Connect with us

Жаңа есім

Кәдірбек Сайлауұлы: Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткіземіз

Published

on

МЕН ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ІСТЕЙМІН – “EMPASOFT” КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ КӘДІРБЕК САЙЛАУҰЛЫ.

Соңғы жылдары сандық жүйеге көшу туралы көп айтылып, көптеген әрекеттер жасалып жатыр. Жаңа технологияны тиімді пайдалана алмаған кәсіп уақыт көшінен қалып жатқандықтан отандық компаниялар жедел ақпараттық технологияның соңғы жетістіктерін пайдаланып, ісін ілгері бастыруда.

Сол компаниялардың басты серіктестерінің бірі өз саласынан ойып орын алған – «Empasoft». Біз осы компанияның негізін қалаушы Кәдірбек Сайлауұлымен сұхбаттасып, қандай тәсіл және  философиямен компаниясын басқаратынын қызықтадық. Ол Түркияда ақпараттық технология мамандығын игеріп келген соң жеке компания құрып, “Empasoft Academy” арқылы бүгінге дейін осы саланың 5000-дай инженерін дайындады. Бұл академияны бітірген инженерлер әлемдік жоғары технологиялық компанияларда жұмыстап, еліміз іскерлік саласының әрбір тармағында біліктілілігін жұмсап, биік нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Мекенжайы: Моңғолия, Ұланбатыр қаласы

Қызметі: “Empasoft” компаниясының негізін қалаушы
Қолданатын ұялы телефоны: Samsung 10
Пайдаланатын компьютері: Surface Pro
Әлеуметтік парақшалары: Kadirbek Sailau (LinkedIn), Kadirbek Sailau (Facebook)

АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ КОМПАНИЯСЫН ҚАЛАЙ ҚҰРДЫҢЫЗ?

Ақпараттық технология (IT) күн сайн өзгеріп, дамып отыратындықтан біздің жұмысымыз соған сәйкес динамикалық қозғалыста болады деп айтуға болады. Шағын адаммен өнімді еңбек етуді мақсат тұтып, 13 жыл ішінде осы салаға айтарлықтай үлес қостым деп айта аламын.

Мен Түркияның Анкара қаласында ақпараттық технологиялар бағытындағы жоғары оқу орнын бітіріп келген соң осы бағытта білім беретін институттар мен университеттердің оқу сапасы нашар болумен қатар арнайы білім беретін оқытулар аз екенін байқадым. Сол кездері жастар көбінесе Үндістанға оқуға барып, біліктілігін жетілдіріп келетін. Сондықтан Түркияда бірге оқыған досыммен бірлесіп, 2006 жылы ақпараттық технологиялар оқыту орталығын ашып, компанияны “Empasoft” деп атадым. Соның нәтижесінде бүгінге дейін мемлекеттік сертификатпен 5000-дай инженер әзірлеп, “Empasoft Academy” деңгейіне жеткіздік.

Біз оқытуларды ұйымдастырумен қатар мемлекеттік мекемелерге IT  кеңес беру қызметін ұсынамыз, дижитал трансформациялау, ақпараттық технология және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін шешіп беріп, бұлттық есептеу (Cloud computing) технологиясын енгізудеміз. Сондай-ақ әлемге танымал бағдарламалармен қамтамасыз етуші 20 компаниямен бірлесіп, өнімдерін таратып жұмыстаудамыз.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ТӘСІЛІҢІЗ ҚАНДАЙ? ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Адамды басқару дегеніміз оны қалай бағалайтыныңызға тікелей қатысты ұғым. Дұрыс бағалай білсеңіз, адам жұмысынан күш қуат, ләззат алатындықтан құрметтеу мен сыйлата білуді маңызды санаймын. Адамдармен жылы, дұрыс қатынас жасауға тырысамын. Оларды тыңдап, түсініп, орнына өзіңді қойып, кемшілігінен гөрі артықшылығына назар аударып жұмыстаған жөн деп көремін. Тәжірбиеге қарағанда осындай тәсілмен жұмыс жүргізе берсе, біраздан кейін адамның осал тұсы да байқалмай қалады.

Компания талаптарына сай келіп, біздің құрамға енген болса, ол адам жұмыстай алмайды деген болмайды. Керісінше, оны пайдалана алмауымыз мүмкін. Ол мәселе мен және менің жұмысшыларыммен тез тіл табысып кетуіне байланысты.

Қандай бір жағдайда кез келген мәселені көп жағынан қарастырып, көп адамды қамти отырып, шешімін тапқан дұрыс. Мен көптеген жыл кәсіпкерлікпен айналысып, жұмысымды бір жолға қойдым дегенмен көпшілікпен санасып, «Сен оның орнында болса, қалай шешер едің?» деп өзіме сауал қойып, ақылдасып шешім қабылдауға ұмтыламын.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН, ПАЙДАЛАНУҒА ҚҰШТАР ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Біз “Microsoft”-тың бұлттық технологияларының кешенді бағдарламаларын пайдаланамыз. Үлкен дата (Big data) өндіріліп жатқан қазіргі заманда кез келген компания ақпараттарын жоғалтып алу қауіпі бар болғандықтан “Microsoft Office 365” бағдарламасын қолданамыз. Сондай-ақ Microsoft Teams, Power BI, Outlook– терді де қажетке жаратамыз. Одан басқа What3words, Shazam, Telegram, Skyscanner қатарлы аппликейшндер тұрақты қолданысымда бар.

