

Дерек
Нығметұлы Есей: Өмірімнің 35 жылын хирургия бөлімшесінде өткіздім
Published
2 years agoon
22 желтоқсан, KAZNEWS. Жуықта ғана Моңғолия Президентінің жарлығымен Моңғолияның “Еңбек ері” атағын алған дәрігер Нығметұлы Есеймен Моңғолиялық “Өнөөдөр” басылымы өткізген сұхбатты тәржімалап ұсынамыз.
Еңбек Ері атағына қалай қол жеткіздіңіз?
-Медицина саласында 42 жыл еңбек еттім. Соның 35 жылын хирургия бөлімшесінде өткіздім. Мамандығыма құштарлығым және халықтың денсаулығы үшін жатпай-тұрмай еңбектеніп, қабілет қарымымды елім үшін арнағаныма мемлекет тарапынан берілген “баға” деп ойлаймын.
– Балалық шағыңыз, ата-анаңыз туралы айтып берсеңіз. Шабандоз бала болған деп те естідік?
– Шопан отбасында дүниеге келдім. Малымыз да көп болды. Ағайынды сегізіміз қой қырқып, шөп шауып, қозы-лақ жайып, аттың жалында өскен балалардың бірімін. Әкем бірлестік бастығынан жылқышы болуды қалаған соң біз де атқа жақын өстік. Біздің үй бие байлап, жүйрік баптайтын. Сондықтанда жайшылықта жорға мініп, той, мейрамдарда бәйгеге ат қосып, шабандоз болып жүрдім. Алты жасымнан бастап, сәйгүлікті серік еттім. Бір тойда екі бәйгеге ат қосатынбыз. Тақым талғанша атқа мініп, бәйгенің алдын бермейтін кездер де болды. Біздікі сол кездегі Цагааннуур, қазіргі Бугат сұмынына қарайтын.
– Сіз 70 жасты еңсерсеңіз де жас көрінесіз. Жұмыстан басқаға назар аудармаған соң адам қартаймайтын сияқты ма, қалай?
– Мен қарап отырмайтын адаммын. Қазір де Аймақтық орталық аурухана жұмысына мүмкіндігіме сәйкес қол ұшын беріп келемін. Қажет болса, шалғай ауылдарға шақыртумен барып тұрамын. Жекеменшік хирургиялық ауруханаларда да жұмыстаймын. Ең соңғы рет өткен наурыз айында «Нұр-Алтай» ауруханасы дәрігерлермен бірлесіп, бүйрегіне су толған, қатайған екі науқасқа ота жасадық. Жасым ұлғайғандықтан көп оталарға кірісе бермеймін. Бірақ өте мұқтаждық болған жағдайда одан бас тарту қиын. Жеке ультрадыбыстық диагностикалық құрылғы арқылы адамдарды қарайтындықтан бос уақытым болмайды. Жылына аймағымыздың 12 сұмынын екі рет айналып шығатындай жол жүремін. Қолым босай қалса, Орталық аурухананың хирургия бөлімшесіне барып, жағдайларымен танысып, ақыл кеңесімді айтып тұрамын. Өткенде астанаға бармас бұрын Елімізге еңбек сіңірген дәрігер Р. Жүністің шақыртуымен Дэлүүн, Булган сұмындарында 3 тәулік болдым.
-Зейнет демалысына қашан шықтыңыз?
-2010 жылы 60 жасқа толысымен зейнетақы тағайындаттым. Аурухана басшылығы мен бөлімшедегілерге енді зейнет демалысына кетейін деп едім, қызметтестерім: «Сізді жібере алмаймыз. Хирургия бөлімшесінің жалғыз тірегі өзіңізсіз. Біраз уақыт жұмыстай беріңіз,»- деді. Содан бері жұмысымнан қол үзбей, білетінімді айтып, кеңес беріп, білігтілігімді ел игілігіме жаратып келемін.
-Баян-Өлгийде халық арасында қандай сырқат түрлері көп кездеседі?
-Аймағымызда ауру-сырқау аздау. Тұмса табиғат пен таза су мен ауаның әсері болар. Жұқпалы аурулар басқа аймақтармен салыстырғанда орташадан төмен.
– Жергілікті дәрігерлердің көбісі «пәледен машайық қашып құтылыпты» деп, науқастарды үшінші сатылы ауруханаларға жолдайды. Сіз көбінде ондай жолды емес, науқастарды мүмкіндігінше емдеу жолын таңдайтын көрінесіз?
-1983 жылы хирургия курсын тәмамдадым. Сол кезде біздерді үлкен аурухаларға жолдап, тәжірибеден өткізетін. Мемлекеттік III орталық аурухананың Жүрек, қан тамырлары хирургы Ц.Бундан деген мықты дәрігердің жетекшілігінде тәжірибеден өттім. Бірде мен ұстазымнан «жүрек отасын жергілікті ауруханада жасауға бола ма» деп сұрадым. Ол кісі «егер жергілікті аурухана рұқсат етсе, біз сендермен бірлесе отырып, ота жасауға келісеміз» деп шын ниетімен жауап берді. Алыс-шалғайдағы аймақта хирургиялық ота жасаудың іргетасы осылай қаланды. Мен сол кездегі Баян-Өлгий аймақтық Денсаулық басқармасы басшыларымен сөйлесіп, Мемлекеттік III орталық аурухананың Хирургия бөлішесімен әріптестік келісім жасап, қарым-қатынас орнатып, көп нәрселерді үйрендік. 1984 жылы күзден бастап, жүрекке ота жасала бастады. Науқасты ұйықтатып қойып, денесін түгелдей мұзбен орап, температурасын 27 градусқа дейін төмендетіп, кеудесін тіліп, операция жасаған кезіміз де болды. Сол жылы күзде тума және жүре келе пайда болған жүрек ақауына орталық дәрігерлер қолдауымен ота істедік. Моңғолия бойынша алғаш рет аймақта жасалған алғашқы операция сол болуы керек. Ол кезде басқа аймақтарда мұндай ота жасалмайтын. 1986, 1988 жылдары өзіміз он шақты адамға ота жасадық. Сол жылдарда аймағымызда кеуде қуысына ота жасау белгілі бір деңгейге көтерілді. Маманданған дәрігерлермен бірлесе отырып, 36 операция істедік. Олардан өте көп дүние үйреніп, кәсібімізге төселіп, біліктілігімізді біршама арттырдық.
