Моңғолияның жаңадан сайланған президенті Халтмаагийн Баттулга ант қабылдап, бұрынғы президенттен мөрді алды. Осылайша ол мемлекет басшысы міндетіне ресми түрде кірісті, деп хабарлайды Kaznews.mn.
Ант қабылдау рәсімі мемлекеттік ордада өтті. Халтмаагийн Баттулга подиумға шығып, қолына Моңғолияның Конституциясын алып, ант берді.
Кейін, жаңа президент сөз алып: «Мен ең алдымен, кедейлік деңгейін төмендетумен және Моңғолия азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашумен айналысатын боламын», – деді.
Халтмаагийн Баттулга өз азаматтарының пікірін мұқият тыңдап, ұлттық бірлікті қамтамасыз ететінін айтты. «Моңғолия ұлттық өнеркәсібі дамыған және қысқа мерзім ішінде өз экономикасын көтере білген ел болады», – деді Моңғолияның жаңа президенті ант қабылдау рәсімінде.
Моңғолияның Орталық Сайлау комиссиясының хабарлағандай, Халтмаагийн Баттулга 611 226 дауыс (50,61%) жинап, Моңғолияның жаңа президенті болып сайланып отыр. Ал, Моңғол халық партиясының өкілі Миеэгомбын Энхболд екінші кезеңде 497067 дауыс (41,16%) дауыс жинаған.