“Мен кеңсеге тақта орнатып, оған  жазып, сызғанды ұнатамын. Жазғаныңа қарасаң, бәрі де өз-өз орнында тұрады.”

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Уақыт үнемдеу және босқа уақыт өткізу деген бар. Мен отбасыма арналған сағатымды қысқартқанды қаламаймын. Керісінше жұмыста аз уақытта өнімді еңбек ету уақыт үнемдеудің жақсы бір тәсілі деп ойлаймын. Кейбір адамдар көп уақыт рәсуа ететін жұмысты басқа бір адам қысқа мерзімде атқара алатындықтан әр қырлы адамдардан құралған команда нәтижелі еңбек істеп, әрқайсысының уақытын үнемдеуге көмектеседі.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Белгілеу дәптерін қозғалтып көрмеппін. Бізге жаңа келген адамдар алғашында белгілеуін пайдаланғанмен кейін дижитал амалға көшеді. Мен жұмыс тізімін жасауда “Microsoft”-тың “To Do” бағдарламаларын көп қолданамын. One Note та жақсы қажетіңе жарайды.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Ақпараттық технология компаниясына адамдарға жаңа технологияны түсіндіріп, үнемі қолдануға дағдыландыру үлкен қиындық туғызады. Автокөлік сатушыға  өнімі жайлы жалпылама мәліметі жеткілікті болса,  бізге жаңа бағдарламаны енгізу үшін  тұтынушы компанияда жұмыстайтын барлық адамның мағлұматын  бір деңгейге жеткізіп, күнделікті кедергісіз пайдалана алатындай етіп, жақсы ұғындыру қажет. Бұл жағынан уақыт көп қажет ететін бизнес деп те атауға болады. Көп уақыт жұмсалған кезең немесе дижитал көшіруден кейін мекеменің жұмыс өнімділігі күрт артады. Әрине, соңғы нәтиже жақсы көңіл-күй сыйлайды. Қатынас жасаушылар мен тұтынушылардың алғысын алу ерекше ынталандырады.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Өзімді басқаларды жақсы тыңдай білемін деп ойлаймын. Адамдарды тыңдау, олармен санасу көптеген ақпаратты қабылдап, одан жақсы қорытынды шығару деген сөз. Бұл дүниеде басқалардан алуға болатын идея мен тәжірибе жетерлік.

Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткізу үшін жұмыстаудамыз.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткізу үшін жұмыстаудамыз. Осы мақсатта кабинеттік оқытумен қатар онлайн жүйеге көшіп, жаңа платформаны дамытып, контент дайындау үстіндеміз. Бұл платформаны осы айдың аяғында әлеуметке таныстыруды жоспарлап отырмыз. Ұйым мекемелер үшін сандық трансформациялау дегеніміз тек технологиялық емес, 100 пайыз адамдардың тұтынуы мен білім дәрежесіне байланысты болғандықтан оңайға түспейді. Технология жылдам дамыса да, адамдардың оны игеруі баяу. Сондықтан технологиялық кешенді контентті онлайн жүйесінде тарату азаматтардың технологиялық білімін жетілдірудің ең тиімді тәсілі деп ойлап, бұл жобаны қолға алып отырмыз.

Келешекте бұлттық технологияға баса назар аудармақпыз. Қазіргі кезде кім ақпараттық технологиялық артықшылықтарды қолданысқа енгізеді, сол табысқа жетіп отыр. Басқаша айтсақ, XXI ғасырдағы кез келген кәсіптің келешегі технологияны қалай ұтымды пайдаланып,  сандық трансформациялануына қатысты болады. Мысалы, соңғы уақытта еліміздің тау-кен саласы компаниялары бізге сұраныс жасап, сервис алатын болды.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Бұрын бір рет оқыған Роберт Киосакидің «Бай әке, кедей әке» атты кітабын қайта оқыдым. Балғын жас кезімде оқығандықтан  сол кезде отбасы мен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті  соншалықты түсініп оқымағанымды байқадым. Көп нәрсені ой елегінен өткіздім. Технологиялар дәуірінде тек кітаптан ғана емес, подкаст, вебсайттардан да көп мәлімет алуға болады. Мысалы,  Medium-нан қалаған мақаланы жылдам тауып аласыз.

Теңіздей толағай ақпарат ағыны ортасындағы біздерге ақпаратты орта мида саралап, сүзіп алғанымыз маңызды. Қолға түскен кітапты бас салып оқығаннан гөрі қажетті мәліметті қысқа уақытта тауып, қажетіңізге жаратқаныңыз абзал.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