– Сонда сіз жүрек, қан тамырларына маманданған дәрігер болдыңыз ғой…
– Өзіме «егер сен хирург болсаң, барлығын да үйренуің қажетсің» деген мақсат қойдым. Соқыр ішек алғаннан бастап, ми, жүрек, тамыр, бауыр, өт, асқазан, ішек, сүйек, бүйрек деген сиқты барлық түрлі отадан жасауға күш салысамын. Ұланбатырдан Баян-Өлгийге дәрігерлер шақырып әкелу арқылы солардан көп үйрендім. Дәрігерлер қайтып кетсе де, байланыста болып, ақыл-кеңес алып тұратын едім. Мұнан соң қалқанша безі, қуық безі қатарлы сырқаттарға ота жасай бастадым дегендей барлық операцияларды аймақта жасадық.
-Аймақта оқыс жағдайлар көп болады. Мұндай кезде де көп ота жасаған боларсыздар?
-1996 жылы ауруханаға пышақталған екі азамат келіп түсті. Ер азамат 16, әйелі 14 жерден пышақталыпты. Пышақ ерінің жүрегіне тіке кіріп, өтіп кеткен ауыр жаралы еді. Ойланатын уақыт жоқ. Азаматтың кеудесін дереу тіліп, жүрегін тіктік. Қаны тік шапшып, бет ауызға шашырап, еденге жайылып кетті. Осылайша екі адамның жанын алып қалдық. Барлығы 38000 рет ота жасадым. Істемеген операциям жоқ деп айтуға болады. «Универсал трактор» дегендей жергілікті ауруханадағы жұмыстардың барлығына жегілдік. Науқасты алып жүруге келмейді, көп қан жоғалтқан деп сұмындарға шақыратын да кез көп. Жедел жәрдеммен жылдам жетіп, ота жасаймыз. Қан алмастыратын дәрігер мен анезтезиолог үшеуіміз ғана жолға шығамыз. Ауылдық жерлерде аттан жығылып, басына зақым келген, бел, омыртқасын сындырғандар көп келеді. Онда дәрігер жоқ болғандықтан өздерін өздері емдейтіндері де бар. Біздің кезімізде аймақта ультрадыбыстық диагностика дәрігері болмады. Сондықтан 1989 жылы осы бағытта білім алып, аймағымыздағы алғашқы ультрадыбыстық диагностика дәрігері атандым. Қазір жағдай жақсарды, орталықтан шалғайдағы ауруханалар әртүрлі салада маманданған жергілікті дәрігерлермен қамттамасыз етілді.
– Ауыр операция кезінде аурухана сыртына жиналған науқастың ағайын-туыстары әртүрлі мінез көрсетіп жатады. Сол сәтте сіз олармен қалай қарым-қатынас жасайсыз?
– Мен ашулана алмайтын адаммын. Ашуға булықсам, менен сөзді қойып, дыбыс та шықпай қалады. Ондай мәселеге сабырмен қараймын. Емделушілермен жылы қатынаста болған жөн. Адамдарға даяшылық жасау, оларға мейірімді көзбен қараудан асқан дүние жоқ. Бұл бір өмірдің ләззаты. Сондықтан сырқатты емдеп, жақсы нәтижеге қол жеткізумен қатар мейірімділік танытып, сабырға келтіріп, әңгімелесу өте маңызды. Мен жақсылап ойланып-толғанып барып, емдеу жасап, шынайы ниетпен еңбек етуді мақсат тұтамын.
– Медициналық білімді қайдан алдыңыз?
-1972 жылы Улаанбаатар қаласындағы Медицина техникумына түсіп, 4 жыл оқыдым. Бітірген соң Денсаулық сақтау басқармасында кадр жауаптанған маман, одан кейін Қызыл крестілер қоғамында орынбасар болып тұрып, 1977 жылы Медицина институтына қабылданып, 6 жыл білім алдым. Барлығы он жыл оқыдым. Ол кездері Моңғолия медицина жоғары оқу орнының сапасы жақсы, оқытушылар өте білікті еді. Хирургия оқытушысы П.Долгор, Б.Гоош, Д.Даваасүрэндер болды. Дәрігерлерден Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлық иегері Г.Нямхүү, А.Отгондалай, травматолог Г.Дэмид қатарлы жақсы адамдармен араласып, білім нәрімен сусындадым.
-Бала-шағаларың ғана емес, ағайын-туыстарыңыз арасында да дәрігерлер бар екен. Сіздерге дәрігерлік мұраға қалған ба?
