Connect with us

Жаңа есім

Айдос Қабиденұлы: Бірлік пен тірлік болған жерде табыс пен жетістік те болады

Published

on

Бүгінгі таныстырып отырған қонағымыз “Өлгий алыптары” клубының төрағасы, аймақтық арыстан Айдос Қабиденұлы. 

Ол Улаанбаатар қаласындағы Сауда даму банкінде Қауіпсіздік бөлімінде басқару қызметін тұрақты атқарып келеді. 2003 жылы Баян-Өлгий аймағының мемлекеттік тойында “аймақтық арыстан” атағын алған. 2015 жылы “Мемлекеттік қаршыға” О.Бақыт, “аймақтық арыстан” Ш.Мұрат, К.Қанат, Х.Әсендермен ақылдасып «Өлгий алыптары» спорт клубын құрған. 

Мекен жайыМоңғолия, Улаанбаатар қаласы

Жұмыс орны мен лауазымы: Сауда даму банкінде Қауіпсіздік бөлімінде басқару қызметін атқарады. “Өлгийн алыптары” клубының төрағасы. Моңғолияның “Еңбек құрмет” медалының иегері.

Сошиал парақшасыХ. Айдос

Оның басты ұстанымы – мақсат, мүддеге деген талпыныста болу, бастаған істі аяғына дейін жеткізу. Егер арманың мен арнайы жоспар, талпынысың болмаса, ол құр қиял болып қалады. Ал жоспар БІРЛІК, БЕРЕКЕ арқылы жүзеге асады.

ТУҒАН ЖЕРІҢІЗ ЖӘНЕ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫҢЫЗДАН ӘҢГІМЕМІЗДІ БАСТАСАҚ?

– 1979 жылы Цэнгэл сұмын тумасы Қабиденнің от басында дүниеге келіппін. Отбасымызда 5 ұл, 2 қыз – жеті ағайындымыз . Балалық шағымды кіндік қаным тамған аймақ орталығы, Қобда өзені жағасы, Сары бастау жайлауымен елестетем. 1998 жылы сол мектептен 10-сынып бітіріп, жоғары оқу орнына жолдама алдым.

ЖАСӨСПІРІМ КЕЗІҢІЗДЕ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕЛЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІҢІЗ?

– Бала кезімнен спортпен, зілтемір көтерумен айналысуға құштар едім… Сол кезде Дәріпхан деген ұстазымыз болды. Алғаш ұлттық күрес киімін қалай киюді сол кісіден үйреніп, мектеп қабырғасынан бастап, аймақ деңгейіндегі әр түрлі күрес бәсекесіне, әсіресе ұлттық күреске белсенді қатысу арқылы мектеп таңдаулысын сыналту бәсекесінде белдесіп, жеңіске жетуім, алғашқы рет мәреден көрінгенім ұлттық күреске деген талпынысым болды. 10-сыныпта аймақтық жасөспірімдер арасындағы ұлттық күрес бәсекесіне қатысып, бірінші орын иеленгенмін. Бірақ сол жылы астанамызда ұйымдастырылған ел біріншілігінде белдесудің сәті түспеді. Мені ұлттық күреске баулып, бұғанамды бекітіп, қанатымды қатайтқан алғашқы ұстазым – халықаралық тау спорты шебері Жанарбек Ақыбиұлы еді. Мұғалімнің үйірмесіне барып жүргенде: «Сен ұлттық күреспен шұғылдан. Балуандар жоғары оқу орнына түс. Жақсы нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігін бар!»- деп ұстаздық ұлағатын айтты. Осылайша мен күрес спортына бет бұрдым.

МАМАНДЫҒЫҢЫЗ?

– 2002 жылы балуандар дайындайтын «Шонхор» денешынықтыру және спорт университетін оқытушы-жаттықтырушы мамандығымен бітірдім. Кейін астанамыздағы Басқару академиясынан мемлекеттік басқару мамандығын игердім.

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДА ОҚЫП ЖҮРГЕНДЕ САЙЫСҚА ҚАТЫСТЫҢЫЗ БА?

– Әрине, орайы келгенде әр түрлі ұлттық күрес сайысында белдесіп жүрдік. Сол жылдары мемлекеттік дәрежедегі ұлттық күрес сайысында жеткен нәтижелерге қарай отырып, Шаған мерекесі қарсаңында мемлекеттік таңдаулы сегіз жас балуан сыналтатын. Мемлекеттік таңдаулы жас палуан ретінде сыналып, сол кезде баспасөз бетінде есімін жариялануы талабыма талпыныс қосып, жігерлендірді. 2001 жылы 3-курс оқып жүргенде Эрдэнэт қаласында Шаған мейрамы бәсекесінде күресіп, соңғы сатыдағы таңдаулы төрт балуанның біріне қалдым. Налайх қаласының Шаған мейрамы белдесуінен бас жүлдеге ие болуым сияқты сол кездегі студенттік өмірдің ауыр шарттарына қарамастан азды көпті жетістіктеріміз болды. Міне, осылар ұлтық күрес саласындағы табысқа деген өзіндік сенімімді нығайта түсті. 2002 жылы “аймақтық лашын”, 2003 жылы өкіметтік тойда “аймақтық арыстан” атағын иелендім. Алла қолдап, өз күш жігеріммен еңбектеніп осындай нәтижеге жетуім мен үшін үлкен мәртебе болды. 2-3 күн ата-анам, бірге туғандарым жанында болып, қайта астанаға жол тартып кеткен күн кеше ғана сияқты.

СОЛ КЕЗДЕ СПОРТҚА ҚОЛДАУ ҚАНДАЙ ЕДІ?

– Несіне жасырайын,  біз  Улаанбаатарға келіп, ұлттық күреспен айланысып жүрген жылдары бүгінгідей мүмкіндіктер болмады. Қара шай ішіп, тоқаш жеп қана сайысқа түсіп, белдесіп жүрдік.

Мектеп бітіген соң Хас банктің Баян-Өлгий аймағындағы бөлімшесінде қорғаныс маманы болып орналасып, кейін Улаанбаатар қаласындағы орталығына ауысқан болатынмын. Жұмыстан кейін ғана аздап жаттығу жасайтын мүмкіндік болады. Тіпті жұмыстан шыға салып тура бәсекеге қатысушы едік.