IT-мен маманданған адамдардың көбісі тұйық келеді. Көпті басқарып, басқалармен қарым-қатынасқа түскен кезде оларда қарым-қатынас кемшіндігі байқалады. Мен соңғы бес жылда осы қабілетті дамыту үшін көп еңбек етіп, кедергілерді бастан кешірдім.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Мен таңғы  5.30-да тұрып, екі сағатты өзіме арнаймын. Соңғы кездері Udemy.com сайтынан ақпараттық технология саласына қатысты қызықты сабақтарды көріп, тапсырмалар орындап жүрмін. Жұмысқа келе салысымен ішкі жұмыстарды реттеп, қажетті құжаттарды бекітіп, түстен кейін іскерлік кездесулер өткізіп, сырттағы жұмыстарды шешуге уақытымды жұмсаймын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Музыкаға көп қызығушылығым жоқ. Өмірімде бірнеше рет қана караокеге барыппын. Музыка тыңдағым келсе, көбінесе жақсы әуендер ойнатып қоямын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Әрине, жұмыстан тыс отбасыма уақыт арнаймын. Жұма күнгі кеште достарыммен бірге тер шығарып, футбол ойнаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Жұмысшыларымыз дүйсенбі сайын таңертең компания кеңсесі қабырғасына адамды ынталандыратын сөздер жазып іліп қояды. Солардың ішінде   “Do your best, forget the rest” деген сөз өте ұнады.  Адам таңертең өзін қуаттандырып, кешке дейін сол қуатын азайтпау керек деп ойлаймын. Осы уақытта жұмыс нәтижесіне баса назар аударғаннан гөрі дәл сол мезетке күшін шоғырландырып, жұмысын тиянақты атқару қажет. Нәтижесі қалай болуы да мүмкін. Ең бастысы өз мүмкіндігіңді толық пайдаланғаныңа сенімді болсаң болғаны.

“Адам аттан жығылуға болады. Бұл барлық адамға кездесетін жағдай. Бірақ сен қайта атқа отыра алатындай жүректі бол!”

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Алты жасымда ат мініп үйрендім. Бір күні қойды еңкейтіп тастап, келе жатыр едім, атым үркіп, аяғым үзеңгіге ілініп қалып, сүйретіліп барып, әрең қалдым. Сол кезде ата-анам қатты абыржып, ары-бері жүгірісіп, өзім де қатты қорықтым. Сонда атам:  “Адам аттан жығылуға болады. Бұл барлық адамға кездесетін жағдай. Бірақ сен қайта атқа отыра алатындай жүректі бол!” – деп, қайта атқа мінгізіп қоя бергені бар.  Осылайша, мен 7 жасымнан бастап, атқа мінетін болып, жақсы сәйгүліктерді бәйгеден оздырып жүрдім. Бұл менің өмірден алған ең үлкен сабағым еді.  Бүгінге дейін жұмысым мен ұстанымымда осыдан танбадым. Сондай-ақ атам ата-анама «балаларың келешегін  ойласаңдар, оған аяушылық білдірмеңдер» дейтіні өте дұрыс деп ойлаймын.

ЖАС МАМАНДАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Әр адамның арманы мен алдына  қойған мақсаты болу керек. Егер таңертең ұйқыдан оянғанда не істейтініңіз анық болмаса, дағдарыс дегеніміз сол. Адам қаншалықты жайлы  ортада өмір сүрсе де, дағдарып қалатын сәттері болады. Сол мезетте мақсатың айқын, не істейтінің түсінікті болуы қажет. Жастар басқалар мен туралы не ойлайды деген ойдан ада «көзсіз батыр» болу керек. Не қалағаныңды істеуге де болады. Алайда қандай бір мәселеге жан-жақты қарап, мүмкіндігінше болатындай амалдар жасауға тырысқан жөн. Жаңаша ойлауға талпынып, қалыптасқан көзқарастан қашық болған дұрыс.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Нест академиясы”, “Info Solution” компаниясы негізін қалаушы Б.Ғабитті ұсынамын. Оны басқаларға үлгі болып, ақпараттық технология саласында  мықты мамандар дайындап, қоғам дамуына  өз үлесін қосып жүрген жас маман деп ойлаймын.

Суреттер: unread.today

Жаңа есім

Ризабек Жазидолдаұлы: ҚарЛаг қасіреті

Published

on

31 мамыр, KAZNEWS. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасында өтетін онлайн-байқауға суретші Ризабек Жазидолдаұлы қатысып жатыр.

Ризабек Жазидолдаұлы @rizabek.jazidolda, суретші, 1979 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Көптеген халықаралық көрмелерге қатысқан.


Суретші туындысын «ҚарЛаг қасіреті» деп атаған. Суретті сызу үшін тарихты зерттеп көрген. ҚарЛаг тарихы жетпіс жыл билік құрған кеңестік биліктің зор­лықшыл саясатының қасіретті куәсі және қуғын-сүргін саясаты жүрілген кезде олардың арасында балалар да жапа шеккенін көруге болатынын айтады.

ҚарЛаг қасіреті

Қабырғадағы күннің жарығы түбінде бір қазаққа жарық күннің нұры келеді дегенді білдіреді. Әппақ көгершіндер осында болған адамдарды еске алуға келгендерді, қуыршақтар қамауда балалардың болғанын, олардың «бізді де ала кет» деп тұрғанын байқауға болады. Қағаздан жасалған құстар қамауда болған адамдарды бейнелейді. Ал сол құстардың көлеңкесі арқылы қамаудағы адамдардың тағдыры құс болып ұшқанын көрсеткен.

Туындыдан Сталиннің жоғарыдағы суреті қылышынан қан тамған заманындағы бейнесі мен жерге қарай құлап жатқан Ленинмен Сталиннің суретін байқауға болады. Олардың өздері де, заманы да құрдымға кеткенін көрсетуге тырысқан.

