізді жұмыстан тыс уақытта қайдан табуға болады?

Жұмыс көп, бос уақыт аз болады. Жұмыстан тыс уақытта көптеген шаруаларға үлгеруді ойлаймын. Отбасы, достарымның қасында боламын.

Кімнен, неден күш қуат аласыз?

Отбасымнан, достарымнан және әріптестерімнен аламын.

Түсіңізге ұшақ кіре ма?

Алғаш ұша бастаған кезімде түсіме жиі кіретін. 🙂

Өзіңізді қаншалықты дамытасыз? Стюардесса болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

Мүмкіндігімше заман ағымына сай өмір сүруді қалаймын. Алға қойған мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ету керек деп ойлаймын. Еңбектенсе бағынбайтын белес болмайды дегенге сенемін. Бортсеріктеріне қойылатын басты талаптардың бірі – денсаулық. Сондықтан басынан спортпен шұғылданып, денсаулыққа аса мән беру керек деп кеңес беремін.

Оқырмандарға айтар тілегіңіз?

Дүниежүзі бойынша қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатырмыз. «Денсаулық – зор байлық» – дейді дана халқымыз. Барлығыңызға тек зор денсаулық тілеймін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Дәуренгүл Ғалымбекқызы – Шетелде білім алу және халықаралық ұйымдарда қызмет атқару жайында

Published

on

22 сәуір, Kaznews. Университет табалдырығын 15 жасында аттап, 19 жасында шетелдік жоғарғы оқу орындарына магистрантураға түскен Дәуренгүл Ғалымбекқызы жайлы білеміз бе?

Дәуренгүл Ғалымбекқызы, туған жылы 1982, туған жері – Моңғолия Хэнтий аймағы. Хэнтий аймағының жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі. Ауыл шаруашылық университетін Агро-экономика мамандығы мен Моңғолия Ұлттық университетін Заңгер мамандығымен тәмамдаған. Германияның Фрайсинг қаласында орналасқан Вайнштефан Университетінен Іскерлік басқару магистрі (МВА) дәрежесін алған. JICA, UNDP, UNFPA, USAID және The Asia Foundation халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған.

«Мариса Киндер» компаниясының директоры. @daurengul

Өзі және отбасы туралы

Менің руым Жантекей-Базарқұл (Елеш сәуегейдің тұқымы) Ғалымбекқызы Дәуренгүл боламын. Нағашы жұртым Молқы(Қошақ). Ата-анам Бұлғынның тумалары. Жұбайым Мұхит Ромұлы. Мамандығы Заңгер, Моңғолияның Конституциялық сот (Конституцияның үстінен қарауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган), Басқару академиясында қызмет атқарады.

Мамандық таңдау жөнінде

Ата-анам ауылшаруашылығы саласында бизнес жасайтын. Ата-анамның нұсқауы бойынша Ауылшаруашылық университетіне түстім. Сонымен қатар Моңғолия Ұлттық университетінен Заңгер мамандығын оқып әке аманатын орындап ойдағыдай тәмамдадым.

Әкеміз менi бірінші курске келген жылы дүниеден өтіп, отбасымыздың жағдайына ауыртпашылық түсті. 0-15 жасар алты баланы тәрбиелеп бағу міндет анамызға жүктелді. Мен үйдің үлкені болғандықтан жақсы оқуым керек екенін түсініп, бірнеше шетелдік оқу гранттарына сынақ тапсырдым.

Шетелге оқу гранттары жөнінде

1998 жылы Венгрия мен Жапония тарапынан жариялаған екі грантқа сынақ тапсырдым. Жеңіп алдым. Бірақ ай сайынғы шығындар 100 пайыз грант есебінен төленбейтін болған соң одан бас тарттым.

2000 жылы Ауыл шаруашылық университетіміз Германия Федератив Республикасының Бавария елімен ауыл шаруашылық жөнінде ынтымақтастық жасаcып, алғашқы жылы 20 студентке неміс тілі үйретілетін болды. Әр факультеттен оқу үлгерімі жақсы бес бала таңдалып алынған кезде бағым жанып солардың қатарында болдым. Бакалавр алған студенттер шетелге магистрге түсуге болады деген соң диплом жазып, оны қорғап 2001 жылы, 3 жыл жарым мерзімде Ауыл шаруашылық университетті бітірдім.

19 жасқа жетер жетпестен Германияның жоғарғы оқу орынына оқуды бастадым.