«ӨЛГИЙ АЛЫПТАРЫ» КЛУБЫ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

-Замана шарттарына байланысты сол кездерде біздерге тағы да үлкен белестерді бағындыру нәсіп болмаса да соңғы жылдары жастар арасынан жақсы нәтижеге қол жеткізетіндей балуандар шығып, талаптанып жүргендіктен оларға қолдау көрсету “әрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, бірлесе алға ұмтылу қажет болды. Аға палуан “Мемлекеттік қаршыға” О.Бақыт ұстазым, “Аймақтық арыстан” танымал палуан Ш.Мұрат, К.Қанат ағаларым досым Х.Әсендермен ақылдасып, «Өлгий алыптары» спорт клубын алғаш 2015 жылы 25 қарашада ресми түрде аштық. Осылайша, осындай бір келер ұрпақ үшінгі келелі істің бастамашысы болу бағы бұйырды. Ұлттық күрестің ыстығына күйіп, суығына тоңып, оның қыр-сырын білетіндіктен бір жұдырықтай жұмылып, бір ұжым болып, келешегінен үміт күттірген балуандарға демеуші іздедік. Алдымызға үлкен мақсаттар қойып, атқарылар істер тізімі бекітілді. Соның нәтижесінде және дамылсыз еңбектену арқылы балуандарымыз біз жоспарлаған мақсаттарға жетіп жатыр. Шаршы алаңда күш сынаспасақ та, жаттығу сәтінде балуандарды шыңау үшін бел шешіп кірісіп кететін жайымыз да бар. Спортшылардың дайындығын қадағалап, ақыл-кеңесімді беріп тұрамын. Демеушілерге ұлттық күрес жайлы түсіндіріп, жастарды қолдауды насихаттадық. Бейресми ұйым болғандықтан басқару кеңесіміз бар.

КЛУБТЫҢ БАСҚАРУ КЕҢЕСі ЖАЙЛЫ АЙТА КЕТСЕҢІЗ?

– «Өлгий алыптары» клубы төрағасы мен, клубтың басқарма бастығы Ә.Ғылымхан, менеджер Х.Әсен, клуб хатшысы Қ.Қуанған, басқарма мүшелері С.Зүльфикар, Д.Бауыржан, Ш.Жолбарыс, К.Ерік, Нямхүү, К.Жандос, Б.Баатарцол, Қ.Мәмбет, Қ.Айнабек, Я.Сьезд, Ө.Арманбек, Т.Жанболат қатарлы 16 кісінің құрамында жұмыстап отырмыз.

БҮГІНГЕ ДЕЙІНГІ НӘТИЖЕЛЕРІҢІЗ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Жұмыс нәтижесіне беретін есебіміз – өкіметтік тойдағы және басқадай балуандар бәсекесі. Теледидардан моңғол ұлттық күресін тамашалаған көрермендер де сол арқылы біздің атқарған шаруаларымызға баға берер. Аллаға шүкір, ауыз толтырып айтатын нәтижелер бар. Екі мемлекеттік «лашын» туып шықты. Азаматтарымыз көп белдесулерде мемлекеттік жоғары дәрежелі палуандарды асқан шеберлікпен тізе бүктіріп жүр. Біздің палуандардан басқаларда именетін болды. 2016 жылы жеке отау тігіп, дайындық жасап, сол жылы Б.Баатарцол «мемлекеттік лашын» атағын алды. Келесі жылы Б.Серік мемлекеттік атаққа қол жеткізді. Мұның барлығы тек менің ғана еңбегім емес, осы істі қолға алған азаматтардың, палуандардың еңбегі, төккен тері деп ойлаймын. Үнемі қаржылай қолдау көресететін кәсіпкерлердің де еңбегі орасан зор. Мемлекеттік Ұлы Хурал мүшесіне 2 рет сайланған халқымыздың бір туар абзал азаматы, Еліміздің Энергетика реттеу комиттетінің бастығы Тілейхан Әлмәлікұлы палуандарымыз М.Еркебұлан, У.Береке, Б.Серік, Н.Мұстафа, Б.Баатарцол, С.Заманбек, Т.Ерболаттарды жұмысты болғызды. Бізге үнемі қолдау көрсететін азаматтарға алғысымыз шексіз.

БИЫЛҒЫ ЖЫЛҒЫ ӨКІМЕТТІК ТОЙ ДАЙЫНДЫҒЫН ҚАШАН БАСТАЙСЫЗДАР?

– Жыл сайын маусымның 10-нан шілденің 10-на дейін қаладан алпыс шақырым қашықтықтағы “Хас Өргөө” саяжайын жалдап аламыз. Өткен жылы қырықтай палуан жаттығу жасап аймақтық, сұмындық сайыстарда белдесіп табысқа жетті.

ҚАРЖЫНЫ ҚАЙДАН ТАБАСЫЗДАР?

– Жоғарыда айтылғандай бейресми ұйым болғандықта арнайы бекітілген бюжет болмайды. Демеушілік жасайтын жомарт жандар, кәсіпкерлер, ұйымдар бар. Балуандар да өзіндік жарналарын төлейді. МҰХ-ның мүшелері мен аймақ әкімшілігі, жерлестер де қолдарынан келгенін аямайды. «Өлгий алыптары» клубы пайда, табыс көзі үшін құрылған ұйым емес басты мүддесі еліміздің, аймағымыз бен ұлтымыздың мерейін асқақтату, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды тәрбиелеу болғандықтан іс қызметімізді атқаруға қажетті қаржыны байғазы жинау арқылы қамтамасыз етуге талпынамыз. «Тамшыдан теңіз» дегендей, жұмыла көтерген жүк жеңіл болмақ.

Әлі есімде,  2016 жылы алғаш дайындыққа шыққанда балуандар тағамына қолданатын қой да, ақша да тапшы болды. Ақылдаса келе амалсыздан «аймақтық арыстан» Ш.Мұрат, К.Қанат ағалармен бірге  бір «портер» көлігін жалдап, Шарынголдағы жерлес ағайындарға барып, жағдайымызды айтып, көмек сұрадық. Олар бізге 20-дай қой жинап берді. Келесі жылы Налайхтың жерлестер тұратын бір ауылына барып, олар да қой, серке беріп көмек қолдарына созды. Осындай кезде қолдау көрсеткен халқымызға да шексіз ризамыз! Осы сәтті пайдаланып, оқырман назарына әдемеуші болыңыздар дегенді сала кеткен оғаш болмас. Жақсы іс жалғасын тапсын.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІГІҢІЗ ҚАНДАЙ?

