12 қараша, KAZNEWS. Ғұн империясына 2230 жыл, Ұлы Моңғол мемлекетіне 815 жыл, Ұлт азаттық қозғалысына 110 жыл, Моңғол Халық революциясының төңкерісіне 100 жыл толуына орай Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх жарлық шығарып Токио-2020 олимпиадасында топ жарып, жүлделі болған спортшыларды мемлекеттік наградамен марапаттады.
Президент жарлығымен Токио-2020 пара олимпиада ойындарында поуерлифтингден чемпион атанған Э.Содномпилжээ мен Токио-2020 олимпиада ойындарында жүдодан қыздар арасындағы -48 келі салмақта өнер көрсетіп қола жүлдегер атанған М.Уранцэцэг Моңғолияның «Еңбек ері» атағымен марапатталды.
Токио-2020 олимпиадасында жүдодан -81 келі салмақта күміс жүлдегер атанған Сайед Моллай, -73 келі салмақта қола жүлдегер атанған Ц.Цогтбаатар, еркін күрестен қола жүлдегер атанған Б.Болортуяаға «Сүхбаатар» ордені тағылды.
Ал олимпиада ойындарына қатысқан өзге спортшыларға “Еңбек қызыл ту”, “Алтынжұлдыз” ордені, “Құрмет” медалы берілді.