– Әкелі-балалы дәрігерлер де бар. Мемлекеттік сыйлық иегері, Халық дәрігері, әйгілі хирург Ж. Хайролла мен оның балалары да бізге туыс болып келеді. Олар жүйке, жұлын жүйесінің мықты дәрігерлері. Балалардың да дәрігері бар. Көз және гинеколог дәрігерлері деген сияқты тізе берсем, біразға барады. Қызым – кіші дәрігер. Келінім – дәстүрлі, халықтық емдеу дәрігері. Маған ешкім дәрігер бол деген жоқ. Химия мен физика пәніне жақсы болғандықтан осы мамандықты таңдадым. Басты себеп – бала кезімдегі бір оқиға.
-Ол қандай оқиға?
-Орта мектепте жүргенде тізем қатты ауыратын. Содан әжем мені аруханаға апарды. Бөлмеге кірсек, әйел дәрігер отыр. Оған қаралып, кеңес алып, дәрі-дәрмек жазып берді. Бірер күннен кейін ауырсыну сап тыйылды. Жүгіріп, ойнап, мәз болып қалдым. Содан дәрігер деген не деген керемет мамандық деп ойладым. Мамандыққа қызығушылығым оянып, дәрігерлікке құмарта бастадым.
– Қызыңыз: «Анамнан бала кезімде айырылдым. Әкем бізді бағып-қағып өсіріп жеткізді,»- деп отыр. Тынымсыз жұмыстан тыс балаларға уақыт бөлу оңай болмаған болар?
-1996 жылы жарым қайтыс болды. Мен бар уақытымды адамдарды емдеуге жұмсайтынмын. Балалар өздері өсті. Тек түзу жолдан таймауларын ғана оларға ескертетінмін. Үлкен ұлым полиция ұйымында көп жұмыстап, подполковник шенін алып, демалысқа шықты. Одан кейінгісі күзет компаниясының директоры, үшінші ұлым қалада заңгер. Кенже қызым Аймақтық орталық ауруханада кіші дәрігер болып істейді.
-Қайда дүниеге келдіңіз?
-Мен Налайхда тудым. Баян-Өлгийде өсіп, ер жеттім. Жолым түскенде туған жеріме барып, аунап-қунап қайтамын.
-Бүркіт салып көрдіңіз бе?
-Әкем саятшы болды. Бүркітті балапан кезінен қолға үйретіп, аңға салған кезде бірге баратынмын. Көбінде қағушы боламын. Шың-құзды кесіп жүретіндіктен мықты ат қажет. Бала кезімізде тау тасты бірталай араладық. Көкпар тартысып, бәйгеге қатысып, балуан күрескенге не жетсін! Балалық шақта мұның бәрін де бастан өткіздік.
– Хирургия бөлімшесінде ғұмырыңыздың көбін өткізген екенсіз. Ұжымыңызға қаталдық танытқан жоқсыз ба?
-Аймақтық орталық аурухананың хирургия бөлімшесін көп жыл басқарып, кейін кеңесші дәрігер болдым. Жастарды іске жеккен сайын олар өмірден үйренеді. Оларға қатаң талап қоямын. Соның нәтижесінде бөлімшеміз көптеген жыл үздік бөлімше ретінде сыналтылды. Біздің кезімізде түрлі-түсті теледидар тапшы еді. Сыйға «Рекордтан» бастап, көп теледидар алдық. Соңында шкафтармен сыйлады. Сыйға берген дүниені бөлімшені жабдықтауға арнадық. 1990 жылы біздің көп дәрігерлер Қазақстанға қоныс аударды. Сол уақытта ауруханада травматолог дәрігер екеуіміз ғана қалдық. Бөлімшеде жалғыз жұмыстадым. Олардың көбісі тұрмысын жақсарту үшін солай бет алды. Аймақ басшылығы дәрігерлерге көшуге тыйым салса да, тоқтата алмады. Жұмыс өте ауыр еді. Сондықтан жаңа бітіріп келген дәрігерлерді жұмысқа алып, баулыдық. Ешқандай мамандық жетілдіру курсінен өтпеген, тәжірибесі аз оларды өзім тәжірибеден өткізіп, өзім үйреттім. Олар қазір халыққа танылған дәрігерлерге айналды. Солардың бірі елімізге еңбек сіңірген дәрігер Б.Бейсен. Ол қазір халық сенімін жүктеп, Парламентте депутат болып отыр. Тарыққан сәттерде жастарға сенім жүктеп, «ота жасап үйрен», «біліміңді шыңда», «мамандығыңның шебері бол» деп үгіттейтінмін. Дәрігерлердің бәрі де бірдей емес. Кейбір операцияға кірмей, «отыра тұрайын» дейтіндер де болады. Кім жағымсыз иіс ортасында болғанды қалар дейсіз?! Ота жасауға қатыспаймын деп айтпаса да, емеуірінен білініп қалады. Иіс-қоңсы жоқ сүйектің операциясына қатысады. Сондай ғана отаға қатысатын да дәрігерлер бар.
-Білікті дәрігерге шақырту көп болатын шығар?
-Қобда аймағындағы Батыс өңірлік диагностика және емдеу орталығы құрылғанда жұмысқа шақырды. Сол аймақ әкімі де, аурухана директоры да тілек білдірді. Хирург және ультрадыбыстық диагностика дәрігері болсаң деді. «Үй берейік. Балаларың оқу төлемін төлейік» деген ұсыныс жасады. Мен осы жерден кеткім келмей, бас тарттым.
-Жастарға айтар өсиетіңіз?