– Менің басты ұстанымым – мақсат, мүддеге деген талпыныста болу, бастаған істі аяғына дейін жеткізу. Егер арманың мен арнайы жоспар, талпынысың болмаса, ол құр қиял болып қалады. Ал жоспар БІРЛІК, БЕРЕКЕ арқылы жүзеге асады. Соңғы 15 жылдай қалалық орталық Сауда даму банкте Қауіпсіздік бөлімінде басқару қызметін тұрақты атқарып келемін. Бұл саладағы қызмет жартылай әскери тәртіп деген сөз. Ең басты темірдей тәртіп, адамгершілікті талап етеді. Адамдардың бәріне бірдей қараймыз. Жоғары оқу орны мен қызмет істеген кезімнен бастап, көбіне ер азаматтардың ортасында еңбек істеп келемін. Сондықтан азаматтармен оңай тіл табысамын. Өмір тек сәттіліктер мен жеңістерден тұрмайтыны белгілі. Кедергісіз іс болмайды, үлкенді –кішілі киындықтар болып тұрады. Әр ауырлықтан кейін бір жеңілдік бар. Сәтсіздіктерді еңсеру арқылы жетістікке жете аламыз Топпен бірлесіп жұмыстай білген адам ғана жеңіске жетеді деп есептеймін. Оқу білім жолында және банк қызметінде адамдармен қалай қарым-қатынас жасауды үйреніп, іс қызметте көптеген тәжірибе жинақтаудамын. «Өлгий алыптары» клубындағы жастарға тек белдесуді ғана емес, білім, тәжірибелерімді, басқаларды қалай құрметтеуді, төзімділік пен бастаған істі қажымай талмай, соңына дейін жеткізуді ақыл-кеңес ретінде айтып отырамын. Жастарға бұны біз айтпасақ, кім айтады. Біз бен сіз істемесек, кім істейді?!

БАЛУАНДАРҒА ДОПИНГТЕН АУЛАҚ БОЛУ ҮШІН ҚАНДАЙ АҚЫЛ КЕҢЕС АЙТАСЫЗДАР?

– Балуандар одан аулақ болуға тиіс. Қолдануға тыйым салынған, денсаулыққа зиянды екенін ескертіп айтып отыру клубымыздың басты міндеттерінің бірі. Еліміз ұлттық күрес одағы бұрын тек қана өкіметтік тойда ғана балуандардан анализ алатын болса, қазір кез-келген уақытта алып, нәтижесін көріп отыратын болған.

ДӘЛ ҚАЗІР НЕМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖАТЫРСЫЗ?

– Осы айдан бастап, өкіметтік тойға дайындықтың әзірлігін жасаудамыз. Елімізге еңбек сіңірген спортшы, «мемлекеттік піл» О.Одгэрэлмен бірлесіп, жастарды дайындау жұмысына кірісіп кеттік. Ол кісінің еңбекақысын Баян-Өлгий аймақтық балуандар одағы төрағасы Ш. Қабыл мырза шешіп берді. Біздің мақсатымыз – балуандардың сатылай дамытып, мемлекеттік деңгейдегі атаққа қол жеткізу. Алла қаласа, биылғы жылы мемлекеттік дәрежедегі палуандарымыз Б.Баатарцол, Б.Серік «мемлекеттік лашын» дәрежелерін қайталап дәлелдеп, әрі қарай  табыстарын еселеп, тағы да жоғарғы атақ алса деп тілейміз. Сондай ақ М.Еркебұлан, У.Береке, Н.Мұстафалар мемлекеттік атаққа үміткерлер арасында. Клубымыздың басқада палуандары да аймақ, сұмын тойларынды табысқа жетеді деп сеніп отырмыз. Сол үшін басқарма мүшелерімен, демеушілермен бірлесе еңбек етіп жатырмыз.

«ӨЛГИЙ АЛЫПТАРЫ» КЛУБЫ МОҢҒОЛ ҰЛТТЫҚ КҮРЕСІ БАЛУАНДАРЫН ҒАНА ДАЙЫНДАЙ МА?

– Негізгі жұмысымыз ұлттық күреске шоғырланған болса да, клуб жоспары тек ұлттық күрес емес қой. Мысалы, Б.Ардахан деген қызымыз жудо күресімен айналысатын мықты спортшы. Клубта 5-6 жасар балаларды дайындайды. Қазақ күресі де жақсы дамып келеді. Жуықта қазақ күресінен ел біріншілігін өткізілді. Онда 55 кг салмақта У. Айдынбек күміс медаль жеңіп алды. +100 кг салмақта Н.Мұстафа, 90 кг салмақта Ж.Өтеген, 82 кг салмақта Ж.Ақжол қола медаль еншіледі. Халықаралық күрес сайыстарына Б.Серік табысты қатысты. Жудо мен самбодан Б.Серік, бокстан Т.Ерболаттар ел жеңімпазы болса, жасөспірімдер мен жастар арасында дзюдо, самбо шебері Б.Жандостың жетістігі бар дегендей айта берсе көп қой. Күні кеше ғана Б.Жандос бауырымыз дзюдодан Алматы қаласында өткен Азия кубогында -90 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды.

ЖҰМЫС ЖОСПАРЫН ҚАЛАЙ ЖАСАЙСЫЗДАР?

– Басқарма кеңесінен сол жылы атқарылатын жұмыстар тізімі жасалып, жұмсалатын қаржы келісіледі. Онда клубтың пәтерақысы, Наурыз мейрамы күресін ұйымдастыру іс шарасы, ұстаз жаттықтырушылардың еңбекақысы, мерекелік шараларға қатысу қатарлы мәселелер қамтылады. Осы жылғы жоспар бойынша ҚХР-ның Ішкі Моңғол балуандарымен байланыс орнаттық. Бізбен бірге жаттығу жасап жүр.  Сұхбатымыздың басында айтылғандай тағы да көптеген мәселе қамтылады.

ЕҢ СОҢҒЫ ОҚЫҒАН КІТАБЫҢЫЗ?

– Әдеби еңбектерден ұлы ғұлама Халифа Алтайдың Шығыс Түркістан Шыңжаң өлкесінде басталып, Түркияға, Анадолыға дейін ұласқан көш тауқыметі баяндалған «Алтайдан ауған ел» атты кітабын оқып қатты толқыдым. Қиын қыстау кезеңді, сол замандағы тұрмыс-тіршілікті көз алдыңа әкелетін жақсы жазылған шығарма екен. Сондай-ақ Басқару академиясының мемлекеттік басқару мамандығын оқуыма байланысты біршама кітаптар қарауға тура келді.

ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА СІЗДІ ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

– Жұбайым, 3 балам бар. Бос уақытымды негізінен отбасыммен бірге болғанды ұнатамын. Демалыс күндері мені клубтан табуға болады.

ӨМІРДЕН АЛҒАН САБАҒЫҢЫЗ? КІММЕН ҚАНДАЙ КЕҢЕС АЛДЫҢЫЗ?

– Ең бастысы – ата-анамның ақылы болды. Бірінші курсты бітіріп келген соң «оқуды жалғастырмай ақ қойсам ба?» деген ой туындағанда, анам: «алған мақсатыңнан қайтпа барғаның жөн»,- деп дем берген еді. Сол демеу болды да, төзімділік танытып екінші курстан бастап, спорттан нәтиже шығара бастадым. Ұстаздарымнан Моңғолия және Қазақстан елдерінің еңбек сіңірген споршысы, мемлекеттік қаршыға О.Бақыт ағамның кеңесіне көп құлақ түремін. Бір қызығы, 10-сынып оқушысы кезінде ең алғаш мемлекеттік дәрежедегі палуан ретінде Бақыт Одынайұлымен күреске шығып, денелі адамды қайтіп ұстап, қалай күресемін деп ойлағаным есімде.

ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

– Ең бастысы – адам болу керек. Өткен күндерді де ұмытпау шарт. Осы сәтті пайдаланып, оқырман назарына демеуші болыңыздар дегенді сала кеткен оғаш болмас. Мүмкіндігі болмаса басқаны сендірмей, турасын айту керек. Ер азамат сөзінде тұратын болуы қажет. Жас споршылар қатаң тәртіпке бағынатын, төзімді, бірбеткей, еңбекқор болса деймін. «Тәртіп болмай, нәтиже болмайды» дегенді қайталап айтсам артық болмас.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ-ҚУАТ АЛАСЫЗ?

-Ең алдымен, Аллаға шүкір етемін. Атқарып жатқан ісімнен, ардагер спортшылардан шәкірттеріміздің шығарған табыс жетістіктерінен, ұлтыма деген сүйіспеншілігімнен күш-қуат аламын. Еңбек еткен адамды ынталандырып, алғыс айтып, қолпаштаған сайын жұмысқа деген ынтасы артады ғой. Шаршаған кезде клубқа барып, тер шығарған бір ғанибет. Шаршауымды тез ұмыттырып, күш қуат жинауға көмектеседі.

БІЗГЕ НЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?

– «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген. Ат төбеліндей аз қазақ рушылдыққа, жерлестікке, партияшылдыққа салынып, жік-жік болып бөлінбесе, солақай саясатқа ермесе екен деймін. Мысалы, ұзаққа бармай көрші аймақтарды айтсақ, увслықтар мен қобдалықтар астанамызда бас қосып, «Буянт –Ухаа» спорт кешенін жалға алып, түрлі спорттық шаралар өткізеді және оған «ақ», «қызыл» партия деп бөлініп жарылмай, «министрмін» , «парламент мүшесімін» демей, барлығы отбасыларымен келіп қатысады. Осылардан үлгі алғанымыз жөн сияқты. Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен кейбір жандар керісінше, бірі ұйымдастырған шараға екіншісі «барма» деп үгіттеп жүргенін естіп іштей қынжыласыз. Жақсылықта жарысу керек болса да, жақсылықты да бір-бірінен қызғанады-ау деймін. Сөз соңында айтарым, астанамыз Улаанбаатар қаласындағы өмір сүріп отырған, еңбек етіп жүрген жерлес азаматтар ортасында «Өлгей алыптары» клубы атынан жылында бір рет ортамызда береке бірлік болсын, бір-бірімен кездесіп танысып біліссін деген ниетпен әр түрлі спорттық шара ұйымдастырып тұрамыз. Осындай шараға ат салысып белсене қатысып тұрса дегім келеді.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ШАҚЫРАСЫЗ?

– «Бірінші байлық денсаулық» демей ме. Сондықтан ақ халатты абзал жан, халыққа көп қол ұшын беріп жүрген теміржол ауруханасы дәрігері, хирург Қ.Аршабек дәрігерді ұсынамын.

 

Жаңа есім

Жанерке Мерзетханқызы: Біз клиенттерімізге жоғарғы сапа, ерекше үлгі ұсынамыз

Published

on

09 қараша, KAZNEWS. Баян-Өлгийлік дизайнердің ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі киімдеріне сұраныс жоғары. Сити университетінің түлегі бала кезінен сурет салудағы қызығушылығы өскенде дизайнер болуға жол ашқан. Жас дизайнер 2023 жылы қандай киімдер мен қандай өңдер трендте болатынын айтып берді.

Жанерке Мерзетханқызы, туған жері – Баян-Өлгий аймағы. Жалпы білім беретін 5 мектептің түлегі. Сити университетін дизайнер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Қазіргі таңда Janel Couture компаниясында дизайнер болып қызмет атқарады. «Janyerke.M atelier» сән үйінің негізін қалаушысы.

Бұл менің таңдауым

Дизайнер болу менің бала күнгі арманым. Ұлттық нақыштағы киімдерге, әшекей-бұйымдарға бала күннен қызығатынмын. Бала кезден сурет салуды қатты жақсы көрдім. Қиялымдағы көйлектерді қағаз бетіне түсіріп жүрдім. Әрине кейін оларды неге қолдан жасамасқа!? Әр түрлі фестивалдерге қатысып тәжірибе жинақтап, ұлттық киімдерді заманауи тұрғыда жаңғыртуды қолға алдым.

Кәсібіңізді қалай бастадыңыз?

Жоғарғы оқу орынын тәмандап «Хайрын хурим» атта компанияда еңбек жолым басталды. Кейін Алматыда, Дархан қаласында компанияларда жұмыстап жүрдім. Ең көп тәжірибе жинақтаған жұмыс орыным Дархан былғары заводы болды.

Клиенттеріңіз кімдер?

Қазір клиенттеріміз күн санап көбейіп келеді. Шүкір. Көбісі жанұялы жастар мен қыз келіншектер.

Өзге сән үйлерінен «Janyerke.M atelier» -дің ерекшелігі неде?

Біздің ерекшелігіміз киім үлгілерінде. 1 немесе 2 данадан ғана қайталанбайтын үлгілер. Және де клиенттерімізге жоғарғы сапа ұсынамыз.

Киім үлгісінің өзгешелігін тағы айтар болсақ, осы өлкедегі өзге де тігіншілердің үлгісін қайталап тікпейтінімізде.

«Janyerke.M atelier» тек ғана ұлттық киімдер емес заманға сай киімдерге де тапсырыс қабылдайды.

Қазір қандай киім түрлері трендте?

«Janyerke.M atelier» тек ғана ұлттық киімдер емес заманға сай киімдерге де тапсырыс қабылдайды. Барлық киім үлгілерін жасаймыз.

2023 жылы үлкен өлшемдегі сырт киімдер (Oversize) ерлер мен қыздарға бірдей Т О V силуэттеріндегі киімдер тренд болады деп күтілуде. Ал өң түсіне келер болсақ жасыл түстер және сұры, ашық purple, beige(сарғыш, тоқ сары, сарғылт, қызғылт сары) өңдері тренде болады.

Мысалға, Қызғылт сары түс туралы айта кетсем. Мамандардың айтуынша бұл түс күйзеліске төтеп берер бірден бір түс. Көңіл-күйді көтеріп, зейін қоюды арттырады. Бұл маңызды бас қосулар мен әңгімелесу кезінде пайдалы. Тез шешім қабылдауға септігін тигізеді.

Кері әсері: Тез шешім қабылдаймын деп, қате шешім қабылдап қою ықтималдылығы жоғарылайды. Тым көп эмоциядан адамды шаршатуы мүмкін.

