12 ақпан, KAZNEWS. Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга моңғол халқын дәстүрлі мерекесі, жыл басы Шаған мерекесімен құттықтады. Казньюс ақпарат агенттігі Президенттің құттықтауын қазақша субтиртмен ұсынады.
Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулганың құттықтауы
Ұлы мәңгілік көк тәңірдің қалауымен туған жерімізде мыңдаған жылдар бойы мекен еткен тәуелсіз Моңғолия халқы!
Шартарапқа шашырай қоныстанған бауырлас моңғол тектес ағайындарым!
Сіздерді қыстың бетін қайтарып, көктемнің шуақты жылуын сездіретін, ұлы қағандардан мұраға қалдырған, ұлық дәстүрлі мерекеміз жыл басы Шаған мейрамы, Он жетінші алпыстықтың Сиыр жылының келуімен құттықтаймын!
Жер ананың желдері де бірдей соқпайтыны сияқты адам өмірі де кемелді бақытқа толы болмайтындықтан ауыртпашылық пен қиындықтарды тек ынтымақ күшімен жеңіп шағатынымыз анық. «Ерте тұрған еркектің бір ісі артық» деп үйреткен ата-баба өсиетін сіз бен біз санамызда оятып, ұлтымыздың қайта өрлеу жолында бірлесіп, мақсат-мұратымыз үшін ұмтылатын кез келді.
Құрметті моңғол халқы!
Келіп жатқан сиыр жылы моңғолдар, сіздер мен біздерді зор табыстарға жетелеп, ерік-жігерімізді жанып, дамудың даңғыл жолына бастағай!
Мәңгілік тәңірдің қалауымен ата-бабамыз құрған Ұлы Моңғол империясының белгісі іспетті, шоқтығы биік Бурхан Халдун тауының бауырайы аясында халқымның Ұлы мейрамы жыл басы Шаған мерекесін тойлап, ырыс пен ынтымақта ғұмыр кешейік, халқымыз аман, бейбітшілік заманда жүздесуге жазсын!
Әр отбасыға бақыт, зор денсаулық, амандық тілеп, жақсы баталар дарысын деймін!
06 қыркүйек, KAZNEWS. Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі Ғабит Қойшыбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған брифинг өткізді. Бұл туралы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға Моңғолия телеарналарының, ақпараттық агенттіктерінің және баспа басылымдарының өкілдері, сондай-ақ Моңғолияның Стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшылары шақырылды.
Брифинг барысында Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев моңғол бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдеріне Жолдаудың негізгі мазмұны мен түйінді тұстарын жеткізді. Атап айтқанда, ол аудиторияны бұған дейін Президент Қ.Тоқаев ұсынған бастамаларды іске асырудағы ағымдағы жетістіктермен, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған елдің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі өзгерістерді тереңдету бойынша ҚР Үкіметінің алдына қойған жаңа міндеттерімен таныстырды.
Ол Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстанның жаңа экономикалық бағытын айқындайтын қағидаттары әділдік, инклюзивтілік және үнемшілдік екенін атап өтті. Бұл ретте Жолдауда баяндалған міндеттер мен тапсырмаларды іске асыруға үш жыл ғана уақыт бөлінгенін баса айтты.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат алдағы салалық экономикалық реформалардың негізгі бағыттары мен тұстары туралы қысқаша баяндады. Осымен бірге, ол көзделген реформаларды сапалы және толыққанды жүзеге асыру үшін атқарушы билік жүйесінің өзін трансформациялау қажет болатынына назар аударды. Бұл трансформациялаудың негізгі бағыттары ретінде Мемлекет басшысы келесіні айқындады. Салалық шешімдерді әзірлеу және оларды орындау үшін жауапкершілікті, сондай-ақ олардың нәтижелі болуына дербес жауапкершілікті министрлер мен әкімдерге жүктеу; экономикалық саясатты іске асырудың толық жауапкершілігін Үкіметке жүктеу; Президент Әкімшілігін «саяси штаб» ретінде қайта құру және оның күш-жігерін мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқықтық және кадрлық саясат мәселелеріне шоғырландыру; мемлекеттік аппаратты бюрократиядан одан әрі арылту; саяси қызметкерлердің кадрлық резервін құру және т.б.
Қазақстан Елшісі көзделген реформалардың басты мақсаты – жылына 6-7% деңгейіндегі тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемін екі есеге арттырып, 450 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу екенін айтты.
Брифинг барысында Ғ.Қойшыбаев сондай-ақ ағымдағы жылы моңғол тарапының қатысуымен Қазақстанда өткізілетін кейбір көпжақты іс-шаралар туралы әңгімелеп берді. Атап айтқанда, ол аудиторияны 80-нен астам іс-шара аясында өткізіледі деп жоспарланған Шаңхай ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстанның қазіргі төрағалығының негізгі басымдықтарымен таныстырып, Моңғолия буддистерінің жоғары лауазымды өкілінің қатысуымен өтеді деп күтілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының алдағы мерейтойлық отырысының жоспарланғанын жеткізді.
Іс-шараның аясында қазақстандық дипломат Моңғолияның Стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшыларымен Қазақстанда өткізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалардың мазмұнын егжей-тегжейлі талқылап, Қазақстанның сыртқы сауда саясаты мен қазақстандық-моңғол екіжақты қатынастарының кейбір мәселелері бойынша пікір алмасты.
3 қыркүйек, KAZNEWS. Рим Папасы Франциск Моңғолияға мемлекеттік сапармен келді.
Рим Папасын Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх салтанатты түрде қарсы алды.
Мемлекет басшыларының халық алдында сөз сөйлеу рәсімі өтті.
Президент У.Хүрэлсүх өз сөзінде Рим Папасы Франциск Сіздің Моңғолияға мемлекеттік сапарыңыз еліміздің көп тұғырлы бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясаты мен қарым-қатынастары тарихында жаңа парақша ашатынына және екі ел арасындағы достық қарым-қатынаста маңызды рөл атқаратынына сенімдімін.
Рим Папасы Франциск: «Зор тыныштықпен ағаш уықты, киіз туырлықты ордаңыздың алдына келдім” деп өз сөзін құрметпен бастады.
Салт дәстүрін сақтаған Моңғолияны мәңгілік көк аспаны жарылқаған, барлық жаратылысқа қамқорлықпен қарайтын будда дініндегі елде көптеген діндер бірлігінің символына айналғанын атап өтті.
29 тамыз, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының Футбол федерациясының бас демеушісі ретінде Turan World компаниясы жұмыстайды.
Бұл туралы ақпарат Turan World компаниясының директоры Ерболат Әшікұлы мен аймақтық Футбол федерациясының басшысы Ертай Оралұлы арасындағы кездесуден кейін белгілі болды.
Тараптар 5 жылдық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған.
Келісім шарт аясында аймақтық футбол құрамасының киімдері толығымен жаңартылып, жарыстарға қатысу үшін қаржылай қолдау көрсетіліп тұрады.
28 тамыз, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағында орналасқан “Altai Academy” тіл үйрету орталығы Ресейдің Алтай Республикасының университетімен ынтымақтастық орнатты. Бұл туралы Altai Academy орталығының директоры Берік Әкебайұлы хабарлады.
Ынтымақтастық бойынша аймақтағы мектеп оқушыларының орыс тілінің біліктілігін арттыру мақсатында Ресейден ұстаздар Алтай академиясына тұрақты келіп тұрмақ.
Оқушылардың жазғы және қысқы демалыстарында арнайы курстар жұмыстайтын болады.