-Олар барлығын білеміз, қолымыздан келеді деп ойлайды. Қоғам дамып, ақпарат алатын көздер көбейгендіктен бұл да мүмкін. Білуге тиіс және жасауға болатын істер бұл дүниеде көп қой. Бастысы – сол айтқан нәрсесін іске асыра білу. Жастар сол жағын ой елегінен өткізіп көрсін. Кітаптан оқығанды білемін деп ойлауға болмайды. Соқыр ішекті алып тастайтын дәрежеге жеткен соң мен бәрін істей аламын деп өзіңе сүйсінуге болмайды. Біліктілігіңді одан сайын арттырып, біліміңді одан сайын шыңда. Кішкене нәрседен тояттанбай, көп нәрсені үйрену қажет деп айтқым келеді. Білімде шек жоқ. Қазіргі жастардың тіл үйреніп, білімін жетілдіруіне шексіз мүмкіндік бар.
Әңгімеңізге рахмет!
Дерек
Футзалдан ел біріншілігіне қатысқан футболшылардың орташа жасы – 23 де
Published
2 months agoon
April 6, 2023
6 сәуір, KAZNEWS. Моңғолия Президентінің қолдауымен Дорноговь аймағының Сайншанд қаласында ұйымдастырылған футзалдан 21 аймақтар арасындағы «Ұлттық кубок-2023» ел біріншілігі аяқталды.
Баян-Өлгий аймағының құрамасы алғаш рет 4 -ші орынға тұрақтап, 1 миллион 500 мың төгрөг ақшалай сыйлықмен марапатталды.
Казньюс ақпарат агенттігі аталмыш ел біріншілігіне қатысқан ойыншылардың орташа жасын есептеп шығарды.
Казньюс сараптамасына сүйенсек, К.Наурызғажы бапкерлік еткен футболшыларымыздың орташа жасы – 23 де.
Ең кішкенесі 16 жаста, ең үлкені 32 жаста екенін байқауға болады.
Н.Халук 16, З.Капитрон 17, Т.Серлан, С.Ердос, М.Айболат, Е.Ақжол 21, Т.Бақыт 22, Қ.Дәуренбек, Қ.Ерқанат 23, М.Ертіс, Т.Ақжол 25, А.Айдын 26, Б.Ертіс 29, А.Тұрар 32 жаста.

Ұлыбританиялық DailyMail басылымы америкалық фотограф Макса Воның суретін жариялады. Суретте Алтай тауларының тау-тасты шатқалында сирек кездесетін ілбіс түсірілген.
Ерекше ілбісті суреттен табу оңайға соқпайды. Жыртқыш Батыс Моңғолияның таулы пейзажында мықты жасырынған.
Жұмбақ аң әлі күнге дейін әлемдегі ең аз зерттелген мысық тұқымдастарының бірі болып есептеледі. Барысты көру – үлкен сәттілік. Көптеген халықтар үшін бұл жануар күштің, тектіліктің және биліктің символы.
Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мәліметінше, ілбісті халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енгізілген және Ресей, Моңғолия, Қытай, Қазақстан, Ауғанстан, Үндістан, Қырғызстан, Непал, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Бутан елдерінде мекендейді. Бұл тіршілік иесі сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан түр мәртебесіне ие.
Дерек
1903-2023 жыл аралығындағы қоян жылында есте қалған оқиғалар
Published
5 months agoon
January 6, 2023
06 қаңтар, KAZNEWS. Қоян жылы– барыс жылынан соң, ұлу жылынан бұрын келетін мүшел есебінің төртінші жылы.
Қоян қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы ретінде бағаланады. Қоян жылғы жұт пен апат, аштық қаламгерлер шығармаларына да арқау болып қалды. Солардың бірі І.Жансүгіров былай деп жазды: Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан, Бір қазақ таба алмайсың, қысты ұнатқан. Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан.
Сонымен, қоянның жақсы тұстары да болған. Қоян жылы дүниеге келгендер сезімтал әрі момын, жанашыр Қоян тік мінезімен және білімге құштарлығымен ерекшеленеді. Ол бала күнінен дами түсіп, аса көрнекті тұлғаға айналады.
Бұл жылдар адамзат тарихында коммерциялық түрлі-түсті теледидардың шығарылуы, билікке Маргарет Тетчердің келуі, Солтүстік полюстегі “Сібір” мұзжарғышы, есеп-қисаптың евроға өтуі және жер шарының жетінші миллиард тұрғынының дүниеге келуі қатарлы оқиғалар әлемдегі айрықша маңызды оқиғалар ретінде саналады.
Бұл жыл белгілеріне мына жылдар сәйкес келеді: 1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999 және 2011. Ендігі Қоян жылы 2023 жылға тұспа-тұс келіп тұр.
Ал, Моңғолия қазақтарының есінде өткен қоян жылдары несімен сақталды?
1903 жылы
Манж Цинь үкіметі Алтайдың күңгейі мен теріскейіндегі қазақтарды оң және сол қол деп бөліп, Қобда қазақтарын «оң қол» етіп ұйымдастыруға талпынды. Бұл ниеті 1905 жылы іске аспай қалған.
1915 жылы
Моңғолия, Ресей, Қытай арасындағы үштік келісімге қол қойылды. Келісім бойынша Моңғолияны тәуелсіздігінен айырып, Сыртқы Моңғолияда автономия статусын күшпен еңгізді.
Батыс моңғолияда Жа ламаның айдауынан зардап шегіп Қобда өлкесінен жер аударылған тұрғындар қайта оралды.
1927 жылы
Мемлекеттік IV Ұлы хуралына Ж.Адырбай, Чүлтэм да, Т.Күшкенбай, Т.Қожа қатарлы азаматтар өкіл ретінде қатысқан.
Алтанцөгц өлкесінде алғашқы бірлескен мектеп орнап, алғашқы ұстазына Хобда аймағынан Лхам ұстаз келіп жұмыстаған.