Ал, күлгін түс жайында: Егер сіз біреумен келісім шарт жасаспақ оймен кездесуге бармақ болсаңыз, күлгін түсті таңдаңыз. Бұл түс адамға жақсы әсер етеді. Сонымен қатар, өміріңіздегі қиын-қыстау кезеңдерде, басыңыз жиі ауырғанда, ұйқысыздық орын алғанда сабырлы болуға көмектеседі.

Ал шығармашылық адамдарға қиял әлеміне шомып, фантазиялар мен бейнелердің дүниеге келуіне ықпал етеді. Бірақ әр нәрсенің жақсы мен жаманы бар сияқты, күлгін қара түсті шамадан тыс көп пайдалану күйзеліске ұшыратып, жалғыздық сезімін еселендіре түспек. Әсіресе, интерьерде күлгін түсті көп пайдаланудың қажеті жоқ. Оның орнына сарғыш күлгінге таңдау жасаңыз.

Баян-Өлгийдің жастарының талғамы қаншалықты жоғары деп ойлайсыз?

Жастарымыздың күнделікті киім таңдаудағы талғамы заманға сай деп ойлаймын. Қарап жүремін. ))) Бірақ ашық түсті киімдерді көбірек таңдаса деп ойлаймын.

Кез келген адамның қандай түс таңдағанына байланысты ол жайлы көптеген мәліметтер айтуға болады. Киім таңдау көңіл-күйге де байланысты болады.

Киімге тапсырыс басқа қалалардан түсеме?

Иә әрине. Соңғы жылдары Қазақ елінен Астана, Алматы қалаларынан, өзіміздің Дархан, Улаанбаатар қаласының Налайхан ауданынан да көптеген тапсырыстар келіп жатады.

Киім үлгісінің идеясы қалай келеді?

Тапсырыс берушінің қалауы және дене бітімі, өң келбетіне қарай, тағы да қандай ортаға киілетініне байланысты үлгілерін шығарамыз. Мен сән үйімізге тапсырыс берушілер өте ерекше жандар деп ойлаймын. Және олармен мақтанамын. Өйткені әлі күнге дейін қысқа модадағы көйлектер тігіп көрмедік.

Сапасымен үлгілеріне көңілім толады. Себебі мен киім дизайнер (clothing designer) мамандығын екіге бөліп қараймын.
Біріншісі, өз ойындағы үлгерді шығаратын дизайнер, екіншісі клиенттердің ойындағы үлгілерді шығаратын дизайнер.

Орташа тәуліктік жұмыс күніңіз қалай өтеді?

Аптасына 6 күн жұмыстаймыз. Сағат 9:00-18:00 аралығында тұтынушыларға есігіміз ашық. Ал, әлеуметтік желідегі парақшамыз қосулы тұр.

Киім тігуге күнделікті қанша сағат арнайсыз?

Киім үлгісіне байланысты. Егер жұмысы көп болса кей кездері 12 сағаттың өзі аздық етеді.

Өмірден алған ең жақсы ғибратыңыз…

Ұлы жазушы Абай атамыздың сөзі қатты әсер етеді. Абай атамыз айтады: Үш-ақ нәрсе-адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Әрине, еңбек ғана жеңбек!

Жастарға қандай кеңес бересіз?

Жастарға алға қойған мақсаты анық болып, мақсат арманына қарай талмай талпынса деп ойлаймын. Өздерін тек жақсы жақтарымен дамытып, жаңа нәрселерді үйреніп, тек ғана даму үстінде үлкен компанияларға, қалаларға барып жұмыс жасап, шыңдалу керек деп ойлаймын.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Динислам Манарбекұлы: Дәмді кофе, мықты сервис. Бұл біздің басты қағидатымыз.

Published

on

21 қазан, KAZNEWS. Казньюс ақпараттық агенттігінің «Іскер азамат» жобасының кезекті қонағы Динислам Манарбекұлы. Ол 1990 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында туған. Ресейдің Мәскеу қаласындағы Финансовый Университет при Правительстве РФ университетін аудитор мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әлемге танымал бренд “World of Coffee Machines” компаниясының директоры қызметін атқарады.

Жас кәсіпкер Динислам Манарбекұлы өзінің жұмыс тәсілін таныстырды.

Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы
Қызметі: “World of Coffee Machines” яғни «Кофемашина әлемі» компаниясының директоры
Қолданатын ұялы телефоны: IPHONE 13 PRO MAX
Пайдаланатын компьютері: MACBOOK AIR
Әлеуметтік парақшалары: @dinislam_manarbek

КОМПАНИЯ ҚҰРУДАҒЫ МАҚСАТЫҢЫЗ?

Компания құрудағы негізгі мақсатым тәуелсіз болу. Себебі мен еркіндікті өте жақсы көремін, және басқа адамның қол астына жұмыс жасай алмаймын сондықтан да кәсіп жағы маған жақын. Әрі әкем Манарбек көп жылдар бойы бизнеспен айналысып өткен адам. Бала кезден әкеме қарап өскендіктен кәсіп жасау маған қаныма жақын болды.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ТӘСІЛІҢІЗ ҚАНДАЙ?

Менің жұмыс жасау тәсілім негізі клиенттікі үнемі дұрыс деген. Көбінесе клиенттер үшін барлығын жасауға тырысамыз. Мысалы таңертен ерте болсын, немесе түнде болсын товар жеткізіп және де даяршылық көрсететін кездеріміз де болады. Сол үшін де клиенттеріміз риза және де бізді жақсы көреді.

КЛИЕНТТЕРІҢІЗДІҢ ЖИІ ҚОЯТЫН СҰРАҚТАРЫ?

Клиенттеріміздің көбінесе кофе қалай жасау керек, кофемашиналарды қалай дұрыс қолдануға болады, және де кофе бизнесін дұрыс жүргізу туралы жиі сұрап жатады.

Дәмді Кофе, Мықты Сервис.

КЛИЕТТЕРІҢІЗГЕ “WORLD OF COFFEE MACHINES” КОМПАНИЯСЫН ЕСТІГЕНДЕ ЕСКЕ ТҮСІРЕТІН ҮШ СӨЗ?

Мені қысқаша Димаш деп барлық клиенттеріміз атап кеткен сол естеріне түседі, және де Дәмді кофе, мықты сервис. Бұл біздің басты қағидатымыз.

Mindmanager бағдарламасын көп адамға ұсынар едім. 

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Жұмыста немесе өмірде көп қолданатын программа қарапайым блокнот, MS Excel, Evernote сосын Mindmanager. Осы Mindmanager бағдарламасын көп адамға ұсынар едім, өте тамаша құрал жоспар құру, проект жасау үшін.

Айтпақшы жақында осы бағдарлама бойынша қазақ тілде видеоматериалдар дайындап жатырмын. Ютуб арнасында шығады тегін.