Суреттің жоғыры жағынан «Бізді ұмытпа» деп қанмен жазылған жазуды көруге болады.

Ал, орындық пен гүлдер қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне арналады.

Continue Reading

Жаңа есім

Стюардесса Гүлденген

Published

on

28 мамыр, Казньюс ақпарат агенттігі. Көкте қалықтаған МИАТ ұшағы. Бортта әрі-берген жүрген сұңғақ бойлы, жылы шырайлы аспан арулары. Оларға қызыға қарап отырған жолаушылар. Сол аспан арулары арасында Гүлденген есімді бортсерік көзімізге жылы ұшырап, оның сөзі құлағымызға жайлы тиді.

Казньюс ақпарат агенттігінің кезекті қонағы әлемдегі мәртебелі мамандықтың иесі – МИАТ әуе компаниясының бортсерігі Гүлденген Нұрланқызы стюардесса қызметінің қыр-сыры жайлы  айтып берді. 

Өзі жайлы және мамандық таңдау туралы


Гүлденген Нұрланқызы – отандық МИАТ әуе компаниясының бортсерігі болып жұмыс істеп жүргеніне біраз жыл болған.

Ол Баян-Өлгий аймағында туғанымен балалық шағын Дархан аймағының Шарынгол ауданында өткізген. Шарынгол ауданының жалпы білім беретін мектебін тәмамдап, Моңғолия Ұлттық Университетін Ағылшын және американтану мамандығы бойынша бітірген.

«Бала күнімде стюардесса болуды армандайтынмын. 4 курс студенті жүрген кезімде МИАТ әуе компаниясының бортсерігі атануға мүмкіндік туды. Бір ұстазым МИАТ әуе компаниясы бортсерік қызметкерлерін сыналтады. Бағыңды сынап көрсеңші деп ұсыныс етті. Ұстазымның айтқаны бойынша сынақ тапсырып, аталмыш компанияның бортсерігі атандым.» – дейді Гүлденген.

Алғашқы рейсіңіз есіңізде ме?

Иә, бұл мен үшін әлі күнге дейін есімнен кетпейтін таңғажайып оқиға болды. 2012 жылы мамырдың 14 күні Улаанбаатар – Сеул – Улаанбаатар бағытындағы рейсте алғаш рет бортсерік болып қызмет еттім. Шынымды айтсам басында қатты қобалжыдым. Бірақ бәрі сәтті болды.

Қай бағыт сізге көбірек ұнайды? Неге?

Маған барлық рейстер ұнайды. Бірақ оның ішінде көптеген естеліктер қалдырғандықтан болар Берлин бағыты бойынша ұшу көбірек ұнайды. 

Студент кезімде шетел асып, дамыған елдерге баруды ойламаған кез еді. Мүлдем басқа әлем мен басқа мәдениетті көрдім.

Сонымен қатар, шоппинг жасауға ыңғайлы. 🙂

Гүлденген кейбір айларда 100 сағатын әуеде өткізгенін айтады. Бұл шамамен 10-16 рейс.

Бір ұшақта қанша бортсеріктері жұмыстайды? Неше жасқа дейін стюардесса болып жұмыс істеуге болады?

Компаниямызда Boeing-737, Boeing-767 деген екі лайнерде барлығы 14 бортсерік қызмет көрсетеді. Жас шектеуі жоқ. Қаласа 55 жасқа дейін ұшуға болады.

Kомпания туралы мәліметті www.miat.com сайтынан алуға болады.

Жолаушылардың ең жиі қоятын сұрақтары?

Көптеген сұрақтар қояды. Қанша жылдамдықпен ұшып барады? Құлақ неге бітеледі, не істеймін? Қонатын таяды ма?

Жолаушылардан естігін ең жақсы сөзіңіз?

Ұшақтан түсетін кезде жолаушылардың жүзіне күлкі үйіріліп, жылы тілектерін жолдайды.

Алғашқы рейсімде бір жолаушы «Сіз жаңа бортсерік боларсыз. Жұмысыңызға жақсы баға бердім. Ісіңіз ілгері болсын.» -деп кішкентай қағазға жазып қолыма ұстатты. Бұл қағазды әлі күнге сақтап келемін. Әрине, жаңа бортсерік үшін үлкен ылтипат болды деп ойлаймын.

Бортсеріктер қанша шетел тілін білу керек?

Жұмысқа қабылданған кезде ағылшын тілін белгілі деңгейде білуді талап етеді. Өзім ағылшын, орыс тілінде еркін сөйлеумен қатар тағы бір тілді үйреніп жатырмын.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Оң және кері әсерлері?

Ұшқыштың міндеті ұшақты бір елден екінші елге аман-есен жеткізіп, қондыру болса, бортсеріктердің міндеті жолаушылардың қауіпсіздігі.

Бортсеріктердің жұмысын оңай деп айта алмаймын. Мықты әріптестерімнің ортасында болғандықтан барлық қиындықтары бірге еңсереміз. Кері әсерлерінен жақсы әсерлері мол деуге болады.

Бортсерік – ол апатты жағдайда эвакуация жасайтын құтқарушы, тілсіз жауды ауыздықтайтын өрт сөндіруші, адамдармен тіл табыса алатын психолог, қажет болса, денсаулығы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер ретінде елестетуге болады. 