Улаанбаатар қаласындағы Өнеркәсіп комбинатына жұмыстауға алғашқы жұмысшылар қосыны аттанған.
1939 жылы
1939 жылы маршал Х.Чойбалсан батыс өлкеге сапар шегеді. Ол кезде қазіргі Моңғолияның ең батыс өлкесінде орналасқан Толбо, Жаргалант-Сагсай, Улаанхус сұмындарында болып, Чойбалсан қазақтар шоғырланған өлкеге келгенде, «Қазақ, урианхайларға жеке аймақ орнатып берем» деп уәде етеді.
Жапония милитаристері Моңғолия жеріне Халхин ғол бойында басып кіргенде Ікей Мәзімұлы соғысқа Л.Дандар басқарған 6-атты әскер дивизиясының 15-полк командирі ретінде қатысады. 1939 жылы 24 шілдеде Ікей Мәзімұлы жаудың қорғаныс шебін бұзып кіру бұйрығын алады. Осы шайқаста ерлікпен қаза табады. Ікей батыр Мәзімұлына осы ерлігі үшін 1979 жылы Моңғол Халық Республикасының батыры атағы берілген болатын.
1939 жылғы Халхин-голда КСРО мен Моңғолия қарулы күштері бірлесіп жапондарға соққы берді. Соғысқа өз полкын бастап полковник Жайсанып та қатысады. Генерал Зайсанов Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Халхингол соғысына небəрі 18 қазақ азаматы қатысқан дерек бар. Ал, 1945 ж. соғысқа неше жүздеген қазақ жігіттері қатысып, елін, отанын қорғауда өздерінің азаматтық, жауынгерлік парыздарын адал атқарды. Қайсыбірі отан қорғап жүріп, қиыр шығыста жер жастанды. Халқа өзені бойындағы соғыс қазақтардың жауға қарсы батыл соғыса алатын отаншыл рухшыл екендігінің айқын дəлелі болды.
1939 жылы Шэн Шицай Алтайда «тазарту науқанын» жүргізіп, Ақыт Ұлімжіұлы жəне Мəкей қатарлы 30-дан аса қазақтың беделді адамдарын тұтқындап, Үрімжіге апарып түрмеге жабады. Оларға «Жапон басқыншыларымен астасқан, Жапонияның шпиондары, бандиттері, жапондықтардың Қытайға агрессия жасауын қолдаушылар» деген қылмыс тағады.
Халық санағы жүріліп, қазақтың барлық саны 24956 адам болғаны анықталған.
1951 жылы
Халық төңкерісінің 30 жылдың мерей тойына арналған Моңғолдың ұлттық күресінен Нұрқадыл Тоқтарбайұлы «Мемлекеттік лашын» атағын жеңіп алды.
Моңғол елінде сайлаудың жаңа заңы қабылданып Мемлекеттік Ұлы Хурал сайлауы жүріліп, Баян-Өлгий аймағынан 15 депутат сайланған. Олар: Т.Байдолда, М.Боранбай, Ж.Күміс, Ш.Ноғай, Ж.Орманбет, Т.Рахмет, М.Қашғынбай, Т.Риян, М.Құрманхан, Б.Құрметбек, Б.Мишиг, Л.Гончигсүрэн, Қ.Мұқанат, Э.Батвай, Т.Нанзад, Т.Құдайберген.
Аймақта алғашқы дизель станциясы орнады.
Құрылыс бригадасы орнаған.
Моңғолия елінде өндірістік науқанды жұмыстар атқарыла бастады. Осыған байланысты Моңғолияның батыс аймақтарынан, əсіресе, Баян-Өлгий өңірінен жаңадан құрылып жатқан шахта, руда өндірісінің жұмыстарына Орталық Моңғолия аймағына қоныстанды. Баян-Өлгийден Налайх көмір шахтасына төрт рет (1942, 1947, 1951, 1957), Шарынголға екі рет (1962, 1968), Бэрх рудасына екі рет (1957, 1961), Хажуланға бір рет, Чоноголға көмір қазуға бір рет (1952), Эрдэнэтте мыс қазуға екі рет (1978, 1982) жұмыс күштері тартылды.
Бұл жылғы қоян жылы аймақ басшысы қызметін Құрманхан Мұқамедиұлы (1950.12-1952.8) атқарып тұрған.
1963 жылы
Цэнгэл, Цагаан голсұмындарын қосып, Цэнгэл сұмынын орнатты.
Моңғолияда халық санағы жүрілген. Қазақтардың үлесі 48838 адам болған.
Аймақтық Журналистер одағы құрылды.
Мұсахан Қаматжанұлы Чехославакияның «Достық» орденімен марапатталған.
Бұл жылғы қоян жылы аймақ басшысы қызметін Ырым Жуанғанұлы (1959.11-1970.6) атқарып тұрған.
Халық Ұлы Хурал депутатына бұл жылы О.Тілейхан, Ш.Қабдыл, Ж.Ырым, Б.Шөрке, О.Дуламрагчаа, Б.Лхагвасүрэн, Д.Гомбожав, Т.Нуға, Қ.Қаби, Ж.Серікбай, М.Цэндээ, Н.Күлила, Н.Залел, А.Дэмбэрэл, Т.Өтнөө қатарлы азаматтар сайланған.
1975 жылы
Бұл жылғы қоян жылы аймақ басшысы қызметін Сарай Асқанбайұлы (1970.6-1978.6), Ховд аймағы басшысы қызметін Қабдыл Шәбіұлы (1965-1976 ж) атқарып тұрған.