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Уақыт қазір алтыннан да қымбат негізі, оны түсіне бермейміз расымен де. Барлық оқырмандарға айтарым өмірлеріңізді жоспарлар үйреніңіз. Әйтпегенде басқа адамның мақсаттарын орындаумен уақыттарыңыз өтеді.
Сізде анық жоспарыңыз болса уақыт жоғалтпайсыз қажетсіз затқа. Бұйырса жаңа жыл қарсаңында жоспар құру, уақытты пайдалану туралы тренинг өткізетін боламыз онлайн түрде.

Жоспар құру адамның миын артық мәліметтерден босатып жеңілдік береді. 

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Мектеп қабырғасынан бері қалыптасқан жақсы әдетім бар, блокнотқа жазбалар план жазу. Сол әдетті қазір жақсы денгейге системага айналдырдым. Жылдық жоспар құрғаннан соң соны 3 айға бөлім, сосын айлық, апталық, күндік жоспар деп жеке арнайы блокнотқа жазып отырамын.

Ең нашар қарындаш мидан артық деген сөз бар. Сондықтан жоспар құру адамның миын артық мәліметтерден босатып жеңілдік береді.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Кәсібімнің ерекшелігі жаңа сала, енді дамып жатқан біздің және көршілес елдерде. Оң жағы десек ол табыс көзі өте жақсы кәсіп. Кофені мұнайдан кейінгі екінші пайдалы кәсіп деп атап жатады. Әрі бұл халал өнімдер, және зиян ештенесі жоқ адамдарға. Сондықтан да мақтан тұтамыз осындай жақсы кәсіппен айналысатынымызға.

Дегенмен кері жағы жоқ емес, мысалы уақыт көп талап етеді белгілі бір деңгейге жеткізу үшін, сосын тұтынушылармен (адамдармен) жұмыс жасау, олардың көңілдерін табу оңай емес қазіргі кезде. Себебі бәсекелес компаниялар да бар, сондықтан да бизнес.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Соңғы 5 жыл бойы көңіл бөлген саламыз ол Еуропадан кофемашиналарды, кофені тасымалдап сату, жалға беру болды. Қазіргі кезде кофені өзіміз қуырып сататын дәрежеге жеттік. Кішігірім өндірісіміз бар және де өзіміздің брендпен кофеханалар желісін ашып бастап жатырмыз қазіргі таңда.

Жастарға кітап оқыңдар деп қатты кеңес беремін, себебі бұл тегін жатқан үлкен хазына. 

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Ия кітап көп оқитын адамдардың қатарынанмын. Аталарымыз да кітап көп оқиды, әрі жастайымнан әдебиет, ертегі кітаптарды көп оқыдым. Кейін студент болған кезде кітап оқу әдеті толық қалыптасты. Сол жылдары 200-ден астам кітап оқып салыппын. Қазір үйімде өзімнің кітапханам бар, 300-дей кітап жиналған. Көбінесе бизнес, психология туралы кітаптарді оқимын. Аптасына 1-2 кітап оқуға тырысамын, және өзім де қазір кітап жазып жатырмын, Алла қаласа кешікпей жарыққа шығар.

Жастарға кітап оқыңдар деп қатты кеңес беремін, себебі бұл тегін жатқан үлкен хазына. Өміріңді де күрт өзгертуге, іздеп жүрген сұрақтарыңа жауап табуға көмектеседі.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Жігіттің жақсысы нағашыдан дейді гой. Туа біткен мінезім нағашыларыма тартқан, көбінесе салмақты сабырлымын. Қатты ашулана бермеймін және мінезім тұйықтау. Дегенмен бизнес ортада жүрген соң адам ашылады, және де ашылып мінезді сәл болсын түзеп үйрену керек.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Қазір жұмыс кезінде сирек тыңдаймын әуендерді, себебі кедергі жасайды назарым бөлініп. Қазақша әуендерді көп тыңдаймын, классика, джаз деген. Жастайымнан “Музарт” тобын сүйіп тыңдаймын, өзім де аздап домбыра мен гитарада ойнаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Алдымен жаратушы ие Алла тағаладан дұға тілек оқып күш қуат аламын, сосын әрине отбасымнан жақындарымнан. Тағы бір адамдар бар өмірден өтіп кетсе де өздерінің артынан қалдырған кітаптары, аудио видео таспаларымен бізге әлі де мотивация, күш қуат беретін.

Адамда энергия болу үшін режим дұрыс болу керек. Ол дегеніңіз дұрыс ұйықтау, тамақтану, және спортпен шұғылдану немесе көп қимылдау. Қазіргі кезде қимыл аз бізде, оффисте жұмыс көп адамдарда, сондықтан да неше түрлі аурулар пайда болып жатыр.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Жүрегіңді тыңдай біл. Себебі ол саған шынымен не керек екенін жақсы біледі. Қазіргі кезде ойымыздағы, жүрегіміздегі барлық армандарды орындауға мүмкіндік толығымен бар.

АРМАН ҚУЫП ШЕТЕЛГЕ ОҚУҒА, ҚОНЫС АУДАРУҒА, БИЗНЕС ЖАСАУҒА БАРАТЫН ЖАС МАМАНДАРҒА ҚАНДАЙ МОТИВАЦИЯ БЕРЕСІЗ?

Жастарға беретін кеңес мотивация: Армандаудан жалықпаңдар, Самғаңдар! Себебі сол армандар сендердің шынайы болмыстарың.

Үнемі аш болыңдар, себебі аштық сендерге босаңсуға жол бермейді. Өздеріңе сеніп өмірлеріңе жауапкершілік алып тез шешім қабылдап әрекет етіп үйреніңдер. 21-ші ғасырдағы ең қажет қабілет – ол жылдамдық.

КАЗНЬЮС АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ

Continue Reading

Жаңа есім

Айсұлу Олзвойқызы: Еңбек пен жақсы ниет болса, әр іс алға басады

Published

on

19 қыркүйек, Казньюс ақпарат агенттігі.  Қазақ елінен Налайхан қаласына ат басын бұрып, шағын кітапхана ашуға қолдау көрсеткен Айсұлу Олзвойқызы – қызметінің қыр-сыры жайлы айтып берді.

Айсұлу Олзвойқызы Қазақстан Республикасындағы «SS-AGRO» компаниясының негізін қалаушы. Ол басқарған компания шетелге азық түлік экспорттау мен қатар ложистикалық және заңгерлік сервистер көрсетеді.

Казньюс ақпарат агенттігінің “Жаңа есім” бағдарламасының кезекті қонағы орыс, ағылшын, корей тілдерін жеттік меңгерген жас кәсіпкермен Айсұлу Олзбойқызымен таныс болыңыздар. 

Өзі жайлы және мамандық таңдау туралы 

Айсұлу Олзвойқызы Улаанбаатар қаласының тумасы. Жалпы білім беретін “Монгени” мектебін бітірген. Мәскеу қаласындағы Плеханов университетінің түлегі. Аталмыш университетті 2009 жылы экономист мамандығымен тәмамдаған. Жастайынан кәсіпкерлікпен шұғылданған. 

