Ұлан-Батыр, 2023 жылғы 25 наурыз – Моңғолияның елордасында көктем мен жаңғырудың мерекесі Наурызға арналған «Әз-Наурыз – 2023» бас қосу кеші өтті. Қазақстан Республикасының Елшілігі Алаш Моңғолия /Alash Mongolia/ жастар ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған осы іс-шараға Ұлан-Батыр қаласының қазақтар қауымы өкілдері мен оқушы жастар қонақ болды.
Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев өзінің құттықтау сөзінде Наурыз мейрамының қазақ халқы үшін қасиетті екенін, оның ұзақ қыстан кейін өмірдің қайта түлеуінің символы ретіндегі ерекше мәнін, халықтың ізгілік пен жарқын болашаққа деген сенімінің көрінісі болып табылатынын атап өтті. Ол сондай-ақ жиналғандар қауымды көктемгі күн мен түннің теңелуіне биыл тұспа-тұс келген қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.
Моңғолияны мекендейтін қазақ диаспорасының қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, тұрмысы мен мәдениетін сақтауға қосқан үлесін атай отырып, қазақстандық дипломат Қазақстан Елшілігінің жұмысы мен бастамаларына белсенді қолдау көрсеткені үшін кандастарға алғысын білдірді.
Мерекелік кеш қатысушылары алдында сөз сөйлеген Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты Бейсен Бұланұлы мен әйгілі жазушы, әдеби аудармашы және қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейұлы да өздерінің жаңа жылдық тілек-баталарын жеткізді.
Іс-шара барысында кештің қонақтарына мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Көрермендер «Алаш Моңғолия» жастар ұйымының талантты жастар командасының орындауындағы музыкалық және поэзиялық шығармаларды, «Наурыз келді» кішігірім сахналық қойылымды тамашалады.
Сонымен қатар, әйгілі қазақ қолөнершісі Сайлау Түлкібайқызы ұсынған және мерекелік залға ерекше ұлттық нақыш берген сәндік басымдық – түскиізбен, текемет-сырмақпен, басқұрмен және көшпенділердің дәстүрлі тұрмыстық бұйымдарымен безендірілген киіз үй керегесі кеш қонақтарын ерекше тамсандыртты.