Баян-Өлгий аймағының Музыка драма театрынан Қабыкей Ақмерұлы мен Қаду Жекейқызы «Моңғолияға Еңбек сіңірген әртіс» атағына ие болды.
Базылхан Бұқатұлының «Моңғол-қазақ тілінің салыстырмалы граматикасы» ғылми жұмысы жарық көрген.
Мәскеуде басылып шыққан «Кеңес үкіметінің экономикасының энциклопедиясы» -ның екінші томында Экономика ғылымдарының докторы Өмірбек Қамбарұлының еңбегін жоғары бағалаған. Бұл ғалымның деңгейін көтерген тарихи дерек болып табылады.
1987 – жылы
Зардыхан Қинаятұлы тарих ғылымдарының докторы атанды.
Бұл жылғы қоян жылы аймақ басшысы қызметін Қызырхан Құсбекұлы (1978.6-1989.11) атқарып тұрған.
1999 – жылы
Демократиялық жолмен сайланған Моңғолия үкіметі мен парламенті 1937– 1938 жылы елде жүрілген саяси нəубаттың қате болғанын ресми мойындап, құрбан болғандарды кінəсіз деп түгелдей ақтады. Көзі тірі ұрпақтарына Моңғолия үкіметі 1 млн төгрөг (шамамен сол кезде 1000 АҚШ доллары) көлемінде өтемақы төледі.
Сарай Асқанбайұлының «Революциядан кейінгі Баян-Өлгий аймағының қазақ, ұраңқай халқы» атты туындысы жарық көрді.
Бөхийн Бааст «Моңғолияға Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері» атанды.
Байылхан Ниязұлы мен Баяжих Авирмэд «Моңғолия Еңбек сіңірген ұстаз» атанды.
Бұл жылы аймақ басшысы қызметін Мейрам Қадырұлы (1996.10-2000.8) атқарып тұрған.
2011 жылы
Аймақтық мерей тойда ұйымдастырылған палуандар күресінде Еркебұлан Малшыұлы жеңімпаз атанып “аймақ арыстаны” атағын алды. Серік Бердімұратұлы “аймақтық піл” атанған.
Бұл жылы халық саны 89369 адамды құраған. 1991 жылы халық саны 99063 адам болса, 1994 жылы 76163 адам болған. Бұл жылдары халық саны 22 мың 900 адамға азайған. Ал, 2001-2016 жылдары Баян-Өлгий аймағының халық саны 828 адамға ғана өзгереді. Бұл жылдары 20 мыңға жуық адам өзге өлкелерге қоныс аударған.
Өмірбек Қабайұлы Моңғолияда қазақ тілінде ақпарат тарататын Казньюс ақпарат агенттігінің іргетасы қалап, моңғолия қазақтарының интернеттегі порталы kaznews.mn сайтын құрастырды.
Дербес телеарнасы ашылып, Моңғол заман газеті жарық көрді.
Бұл жылғы қоян жылы аймақ басшысы қызметін Қабыл Сәкейұлы (2007-2012.12) атқарып тұрған.
2023 – жылы
Бұл жыл елімізге өз жақсылығын ала келсін деген тілектеміз. Қоян жылы құтты, берекелі болсын!

24 желтоқсан. KAZNEWS ақпараттық агенттігі жыл сайын «Жылдың үздік 10 оқиғасын» анықтауды дәстүрге айналдырған. Агенттіктің көзқарасы бойынша 2022 жылдың үздік оқиғасы төмендегідей.
1. Баян-Өлгий аймағының құрама командасы футболдан Моңғолия чемпионы атанды
09 тамыз күні Баян-Өлгий аймағының құрама командасы финалда 2:1 есебімен Төв аймағының командасынан басым түсті. Матчтың 16 және 38 минутында Баян-Өлгий аймағының спортшысы Есбол Талғатұлы қарсылас команданың қақпасына екі мәрте гол салып, басымдық танытты.
Төв аймағынан 80+5 минутта Б.Далайцэрэн гол салғанымен жеңісті жұлып ала алмады.
Чемпионаттың нәтижесінде Баян-Өлгий аймағының команда капитаны, жартылай қорғаушы Мұстафа Бақытханұлы “Үздік ойыншы”, Көпберген Мерейұлы “Үздік қақпашы” атанды.
Аяқдопшы жастардың бұл жетістігі жылдың үздік оқиғасына лайық.
2. Серік Бердімұратұлы «Улсын заан» яғни мемлекеттік піл дәрежелі палуан атағына ие болды
Ғұн империясының 2230, 2231 жылдығы, Моңғол империясы орнауының 815, 816 жылдығы, Ұлт азаттық қозғалысының 110, 111 жылдығы және Халық революциясының 100, 101 жылдығы Моңғолияның Ұлттық мерекесіне арналған күрес сайысында Баян-Өлгий аймағының тумасы Мемлекеттік начин (қаз. лашын) Серік Бердімұратұлы күрестің 7 кезеңінде мемлекеттік заан Доржийн Анарды жығып, мемлекеттік «заан» яғни мемлекеттік піл дәрежелі палуан атағына ие болды.
Серік Бердімұратұлы жасыл алаңда Э.Сумьяабат (6 кезең), Ц.Төмөрцоож (5 кезең), П.Даваадорж (4 кезең), Ш.Чинтулга (3 кезең), Б.Өлзийсайхан (2 кезең), Э.Дашзэвэг (1 кезең) қатарлы пауландарды айқын басымдықпен ұтты. 8 кезеңде мемлекеттік аварга (қаз. чемпион) дәрежелі палуан Намсрайжав Батсуурьдан ұтылып қалды.