Сізді жұмыстан тыс уақытта қайдан табуға болады?

Жұмыс көп, бос уақыт аз болады. Жұмыстан тыс уақытта көптеген шаруаларға үлгеруді ойлаймын. Отбасы, достарымның қасында боламын.

Кімнен, неден күш қуат аласыз?

Отбасымнан, достарымнан және әріптестерімнен аламын.

Түсіңізге ұшақ кіре ма?

Алғаш ұша бастаған кезімде түсіме жиі кіретін. 🙂

Өзіңізді қаншалықты дамытасыз? Стюардесса болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

Мүмкіндігімше заман ағымына сай өмір сүруді қалаймын. Алға қойған мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ету керек деп ойлаймын. Еңбектенсе бағынбайтын белес болмайды дегенге сенемін. Бортсеріктеріне қойылатын басты талаптардың бірі – денсаулық. Сондықтан басынан спортпен шұғылданып, денсаулыққа аса мән беру керек деп кеңес беремін.

Оқырмандарға айтар тілегіңіз?

Дүниежүзі бойынша қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатырмыз. «Денсаулық – зор байлық» – дейді дана халқымыз. Барлығыңызға тек зор денсаулық тілеймін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Дәуренгүл Ғалымбекқызы – Шетелде білім алу және халықаралық ұйымдарда қызмет атқару жайында

Published

on

22 сәуір, Kaznews. Университет табалдырығын 15 жасында аттап, 19 жасында шетелдік жоғарғы оқу орындарына магистрантураға түскен Дәуренгүл Ғалымбекқызы жайлы білеміз бе?

Дәуренгүл Ғалымбекқызы, туған жылы 1982, туған жері – Моңғолия Хэнтий аймағы. Хэнтий аймағының жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі. Ауыл шаруашылық университетін Агро-экономика мамандығы мен Моңғолия Ұлттық университетін Заңгер мамандығымен тәмамдаған. Германияның Фрайсинг қаласында орналасқан Вайнштефан Университетінен Іскерлік басқару магистрі (МВА) дәрежесін алған. JICA, UNDP, UNFPA, USAID және The Asia Foundation халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған.

«Мариса Киндер» компаниясының директоры. @daurengul

Өзі және отбасы туралы

Менің руым Жантекей-Базарқұл (Елеш сәуегейдің тұқымы) Ғалымбекқызы Дәуренгүл боламын. Нағашы жұртым Молқы(Қошақ). Ата-анам Бұлғынның тумалары. Жұбайым Мұхит Ромұлы. Мамандығы Заңгер, Моңғолияның Конституциялық сот (Конституцияның үстінен қарауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган), Басқару академиясында қызмет атқарады.

Мамандық таңдау жөнінде

Ата-анам ауылшаруашылығы саласында бизнес жасайтын. Ата-анамның нұсқауы бойынша Ауылшаруашылық университетіне түстім. Сонымен қатар Моңғолия Ұлттық университетінен Заңгер мамандығын оқып әке аманатын орындап ойдағыдай тәмамдадым.

Әкеміз менi бірінші курске келген жылы дүниеден өтіп, отбасымыздың жағдайына ауыртпашылық түсті. 0-15 жасар алты баланы тәрбиелеп бағу міндет анамызға жүктелді. Мен үйдің үлкені болғандықтан жақсы оқуым керек екенін түсініп, бірнеше шетелдік оқу гранттарына сынақ тапсырдым.

Шетелге оқу гранттары жөнінде

1998 жылы Венгрия мен Жапония тарапынан жариялаған екі грантқа сынақ тапсырдым. Жеңіп алдым. Бірақ ай сайынғы шығындар 100 пайыз грант есебінен төленбейтін болған соң одан бас тарттым.

2000 жылы Ауыл шаруашылық университетіміз Германия Федератив Республикасының Бавария елімен ауыл шаруашылық жөнінде ынтымақтастық жасаcып, алғашқы жылы 20 студентке неміс тілі үйретілетін болды. Әр факультеттен оқу үлгерімі жақсы бес бала таңдалып алынған кезде бағым жанып солардың қатарында болдым. Бакалавр алған студенттер шетелге магистрге түсуге болады деген соң диплом жазып, оны қорғап 2001 жылы, 3 жыл жарым мерзімде Ауыл шаруашылық университетті бітірдім.

19 жасқа жетер жетпестен Германияның жоғарғы оқу орынына оқуды бастадым.

Германияда оқыған кездегі виза, баспана, ай сайынғы шығындар туралы

Бәрі грант есебінен төленді. Бавария Үкiметi 100 пайыз грантын 10 ай бердi. Сонан DAAD халықаралық ұйымының стипендиясын 12 ай бойы алдым. Стипендия алу үшін біраз сынақ тапсырдым. Және оқу бітірген соң 6 ай бойы айлық алып университетке келесі келген Моңғолия студенттеріне Ассистент мұғалім болып қызмет атқардым.

«Алма піс аузыма түс» демей үнемі іздену үстінде, кәсіби тұрғыда жетілу жолында еңбектендім деп айтуға болады.

40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. 