Қазіргі қызметі жайында

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы «SS-AGRO» компаниясының директоры болып қызмет жасаймын. 

Біз қытайға бидай, рапс майын, моңғолияға азық түлік өнімдерін экспорттаумен қатар «Қызыл май» -дың моңғолиядағы ресми дистрибьюторы болып жұмыстаймыз.

Компаниямыз бұл қызметтерінен бөлек ложистикалық және заңгерлік сервистер көрсетеміз. 

Алғашқы қызмет жолымды қоғамдық ұйымдарда бастадым.

Қандай бір жұмысты бастасам оны тек табыс көзі деп емес, адамдарға қандай пайдасы барын бірінші қараймын.

Моңғолияға келген жұмысы туралы

Налайхан қаласындағы ағайындардың тілі, мәдениет, діні, салт дәстүрін сақтау, дамыту, осыған байланысты қоғамдық жұмыстар атқарып жүрген «Ел бірлігі» мемлекеттік емес ұйымының жұмысын сырттай бағалайтынмын. Бұл ұйыммен бірлесіп бұл іске өз үлесімді қоссам деген ойым болған. Білімгүл апаймен, аталмыш ұйымның басшыларымен байланыс жасап кәсіпкерлер азаматтардан қандай көмек керектігін сұрап көрдім.

Қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс көп екенін білген соң шағын кітапхана ашуға қолдау көрсеттім.

Алғашқы 200 кітап келіп сөрелерге қойылып, оқырман қауымның тілегі азда болсада орындалып жатқанына өзімде қуаныштымын.

Алдағы уақытта да көптеген іс-шараларда ынтымақтастықта боламыз деген жоспарым бар.

Ұлтымның рухани дамуына азда болса да үлес қосу парызым деп ойлаймын. Өзге де азаматтарға үлгі болса екен деген тілегім бар.

Уақыт үнемдеудің тәсілі 

Уақыт үнемдеудің жолы біреу ғана деп ойлаймын. Ол қол біріктіріп жұмыстайтын команда жасақтай білу, сол арқылы тәжірибелі мамандарды жұмыстату, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдау. 

Кәсіп ашудағы қиындықтарды қалай еңсергені туралы

Балалық шағым Моңғолияда өтті. Қазақ еліне барып барлығын жаңадан бастау әрине оңайға соққан жоқ. Кәсіп ашу кезінде қолдайтын жаңашыр дос пен ықпал етушілер де болмады. Жетістікке жету үшін бірнеше есе күш жұмсау қажет болды.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Оң және кері әсерлері?

Қоғамдық жұмыстардың нәтижесін көру, адамдардың ілтипат сөзін есту өзіме күш жігер береді. 

Моңғолиядан кәсіпкерлер «Айсұлу Олзвойқызы қайда?» деп іздеп келіп, бизнестік байланыс орнатып жататыны қуантады. Әрине кері әсерлері бар. Бірақ еңбек пен жақсы ниет болса, әр бастаған іс алға басады дегенге сенемін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Стилист Айсұлу Азаматқызы қызметінің қыр-сыры жайлы айтып берді

Published

on

27 маусым, Казньюс ақпарат агенттігі. Стилист Айсұлу Азаматқызы Баян-Өлгий аймағында “Әлем сенімен әдемі” атты мастер класс өткізді. Сән әлеміндегі мәртебелі мамандықтың иесі – стилист Айсұлу Азаматқызы қызметінің қыр-сыры жайлы айтып берді.  

Өзі жайлы және мамандық таңдау туралы

Айсұлу Азаматқызы Баян-Өлгий аймағында туып өскенімен, 7 сыныпта ата-анасымен бірге Қазақстан Республикасына қоныс аударған. Әль-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығымен бітірген. 

«Әдебиетке жақындығы арғы тегімнен. Атам Имашхан Байбатырұлы Моңғолия және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, драматург болған кісі еді. 2000 жылы өмірден қайтты. Мамандығым бойынша жұмыс жасамадым. Әу баста осы мамандықпен нан табамын деп оқымадым.

Бірақ маған өмірлік азық болды. Тұрмыс құрып, бала тәрбиесімен 8 жыл үйде отырдым. Арада біраз жыл өткенде ішімдегі шығармашылыққа бейімділігім бәрібір мені осы мамандыққа алып келді.

Нақты қай салаға барғым келетінін бірден білмедім. Үнемі ізденіс және психологиялық жағынан терең жұмыстар өзімді зерттеуім тануым осы мамандыққа алып келді.» – дейді Айсұлу.

Алматы қаласында стилист маманымын. Қазақы аудиторияға кеш келген сала, мамандар өте аз. 

Қазіргі қызметі жайында

Қазіргі таңда Алматы қаласында стилист маманымын. Қазақы аудиторияға кеш келген сала, мамандар өте аз.

Қыз-келіншектерге сәнді киіну жөнінде кеңесті онлайн және оффлайн беремін. Одан бөлек шоппингті онлайн және қыздарымызбен бірге шығып жасаймыз.

Моңғолиядан да онлайн түрде қызмет алып киім алдырып жатқан қыздарымыз баршылық.

Осы жерде айта кеткім келеді. Алыстан дорбаламай аймағымыздағы кәсіпкерлер киімдердің табиғи матасына, ыңғайлылына қарап және сәннен кемі 2-5 жыл кетпейтін киім үлгілерін біліп соларды сатса екен деген тілек бар. Себебі біраз дүкенді аралап жоғарыдағы талаптарға сай киімдер өте аз екенін көрдім.

Кешегі мастер класстан кейін қыздарымыз алған білімдеріне сай іздеген киімдерін жақыннан тауып алса екен деген тілек бар.

Осы мамандыққа келгенге дейін талғамыммен киінетінмін. Бірақ ережелерді білмедім. 

Стилист өнері өз алдына бір үлкен ғылым деп жатады. Олай болса сіз бұл салаға қалай келдіңіз? 

Иә, дұрыс айтасыз. Жастайымнан ерекше киімдерге қызығатынмын. Ертең киетін киімімді түнде жатарда ойлап жататынмын.(күлді)

Егер ойыма ерекше үйлесімдер келіп қалса атып тұрып жасап реттеген соң ұйықтайтынмын. Осы мамандыққа келгенге дейін талғамыммен киінетінмін. Бірақ ережелерді білмедім.

Басында “Өз-өзіне стилист” дейтін сабақ оқыдым. Ол тек өзім үшін еді. Байқаймын сала қызық. Сәнді киіну сенімділік береді, өз саласында әр адам өсуіне себеп болады екен, беретін пайдасы көп екен. Осы сабақта өте терең білім алдым. Сол біліммен-ақ біраз қыздарға кеңес беріп жүрдім.