Естеріңізге салсақ, Серік Бердімұратұлы 1994 жылы туған. Салмағы 110 келі. 2011 жылы аймақтық піл дәрежелі палуан, 2013 жылы аймақтық арыстан дәрежелі палуан, 2017 жылы мемлекеттік лашын дәрежелі палуан атанған болатын. Мемлекеттік «заан» яғни мемлекеттік піл дәрежелі палуанды аймақ халқы 76 жыл күтті. Бұған дейін 1946 жылы Моңғол Халық Республикасының 25 жылдық мерей тойында алғаш рет Әбдіғажы Терлікбайұлы бұл атақты жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, мемлекеттік тойда 40 садақ оғының 39 оғын нысанаға дәл тигізіп жеңімпаз атанған Баян-Өлгий аймағының Буянт сұмын тумасы Төхөөний Очирооға “Улсын мэргэн” яғни мемлекеттік мерген атағы берілді. Бұл азаматтардың жеткен жетістігі халыққа рух беріп, мақтаныш туғызды. 2022 жылдың үздік оқиғасы атануға лайық.
3. Айнагүл Айыпханқызы әлемдік IWEC-2022 сыйлығына ие болды
Испанияның Мадрид қаласында 15-ші IWEC (Тhe International Women’s Entrepreneurial Challenge Foundation) Әйелдер кәсіпкерлігі жөнінде конференциясы өтті. Конференцияға әлемнің 50 елінен 150 ге жуық кәсіпкер әйелдер қатысты.
Аталмыш шараға Баян-Өлгий аймағынан «Паккале» компаниясының директоры Айнагүл Айыпханқызы, “Best” сауда орталығының директоры Лашын Сахабақызы, «Баян-Медиана» компаниясының директоры Риза Мизанбайқызы қатарлы кәсіпкерлер қатысып қайтты.
Бұл конференция аясында “2022 IWEC” сыйлығымен Айнагүл Айыпханқызы марапатталды.
4. Қазақ қызы жиу-житсудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Моңғолиялық Қымбат Батайқызы Әбу Дабиде (Біріккен Араб Әмірлігі) өткен “World Pro JiuJitsu Championship 2022” жарысында көк белбеулер арасында 62 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Естеріңізге салсақ, Қымбат Батайқызы бұған дейін жиу-житсудан 2020 жылғы ел біріншілігінде чемпион атанған болатын.
Қазақ қызының қайсарлығы 2022 жылдың үздік оқиғасына лайық деп танылды.
5. Ә.Базар мен Т.Аягүл моңғолиялық Forbes-тің «30-ға дейінгі 30» рейтингіне енді
Моңғолиялық Forbes журналы «30 жасқа дейінгі ең перспектиалы 30 моңғолиялық» рейтингін жариялады.
Тізімде әртүрлі саладағы мықты жас кәсіпкерлер бар. Биылғы жылғы тізімге екі қандасымыз кірген.
Forbes-тің «30-ға дейінгі 30» рейтингіне “Хэруга партнерс” компаниясының негізін қалаушысы, адвокат Базар Әшімұлы мен “CallPro” компаниясының атқарушы директоры Аягүл Тілейханқызы бар.
6. Бодибилдер Еркебұлан Байытұлы Азия чемпионы атанды
Моңғолияның Эрдэнэт қаласында тұратын бодибилдер Еркебұлан Байытұлы Азия чемпионы атанды.
Бодибилдингтен 54 реткі Азия чемпионаты Малдив аралында өтуде. Азия чемпионатының “Men’s sports physique up to 180 cm” категориясы бойынша өнер көрсеткен Моңғолиялық қазақ бодибилдері Еркебұлан Байытұлы топ жарып, алтыннан алқа тағып Моңғолия құрамасының қоржынына алғашқы медалды салды.
Еркебұлан Байытұлына бұл жолғы чемпионатта Үндістан, Тайландия және Иран спортшылары лайықты қарсылас болған.
7. Құтлық Елтеріс қағанға арналған көне түркі дәуіріне тиесілі ғұрыптық кешені табылды
2022 жылғы 25 тамыз – Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия академиясының Тарих және археология институты бірлесіп жүргізген «Номгон-2022» ғылыми археологиялық экспедициясы барысында Номгон алқабында (Моңғолияның Архангай аймағы) Құтлық Елтеріс қағанға арналған көне түркі дәуіріне тиесілі ғұрыптық кешені табылды.
Бұл туралы 2022 жылғы 24 тамызда Улаанбаатарда өткен баспасөз конференциясында Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі мен Моңғолия Ғылым академиясы жанындағы Тарих және археология институтының директоры Г.Эрэгзэн мәлімдеді.
Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия ҒА Тарих және археология институты «Бүгін сіздермен қуанышты жаңалығыммен бөліскелі отырмын. Биылғы экспедицияның нәтижесінде Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазба ескерткіші табылып отыр. Түркі дәуірінің құнды жәдігерінде «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне жазба ескерткіш екенін атап өткім келеді», – деді Д.Қыдырәлі БАҚ өкілдеріне.
