KAZNEWS -15 тамызда Улаанбаатарда ҚР-ның Төтенше және Өкілетті Елшісі Қалыбек Қобландин Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга-ның қабылдауында болды.
Кездесу барысында тараптар қазақ-моңғол қатынастарының даму болашағы, Моңғолиядағы және Қазақстандағы ішкі саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңарулар төңірегінде пікір алмасты. Қазақстандық дипломат сауда-экономикалық және басқа салалардағы екі ел қатынастарын нығайту бағытында атқарылып жатқан нақты қадамдармен таныстырды.
Сонымен қатар сұхбат барысында Моңғолия Президентіне ҚР Президенті Н.Назарбаевтың оның мемлекет басшысы лауазымына сайлануына орай жолдаған құттықтау хатының түпнұсқасы табыс етілді.
Қ.Қобландин қазақстандық тараптың Х.Баттулганың Астанаға сапарын өзіне ыңғайлы деп табылған уақытта ұйымдастыруға дайын екенін атап өтті.
Өз кезегінде Х.Баттулга ҚР Президенті Н.Назарбаевтың құттықтауына алғысын білдіре отыра, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық әлеуетін барынша тиімді түрде пайдалану қажеттілігін атап өтіп, өзара ықпалдастықтың жаңа сатыға көтерілуіне қолдау көрсететіндігін мәлім етті.