Себебі ол жақта өзіңе ғана қатысты емес барлық адамдарға арналған киіну ережелері берілді. Қызығып оқыдым. Нағыз мен іздеген дүние екен. Ары қарай осы мамандықты оқимын деп шешім қабылдадым. Содан бері осы саладамын.

Білім алған ұстазым Қалқанбаева Бұлбұл дейтін мықты стилист ханымның командасында жұмыс жасаймын. Ол мен үшін үлкен жауапкершілік және мәртебе. Сенім білдіргені мені өсірді. Шабыттандырды.

Сізге идея қалай келеді?  

Ережелерді білген соң адамның көзі жаттыға береді. Талғамы өсе береді. Күнделікті сән саласындағы жаңалықтар, болжамдар, сән үлгілерін әлемдік жаңалықтардан бақылап отырып ішкі күйіңмен шабыттанып үйлесімдер жасай бересің.

Сіздердің клиенттеріңіз кімдер?  

Менің клиенттерім жас-өспірім қыздардан бастап 60 жасқа дейінгі аналар. Кейде әжеме киім таңдап беріңізші дейтін де ұсыныстар түсіп жатады. Ол кісілер 80 жаста да болуы мүмкін.

Клиенттеріңіздің ең жиі қоятын сұрақтары? 

Маған қандай киім жарасады? Қандай түс жарасады? Қалай баладан кейін қалып кеткен ішімді әдемі жасырамын? Тойға не киемін? -деген сұрақтар жиі қойылады.

Әлеуметтік желіде минималист болуға, сауатты киінуге шақырасыз, бұл жөнінде? 

Қазір барлығын біліммен саналы түрде жасайтын заман. Шкаф толған киім үйден шығарда “киім жоқ” дейтін мәселе барлығын мазалайды.

Сосын киімді эмоциямен сатып алатын жағдайлар өте көп. Сатушы жақсы жарасады, сізге құйып қойғандай деп мақтауын асырып беріп жіберетін жағдай жиі кездеседі.

Егер алушыда білім болмаса өзіне не керегін, не жарасатынын білмесе осындайда алған киімі көбіне жарамды болмай қалады.

Қазақ тойымен бай. Әр тойға алған көйлектері күнделікті киюге жарамай қайта-қайта тойға киюге келмей жүрген нәзік жандылар өте көп. Осы мәселерді шешу үшін минимализмге шақырамын.

Онсызда қарбалас жүреміз әр жолы киім іздеуге уақыт, энергия, қаражат қажет.

Шешімі кемі 2-5 жыл сәннен шықпайтын сапалы матадан тілілген, тігісі жатық, денеге қонымды, әр дене-пішіннің жаратылысы ерекшелігіне сай киімді таңдап небәрі 8-10 киіммен тойға да, қырға да, ойға да жарайтын киімдерді үйлестіріп киіп кете алу.

Ол үшін тым болмағанда кешегі сияқты мастер класстарға қатысса, онлайн, оффлайн жеке қызмет алса болады.

Білімге жүгінбей алған жарамсыз көйлегіңіздің құнын білімге салсаңыз ұтарыңыз анық. Ақтап аласыз.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Оң және кері әсерлері? 

Жұмысым шабыт сыйлайды. Психологиялық, әлеуметтік жағдайы қиын көп қыз-келіншектер бар.

Баламен отырып өзін тастап жібергендер де бар. Дұрыс киім таңдай алмай өзіне сенімсіз де кісілер бар.

Толықпын, арықпын, бойым ұзын, бойым қысқа, қараторымын деп ұялатын қыздарымыз саналы түрде біліммен киім таңдаса қай жаста да, қандай дене ерекшелігімен де әдемі, сәнді киінуге болады.

Сосын қазір ыңғайлылық сәнде. Өте өзекті. Сән-сән деп ыңғайсыз киім кию нағыз сәннен қалу. Оны бірінші кезекте ескереміз.

Жоғарыдағы қыздарымызбен жұмыс жасағанда көңіл күйінің көтерілгені, өзіне сенімділігі артқаны, киімнің көмегімен мысалы арық көрініп тұрғандығын көру мен үшін бақыт.

Күні бойы шоппинг жасау, таңдау энергияны көп қажет етеді. Шулы жабық сауда орталығында жүру үшін мықты жүйке де қажет.)))

Ондайда осы нәзік жандылардың құлпырғанын көріп өмірге құштарлығы артқаны барлық шаршауды ұмыттырып жібереді. Ертеңінде тағы бір қызбен сауда орталығына келіп тұрасың сосын. Оң әсері көп егер мамандық сізге ұнаса.

Маған ұнайды шабыт аламын. Кері әсерін көрмедім. Шығармашылық жұмыс болған соң шабыт, қуанышты көру маңызды мен үшін.

Қазір қандай киім түрлері трендте?  

Тренд мысалы биылғы жазға

Өзіңізді қаншалықты дамытасыз? Стилист болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз? 

Өзіңді дамыту өте маңызды. Өте жақсы сұрақ. Халықпен жұмыс жасайтын болғандықтан психологиялық күйім маңызды. Қызметіме жүгінген әр адамға жеке тұлға ретінде қарап қалауын тыңдап, кеңес беру үшін ол адамның өмір салтын, қызметін, қазіргі көңіл күйін түсініп жақсы нәтижеге шығаруға іштей дайындық қажет.

Жоғарыда айтқанай энергияны көп қажет ететін мамандық. Сондықтан дұрыс тамақтану, сергек жүруге, дене шынықтыруға көп мән беремін.

Кейде артық салмақпен келген қыздарыма кеңес беріп жеке жұмыс жасап салмағы қалыпқа түсіп жататын кез болады.

Мамандығым әдемілікке, сұлулыққа шақыратындықтан жан-жақты сол мамандығыма сай келбетте жүруге біраз жұмыстар жасаймын. Сосын сән саласы бір орында тұрсаң шығып қаласың.

Сондықтан сән әлемінің жаңалықтарын үнемі қарап отыру маңызды.

Стилист болғысы келетін жастар өзіме де жазып жатады. Қуаныштымын. Бізге өте қажет маман. Егер сізде титтей қызығушылық болса шетін оқып көріңіз ары қарай тәжірибе барысында нағыз сіз қалаған маман ба екен танисыздар.

Алда шәкірттер оқытамын себебі арада келіп ғана кеткенім аздық етеді. Неге өз аймағымызда жүгінетін мамандар болмасқа.

Сұхбат үшін рахмет сіздерге. Еңбектеріңіз жана берсін. Туған жеріме келіп маңызды салаға үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Жақсы күндерде жолыққанша.

Казньюс ақпарат агенттігі,

Сұхбаттасқан Гүлжан Ерболатқызы

Continue Reading

Басты назарда