Экспедиция мүшелерінің мәліметі бойынша, Номгон кешені 49х41,5м аумағында орналасқан. Кешеннің орталық ғимаратының айналасында сопақша арық қазылып, қазылған топырақтан бекіністің өзі тұрғызылған. Қазба жұмыстарының орнында табылған құнды олжаданың екі жағында – құлпытастың фрагментіндегі мәтін көне түркі руна жазуымен қашалған, ал үшіншісінде – соғды тіліндегі жазу. Экспедицияға қатысқан ғалымдар ескерткіш мәтініндегі «Тәңір», «Түркі», «Құтлық», «түмен» сияқты бірқатар сөздерді анықтай алды. Табылған жәдігерлер мен жазба мәтіні негізінде ғалымдар Номгон кешені Күлтегін мен Білге-қағанның әкесі – Түрік қағанатын жаңғыртып, оны 682-693 жылдары билеген Құтлық Елтеріс-қағанның құрметіне салынған деген қорытындыға келді. Осылайша, «түркі» сөзі кездесетін жерлеу тасынан табылған жазу түркі дәуірінің ең көне жазба ескерткіші болып табылады.
8. Зейнеп Әзімбайқызы бокстан ел чемпионы атанды
Улаанбаатар қаласында бокстан ересектер арасындағы ел біріншілігінің финалдық ойындары өтті.
Қыздар арасындағы бәсекеде 81 келі салмақта өнер көрсеткен Зейнеп Әзімбайқызы рингде қарсыласы Увс аймағының спортшысы Д.Одонзаяаны басымдықпен ұтып, ел чемпионы атанды.
Зейнеп Әзімбайқызы бұған дейін жастар арасындағы ел біріншілігінде чемпион атанған болатын.
Сонымен қатар, қыздар арасындағы бәсекеде 48 келі салмақта өнер көрсеткен Жанаргүл Бейсенбейқызы қола жүлде, ерлер арасындағы бәсекеде 67 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жандос Асқарұлы қола жүлдегер атанса, +92 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бекнұр Қалиұлы күміс жүлде және бұл салмақта өнер көрсеткен Ерболат Төлекұлы қола жүлдегер атанды.
9. Арман таэквондо клубы батыс зоналық турнирде көш бастады
17-19 желтоқсан күндері Увс аймағының орталығы Улаангом қаласында олимпиадалық таэквондодан Батыс зоналық клубтарының «DREAM CUP-2» турнирі өтті.
Жарысқа Говь-Алтай аймағынан GAA Leopards, Ховд аймағынан «Эрин», «Сүлд-Алдар», Увс аймағынан «Ойрад пауэр», Баян-Өлгий аймағынан «Арман» таэквондо клубтарынан 400-ден астам спортшы бақ сынады.
Баян-Өлгий аймағынан аталмыш турнирге қатысқан таэквондошылар 3 алтын, 5 күміс медаль, 14 қола медаль иеленіп, қорытынды есеп бойынша 1 орыннан көрініп, “DREAM CUP” алтын кубогын жеңіп алды.
Бапкері қызметін аймақтық Спорт және денешынықтыру басқармасының маманы Ерұлан Шөленұлы атқарды.
10. Nomadic Hunters FC командасы футзалдан Моңғолия чемпионы атанды
Nomadic Hunters FC командасы футзалдан Моңғолия чемпионатының финалдық кездесуінде «Хан-Уул» командасын 5:2 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Баян-Өлгий аймағының қазақ жастарынан құралған Nomadic Hunters FC командасы футзалдан алғаш рет ел біріншілігінің чемпионы атанып, тарихтың жаңа парағын ашып отыр.
Nomadic Hunters FC командасы алдағы уақытта Футзалдың 1-ші лига ойындарында өнер көрсететін болады.
Кездесу жылдам голмен басталды. Ең әуелі Ертіс Болатұлы бірінші голды 1-минутта салды. Хан-Уул командасы қайтарма шабуылға өтіп, Т.Мөнхбаатар есепті 7-минутта теңестірді. Хан-Уул командасының спортшысы Б.Амарсанаа екінші голды 8-минутта соғып, бірінші таймда басымдық көрсетті. Екінші таймда, Ертіс Мирұлы ойын тізгінін қолға алып, есепті 17-минутта қайта теңестіріп үлгерді. Nomadic Hunters FC ойыншысы Ертіс Болатұлы қарсыластарынан айласын асырып, қақпаға тағы бір голды 23-минутта соқты. Ертіс Болатұлы матчтын 28-ші минутында 4 -ші голды салып, алаңда өздерінің басымдықтарын танытты. Матчтың 29-шы минутында жеңіс голының Ертіс Болатұлы Хан-Уул қақпасына тоғытты. Есеп 5:2. Жеңіс Nomadic Hunters FC еншісінде.
Чемпионат қорытындысы бойынша “Үздік ойыншы” – Ертіс Болатұлы. Финалдық кездесуде қарсыласының қақпасына 4 гол соқты. “Үздік қақпашы” -деп Серлан Талғатұлы анықталды.
Nomadic Hunters FC командасы бұған дейін Арвис командасын 6:4 есебімен, жартылай финалдағы кездесуін Capitron командасымен өткізіп, 2:7 есебімен ұтып, алғаш рет футзалдан финалға өткен болатын.
Топтық кезеңдегі алғашқы матчты Сор командасымен өткізіп, 5:2 есебімен жеңіске жеткен болса, екінші кездесуінде Шонхор командасымен ойын көрсетіп 3:6 есебімен есе жіберіп алған. Топтық кезеңнің үшінші кездесуін «Алдарын дайчид» командасымен өткізген ойында жігітттер өз мергендіктерін танытып 14:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға жолдама алған. Бұл чемпионатта Елан фарм компаниясы демеушілік көрсеткен.
Аймақ абыройын көтерген жастардың жетістігі 2022 жылдың үздік 10 оқиғасын қорытындылайды.
Жаңа жылда жағымды жаңалықтарымыз көп болсын ағайын!
KAZNEWS AGENCY