01 қаңтар, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының 16 азаматы, 4 мекеме «Жыл үздігі – 2021» атағына ие болды. Пандемия кезінде елеулі еңбек атқарған 11 мемлекеттік ұйымға аймақ әкімшілігі тарапынан арнаулы сый-сияпат көрсетілді. Бұл туралы Казньюс ақпарат агенттігі хабарлады.
Жаңа жыл қарсаңында 2021 жылды қорытындылап, үздік деп танылған әр түрлі сала мамандарына аймақ әкімі Бауыржан Дәлелұлы, аймақтық АӨХ-ның төрағасы Бейбітхан Нұриұлы, аймақ әкімі Іс басқармасының басшысы Мұхамед Болайұлы, Моңғолияның Сауда-өнеркәсіп палатасының бөлімше директоры Мұратай Құрманханұлы қатарлы билік өкілдері арнайы марапатты, «Жыл үздігі – 2021» номинацияларын табыстады.
Аймағымыздың болашақ ат ұстарлары мен көйлек тігерлеріне білім нәрін сусындатып, жеке тұлға болып қалыптасуына күш салған Өлгий қалалық жалпы білім беретін №1 мектептің ұстазы М.Майрагүл «Жылдың үздік бастауыш сынып ұстазы», «Бастама» мектебінің математика пәнінің ұстазы С.Серікгүл «Жылдың үздік ұстазы» деп танылды. «Жылдың үздік студенті» номинациясымен Ғылым, технология университетінің 4 курс студенті Арайлым Мағмұтқызы марапатталды.
Халықаралық бейнелеу өнер байқауларында жүлдегер атанған суретші Дастан Қаламханұлы «Жылдың үздік өнер, мәдениет саласының қызметкері», жеңіл атлетиканың халықаралық э-спорт жарыстарында жүлдегер атанған Б.Абылайхан «Жылдың үздік спортшысы» атанды.
«Үркер» ұлттық сыйлығының иегері, Казньюс ақпарат агенттігінің негізін қалаушысы Өмірбек Қабайұлы «Жылдың үздік ақпарат саласының қызметкері» деп танылды. Аймақтық Радио, телевизия желісінің текникалық маманы М.Бақытбек «Жылдың үздік инженері» атанды.
Кәсіпкерлікпен айналысып қана қоймай, табыстың көзін кәсіптен іздеп жүрген жастарға үлгі болар кәсіпкер “Баян Цамбагарав” компаниясының директоры С.Жолболат «Жылдың үздік менежері», “Цамбагарав өгөөж” компаниясының директоры Б.Энхболд «Жылдың үздік кәсіпкері» атанды. «Орда» компаниясының директоры Ербол «Жылдың үздік туризм қызметкері» атанды.
«Жылдың үздік қызметкері» номинациясын Мейрім денсаулық орталығының қызметкері Қ.Тамара мен Толбо сұмындық Балабақшасының аспазшысы Қ.Гүлжазира еншіледі.
Аймақтық Салық департментінің мемлекеттік инспекторы Д.Нұрлан «Жылдың үздік қаржы саласының қызметкері», аймақтық Мемлекеттік тіркеу департментінің маманы Қ.Имашхан «Жылдың үздік мемлекеттік әкімшілік қызметкері», Өлгий қаласы әкімшілігінің инспекторы Т.Керей «Жылдың үздік құқық қорғаушысы» деп танылды.
Денсаулық саласында ерен еңбек етіп «Жылдың үздік дәрігері» аталымы бойынша аймақтық Біріккен аурухана дәрігері Бақытжан Ғафуұлы, «Жылдың үздік медбикесі» деп аймақтық Біріккен аурухана медбикесі Е.Бишан танылды.
2021 жылы «Ерекше табысқа жеткен адам» номинациясы Улаанбаатар қаласындағы «Гранд мед» ауруханасының Омыртқа хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, аға дәрігер Б.Нұрбекке берілді.
«Цахилгаан холбоо» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Жылдың үздік мемлекеттік мекеме», «Эрчимбаян-Өлгий» АҚ, Аеро Монголия авиакомпаниясының аймақтағы бөлімшесі «Жылдың үздік коммерциялық мекеме», «Дарын» мектебі «Жылдың үздік мемлекеттік емес мекеме» деп танылды.
Пандемия кезінде елеулі еңбек атқарған аймақтық Төтенше жағдайлар басқармасы, Полиция басқармасы, Мамандық бақылау басқармасы, Барлау басқармасы, Азық түлік, ауыл шаруашылық басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы, Зооноздық аурулар орталығы, Автокөлік орталығы және аймақтық Біріккен ауруханасы, Сансар шипажайы, Жол компаниясы қатарлы 11 ұйымға арнаулы сыйлық табыс етілді.
KAZNEWS AGENCY