Неміс халқынан үйренген үлгі-өнеге, олардың пайдасы

Сағат ұстауды, күнделік шаруаны пландауды және жауапкершілікті үйрендім. 40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. Олар әр шаруасын секундге бөліп жоспарлайды. Ғажап. 🙂 Өміріме көптеген пайдасын әкелді деуге болады.

Жұмысқа орналасуы жайында

Елге оралған соң тек тіл білудің пайдасы мамандығымнан кем түспейтіндей менің еңсемді көтерді. Артқы есікпен, тамыр таныспен жұмысқа тұратын кезде маған жұмыс орын өзі табылып тұрды.

Алғаш Ауылшаруашылық университеттен жұмыс орын берді. Бірақ айлығы аз. Бес бауырымның оқуына көмектесуім керек. Сондықтан үкіметтік емес айлығы жоғары ұйымдарға анкета толтырып бергенімде JICA Халықаралық ұйымы жұмысқа қабылдады. Мұнда фермер құру және малдың өнімін арттыру мақсатындағы екі жобада жұмыстадым.

Кейін UNDP, UNFPA, USAID, The Asia Foundation, MSF сияқты халықаралық ұйымдарда гуманитарлық (жастарды дамыту, жендер, лидершип), медицина (туберкулез), білім (civil education, ecological education), заң (коррупция), экономика (банк) саласында қызмет атқардым.

Қазіргі қызметі

2004 жылдан бері Ауылшаруашылық университетінің студенттеріне неміс тілін үйретуді бастадық. Бұл жұмыстың мақсаты өзімнің магистр бітірген Вайнштефан Университетіне студенттерді магистр оқуына жіберу. Жыл сайын 20 студентті дайындаймыз. Олардан 5-і магистр, 15-і практика істеуге барады.

Қазір пандемияға байланысты қызметіміз онлайн режимде жүрілуде. Балалардың біліміне үлес қосу үшін 2019 жылдан еуропа стандарты бойынша «Мариса» деп аталатын оқу орталығын, неміс тілін үйрететін «Шатц Шпрахцентрум» орталығын жұмыстатып келеміз.

Партнерім бар. Ол Ph.D Б.Нямгэрэл ханым. Ынтымақтастығымыз 17 жылға жалғасып келеді.

Адамға білім беру дегенің ерекше ақ жолды жұмыс деп ойлаймын.

Жастарға берер кеңесі

Бұл сәтте Абай атамыз «Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз…» -деп айтып кетті.

Ал, шәкірттерім арасында бірде-бір қазақ студенті жоқ. Оларға айтарым бойды бекер босқа салмаңдар дегім келеді. Уақытты құр өткізбей ізденісте болса, өмірге деген планды кеңінен жасаса мүмкіндіктер толып жатыр.

Жастар шетелде оқуға көп қаражат кетеді деп ойлайтын шығар. Бірақ Германияда оқу ақылы емес мысалы. Ағылшын тілінен өзге неміс тілінде үйренсе деген тілегім бар.

Визамен еуропаның 37 еліне баруға болса, неміс тілімен жоқ дегенде 9 елде сөйлеуге болады.

Қазақылықты сақтаған

Ата-анам ресейде білім алған. Қазағы аз өлкеде туып өссек те үйде тек ғана қазақша сөйлеуімізді талап ететін. Өзге тілде сөйлесек штраф алатынбыз. Анамыз үнемі қазақша кітап оқып, жазу үйрететін. Қазақтың ұлы сөзі “Еңкейгенге еңкей, Атаңның қара құлы емес. Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес.” – дегенді тек ғана кішпейілдік сыйластық емес “өзіңді өзің бағалай біл” деген мағынада түсінемін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Сағым Бейбітшілікқызы – «Жақсылықпен кел, әз-Наурыз!»

Published

on

17 наурыз, KAZNEWS. Моңғолия қазақ эстрадасының танымал әншісі, Моңғолия Мәдениетінің озат қызметкері, Баян-Өлгий аймағы әкімі іс басқармасының мәдениет істерін жауаптанған маманы Сағым Бейбітшілікқызының Казньюс ақпарат агенттігіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Сұхбаттан танымал әншінің өмірі, іскерлігі, алдағы шығармашылық жоспарлары туралы білетін боласыздар.

Сағым Бейбітшілікқызы Моңғолияның Өнер университетін ән-музыка пәні оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдаған. Магистр. Алғашқы еңбек жолын Улаанбаатар қаласындағы Моңғолияның ұлттық қоғамдық радио, телевизиясының қазақ тілінде хабар тарату бөлімінде бастаған. Қобда университетінің аймағымыздағы филиалында хор, музыка бағытында дәрістер беріп, студенттерге теориялық және практикалық сабақтар үйретіп, алғашқы шәкірттерін өнер жолына тәрбиелеген.

Мекенжайы: Монғолия, Баян-Өлгий аймағы
Қызметі: Аймақ әкімі іс басқармасының мәдениет істерін жауаптанған маманы
Әлеуметтік парақшаcы: Sagimko Byebit (FB)

САҒЫМ ӘНШІ БОЛУДЫ БАЛА КЕЗДЕН АРМАНДАДЫҢЫЗ БА?