Германияда оқыған кездегі виза, баспана, ай сайынғы шығындар туралы

Бәрі грант есебінен төленді. Бавария Үкiметi 100 пайыз грантын 10 ай бердi. Сонан DAAD халықаралық ұйымының стипендиясын 12 ай бойы алдым. Стипендия алу үшін біраз сынақ тапсырдым. Және оқу бітірген соң 6 ай бойы айлық алып университетке келесі келген Моңғолия студенттеріне Ассистент мұғалім болып қызмет атқардым.

«Алма піс аузыма түс» демей үнемі іздену үстінде, кәсіби тұрғыда жетілу жолында еңбектендім деп айтуға болады.

40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. 

Неміс халқынан үйренген үлгі-өнеге, олардың пайдасы

Сағат ұстауды, күнделік шаруаны пландауды және жауапкершілікті үйрендім. 40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. Олар әр шаруасын секундге бөліп жоспарлайды. Ғажап. 🙂 Өміріме көптеген пайдасын әкелді деуге болады.

Жұмысқа орналасуы жайында

Елге оралған соң тек тіл білудің пайдасы мамандығымнан кем түспейтіндей менің еңсемді көтерді. Артқы есікпен, тамыр таныспен жұмысқа тұратын кезде маған жұмыс орын өзі табылып тұрды.

Алғаш Ауылшаруашылық университеттен жұмыс орын берді. Бірақ айлығы аз. Бес бауырымның оқуына көмектесуім керек. Сондықтан үкіметтік емес айлығы жоғары ұйымдарға анкета толтырып бергенімде JICA Халықаралық ұйымы жұмысқа қабылдады. Мұнда фермер құру және малдың өнімін арттыру мақсатындағы екі жобада жұмыстадым.

Кейін UNDP, UNFPA, USAID, The Asia Foundation, MSF сияқты халықаралық ұйымдарда гуманитарлық (жастарды дамыту, жендер, лидершип), медицина (туберкулез), білім (civil education, ecological education), заң (коррупция), экономика (банк) саласында қызмет атқардым.

Қазіргі қызметі

2004 жылдан бері Ауылшаруашылық университетінің студенттеріне неміс тілін үйретуді бастадық. Бұл жұмыстың мақсаты өзімнің магистр бітірген Вайнштефан Университетіне студенттерді магистр оқуына жіберу. Жыл сайын 20 студентті дайындаймыз. Олардан 5-і магистр, 15-і практика істеуге барады.

Қазір пандемияға байланысты қызметіміз онлайн режимде жүрілуде. Балалардың біліміне үлес қосу үшін 2019 жылдан еуропа стандарты бойынша «Мариса» деп аталатын оқу орталығын, неміс тілін үйрететін «Шатц Шпрахцентрум» орталығын жұмыстатып келеміз.

Партнерім бар. Ол Ph.D Б.Нямгэрэл ханым. Ынтымақтастығымыз 17 жылға жалғасып келеді.

Адамға білім беру дегенің ерекше ақ жолды жұмыс деп ойлаймын.

Жастарға берер кеңесі

Бұл сәтте Абай атамыз «Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз…» -деп айтып кетті.

Ал, шәкірттерім арасында бірде-бір қазақ студенті жоқ. Оларға айтарым бойды бекер босқа салмаңдар дегім келеді. Уақытты құр өткізбей ізденісте болса, өмірге деген планды кеңінен жасаса мүмкіндіктер толып жатыр.

Жастар шетелде оқуға көп қаражат кетеді деп ойлайтын шығар. Бірақ Германияда оқу ақылы емес мысалы. Ағылшын тілінен өзге неміс тілінде үйренсе деген тілегім бар.

Визамен еуропаның 37 еліне баруға болса, неміс тілімен жоқ дегенде 9 елде сөйлеуге болады.

Қазақылықты сақтаған

Ата-анам ресейде білім алған. Қазағы аз өлкеде туып өссек те үйде тек ғана қазақша сөйлеуімізді талап ететін. Өзге тілде сөйлесек штраф алатынбыз. Анамыз үнемі қазақша кітап оқып, жазу үйрететін. Қазақтың ұлы сөзі “Еңкейгенге еңкей, Атаңның қара құлы емес. Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес.” – дегенді тек ғана кішпейілдік сыйластық емес “өзіңді өзің бағалай біл” деген мағынада түсінемін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Басты назарда