18 желтоқсан, KAZNEWS. Бүгін Баян-Өлгий аймағының жұртшылығы тарихшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сарай Асқанбайұлының 90 жылдық мерей тойына арналған деректі фильмді тамашалады. Бұл туралы Казньюс ақпарат агенттігі хабарлайды.
Деректі фильмнің авторы Моңғол еліне «Еңбек сіңірген заңгер» Арулар одағының төрайымы Айнагүл Сарайқызы.
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Сарай Асқанбайұлының туғанына 90 жыл толуда. Елім деп туған азаматтың мемлекетке сіңірген еңбектерін дәріптеу үшін Айнагүл Сарайқызы деректі фильм дайындап көрерменге ұсынды.
Фильмде Сарай Асқанбайұлының өмірбаяны, қызмет жолы, мемлекетке атқарған ерен істері оның әріптестері, үзеңгілестері және балалары мен ағайын туыстары тарапынан түгел баяндалады.
Іс-шараға аймақ басшылары, қоғам қайраткерлері, ақын жазушылар, ағайын туыстары және өзге азаматтар қатысты. Өлкелік ақын, жазушылар өлең жырларын арнады.
Сарай Асқанбайұлы 1931 жылы Баян-Өлгий аймағының Улаанхус ауылында туған. 1970-1978 жылдары Баян-Өлгий аймағының әкімі, 1978-1986 жылдары Булган аймағының әкімі қызметін абыроймен атқарған. Моңғол елінің Халық Ұлы Құрылтайы депутатына 4 рет сайланған.
Сарай Асқанбайұлы мемлекеттік қызметте жүрсе де туған өлкесі мен халқының салт дәстүр, мәдениетін, тарихын зерттеп 1955 жылы «Налайхан шахтасы», 1960 жылы «Моңғол Халық Республикасы Баян-Өлгий аймағындағы қазақ халқының тарихынан», 1968 жылы «Баян-Өлгий аймағының қазақ халқы тарихының кейбір мәселелері», 1992 жылы «Революциядан бұрынғы қазақ халқы», 1999 жылы «Революциядан кейінгі Баян-Өлгий аймағының қазақ, ұраңқай халқы», «Революциядан бұрыңғы қазақ халқының тарихына толықтыру» қатарлы туындылары жарық көрген.
Мемлекет басшылары Сарай Асқанбайұлының қоғамға сіңірген еңбегін жоғары бағалап “Еңбек қызыл ту” ордені және “Алтын жұлдыз” орденімен екі мәрте сыйлаған.