Баян-Өлгий аймағының іргелі сұмындарының бірі Бұлғын өлкесінде 1989 жылы дүние есігін ашыппын. Бұл өлкеде елімізге және әлем қазақтарына танымал ақын, жазушылар, палуандар, қоғам қайраткерлерімен қатар әнші, күйші өнер саңлақтары дүниеге келген. Туған жерімнің табиғаты аса көркем, Алтай тауларының оңтүстік сілемінде орналасқан, Моңғолия қазақтары ертеден мекендеген құт өлкелерінің бірі. Ақын, жазушы Кәкей Жаңжұңұлы, Зұқай Шәріпақынұлы, Абай Мауқараұлы, Сәтей Нұртазаұлы, ақын әрі сазгер Ясира Заханқызы тәрізді көптеген дарынды тұлғалардың мекенінде дүниеге келгеніме мақтанамын.

Бала кезімнен-ақ бұла Бұлғынның табиғатына етене жақын болып, аяулы атам Шыңғышбайұлы Шікә, әжем Бегімханқызы Сайландардың тәрбиесінде өсіп, халық өнерімен жан-жақты танысып, қазақ мәдениетінің керемет туындыларын көзбен көріп, көкейме тоқып өстім. Әкем Бейбітшілік, аяулы анам Майралар менің өнерге бейімділігімді ертеден аңғарып, әнші болу арманымды қанаттандырып, бар мүмкіндіктерін жасады. Домбыра, гитара, портепиано тәрізді музыка аспаптарын алып беріп, көптеген әншілердің күйтабақтары мен үнтаспаларын сыйлап, осы жолды таңдауыма бағдаршы болды.

Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Ұлықпан Жолдасов, Алтынай Жорабаевалардың туындыларын тыңдап өстім.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫҢЫЗДА ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚТАР БАР?

Шығармашылығымдағы басты жаңалық – қазақтың халық әуендерін технология жетістіктеріне сәйкестіріп, әлемге танытудағы қадамдарым деп ойлаймын. Сондай-ақ эстрадалық заманауи туындыларды тыңдарман қауымның сұранысына сәйкес әзірлеудеміз.

Жеке шығармашылық бағытта университет табалдырығын аттаған 1-курстан бастап, бірнеше жобаларда жұмыстап, өзімнің жеке концерттер легін ұйымдастырдым. Сонымен қатар Моңғолиядағы Казақстан Республикасы елшілігі жанындағы Мәдениет орталығының “Бәйтерек” ансамблінде әнші және прима қобызшы болдым. Сол кезден ақ жаңа туындыларымды шығара бастадым.

«БАЙ-ӨЛКЕ АЛТЫН БЕСІГІМ» ӘНІ КӨПКЕ ТАНЫМАЛ БОЛДЫ. БЕЙНЕБАЯН ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРСЕҢІЗ?

-Бұл ән осы өлкеде екі ғасырға жуық мекен еткен Моңғолия қазақтарының туған жеріне деген сүйіспеншілігінен туған ән деп ойлаймын. Әннің сөзін жазған танымал ақын Қуатхан Шәріпұлы, әуенін жазған белгілі сазгер, әнші Ұшқын Жамалбек, бейнебаянды түсіруге көмектескен асыл жарым Есенкелді және «Ағайын» фотостудиясы ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін.

Бейнебаян түсірген кезде аймағымыздың әр өңірінде болып, олардың мәдени салт дәстүрі және тұрмыс тіршіліктерімен танысып, табиғат аясындағы көркем жерлерін аралап, ең қолайлы сәттерді пайдалана отырып, оның сапалы шығуына ерекше назар аудардық. Соның нәтижесінде көпке танымал туынды болды деп ойлаймын.

ӘН ҚОРЖЫНЫҢЫЗДА ҚАНША ӘН БАР? ҚАНДАЙ САЗГЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАЙСЫЗ?

Менің шығармашылық қорымда қазір 300-ге жуық туынды болса да, жартысы әлі тыңдарман қауымға жете берген жоқ. Соның ішінде аймағымыздың Құрманхан Мұхамәдиұлы атындағы Музыка және драма театрының қазақ халық ұлт аспаптары оркестрінің сүймелдеуінде өзім сүйіп орындайтын «ГауҺартас», «Екі жирен», «Ақау керім», «Бұлбұл» қатарлы халық әндері бар. Сондай-ақ ағылшын, орыс, моңгол, түрік тілдерінде эстрадалық жанрдағы әндерді орындағанды ұнатамын.

Жеке репертуарымда осы өңір қазақтарының төл туындысы 45-ке жуық әндерімен қатар Ясира Заханқызы, Ұшқын Жамалбек, Бержан Файзолла, Жанболат Сәтейұлы және тағы басқа да сазгерлердің шығармалары бар.

СІЗДІҢ ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫЗ ҚАНДАЙ?

Менің өмірлік ұстанымым -“адам болып келдім өмірге, адам болып кеткім келеді”

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Қазір еліміздің Мәдениет министрлігінен өнер саласындағы ұстанымдар мен аймақ Әкімі бағдарламасы төңірегінде атқарылатын мәдени әлеуметтік шараларда жүзеге асыру, мәдени орталықтардың жұмысын заманауи талапқа сай жаңғырту, жас өнер майталмандарын тәрбиелеу мен мұражай, кітапхана қызметін әлемдік стандарт талабына сай дамыту бағытында жұмыстар атқарудамын. Сонымен бірге атажұрттағы өнер туындыларын туған өлкемізде насихаттаумен қатар өнер қайраткерлерімен бірлесіп жұмыстауды қолға алмақпын.

ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ЖОСПАРЛАЙСЫЗ?

Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы заман талабына сай электрондық үлгідегі жоспарлау стандартына көшкендіктен жыл, мезгіл, айлармен жоспарлап, берілген тапсырма мен ақпаратты дәл уақытында орындау мен жеткізу болып табылады. Осы талап деңгейінде жұмысымды әр күнге сай жоспарлап, оның орындалуын үнемі қадағалап қортындылап отырамын. Соның нәтижесінде өнер саласында көптеген жұмыстар нәтижелі болды.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Менің ең қолданатын жұмыс құралым компьютер мен бірнеше музыкалық аспаптар.

СІЗШЕ УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Жұмысты дұрыс жоспарлау.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Атқарылатын істерді өзімнің жеке белгілеуіме жазып, ресми іс шараларды арнайы талап бойынша іс қағаздық үлгіде жүргіземін.

ҚЫЗМЕТІҢІЗДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Менің жұмысымның негізгі ерекшелігі – мәдени, әлеуметтік іс шараларды маман тарапынан ұйымдастыру, қадағалау, іс нәтижесін қортындылау, жұмыс әдістемесімен қамтамасыз ету мен осы саланың тұрақты даму саясатын дұрыс жолға қою болып табылады. Оң әсері – адамдармен тікелей қарым-қатынаста, етене бірге жұмыстау, тұрақты ақпарат алмасу. Ал кері әсеріне келер болсақ, қат-қабат мәдени іс шаралар бірге өткізілген кезде уақыттың тым тапшылығы, яғни жүктеменің көптігі болмақ.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Адамдармен тіл табысудағы этикалық нормаларды сақтай білумен қатар ұйымдастырушылық қабілетім деп ойлаймын.

Эрнест Хэмингуейдің әңгімелерімен қатар Олжас Сүлейменовтың мақаласын оқудамын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Әрине, оқимын. Моңғолия жазушылары Д.Нацагдорж, Ч. Лодойдамба, Б. Ренчин, Ц. Дамдинсүрэн туындыларымен қатар қазақ халқының әйгілі ақын жазушылары Абай Құнанбайұлы, М.Мұқағали, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағали, Сәкен Жүніс, Мұхтар Мағауин, Фариза Онғарсындардың шығармаларын сүйіп оқимын. Қазір Эрнест Хэмингуейдің әңгімелерімен қатар Олжас Сүлейменовтың мақаласын оқудамын.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Ақ көңіл, ашық жарқын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Классикалық әуендерді көп тыңдаймын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Отбасы, ыстық ұямнан.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Ата-анамнан, отбасымнан және өнерден күш-қуат аламын.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Менің өмірден алған ең жақсы ғибратым Абай атам сөзімен айтқанда: “Әнді сүйсең менше сүй!”. Өнер тілімен айтқанда: “Ән көңілдің ажары. Өз пайымдауым бойынша “Өнерсіз өмір – өмір емес” деген прагматикалық тұжырым. Осылардың қай-қайсысы да менің болмысымды анықтайды деп ойлаймын.

ЖАС ӘНШІЛЕРГЕ ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Әрине, “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” деп Абай атамыз айтқандай қазіргі заманда ән де, әнші де көбейген шақ. Бірақ менің ең негізгі қағидам – жалғандықтан аулақ болу. Фонограмма арқылы жалған ән айтқаннан айтпай адал жүрген баяғыда артық. Бұл туралы арнайы заң қабылданғанын құптаймын.

Халық өнерін өзінің қаз қалпында, боямасыз, әсірелеусіз жалғастыруға тиіс. Жас әншілер соған ат салысса, өнер әлеміндегі жадағайлықтан бас тартып, халықтық болмысты сақтай білсе, сонымен бірге өнер этикасын меңгерсе деген жүрекжарды кеңесімді айтқым келеді.

Еліміздің ұланғайыр даласындай өнері де әр алуан болуымен қатар жас өнерлі қауымнан ізденісті, білімділікті талап етеді. Тек «әнші боламын» демей, білімді де сауатты, ізгілікті, ұлтжанды, парасатты, ұлт өнерін қастерлеуші әншілер болуын кеңес етемін.

«Жақсылықпен кел, әз-Наурыз!»

АЛДЫМЫЗДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ «НАУРЫЗ» МЕЙРАМЫ КЕЛЕ ЖАТЫР. ЕЛГЕ АЙТАР ТІЛЕГІҢІЗ…

Наурыз халқымыздың ұлттық төл мерекесі. “Самарханның көк тасы еріген күн” дейтін бұл мереке қазақ халқына жақсылық, тыныштық, береке, бірлік әкелсін деп тілеймін. Мынау әлемді жайлаған індет жойылып, халқымыз бейбіт те тыныш, жарқын да жақсы өмір сүруіне зор тілектестік білдіремін. Ұлыс оң, ақ мол болып, пәле қала жерге еніп, Алтайдан Атырауға дейінгі сахара даламыз жақсылыққа толып, халқымыздың өнер ордалары өзінің қалыпты қызметтерін атқарып, рухани жаңғырудағы ұлы мақсаттарына жете бергей!

Continue Reading

Басты назарда