29 желтоқсан, KAZNEWS. 1911 жылы 29 желтоқсанда 200 жыл бойы Манжурия билігінде болып келген Моңғол елі дербес Боғда (Моңғол) хандығын құрып, Боғда Живзундамбаны хан тағына отырғызады. Осылайша Моңғол халқы өз тәуелсіздігін жариялап, бес министрлікен тұратын үкімет құрып, Моңғолияның алғашқы Премьер-министріне Сайн ноён хан Намнансүрэн тағайындалды.
Боғда хан үкіметі барлық моңғолдарды біріктіретін Моңғол елін құруға ұмтылып, 1912 жылы басқа аймақтар секілді Цинь үкіметінің құрамында болып келген Қобда өлкесін азат етіп, Манж Цинь үкіметінің Қобда, Улиастай қалаларындағы өкілдігін қуып шықты.
1912 жылы шілденің 14 күні Шеруші руының Қылаң бастаған 11 билеушісі 400 отбасы атынан Боғда ханға ұсыныс хат жолдап, Моңғолия құрамына кіруге дайын екенін білдірді.
1912 жылы қарашаның 23 күні Боғда ханның жарлығы шығып Қобда өңіріндегі қазақтар Моңғолия құрамына қабылданды.
Моңғол елі 1915 жылы Қытаймен Ресей патшалығының арасындағы Хиагта келісімі бойынша автономиялық статус беріліп, 1919 жылы Қытайдың әскери басқаруында болғанымен 1921 жылы Ұлттық революция жеңіп, өз тәуелсіздігін қайта жариялаған болатын.
29 желтоқсан ел тұрғындары үшін мерекелік демалыс күні болып есептеледі.