04 қыркүйек, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының тумасы, моңғолдың ұлттық күресінен “Улсын заан” яғни мемлекеттік піл атағын алған Серік Бердімұратұлымен садақ атудан мемлекеттік мерген атанған Т.Очирооны ұлықтауға арналған той болып өтті.
Тойға арналған палуандар сайысында 64 палуан күш сынасып, Дорнод аймағының палуаны Д.Анар бірінші орын, Архангай аймағының палуаны О.Мөнх-Эрдэнэ екінші орын иеленді. Баян-Өлгий аймағының палуаны Н.Мустафа мен Булган аймағының палуаны Б.Түвшинтөгс үздік үштіктен көрінді.
Ақындар айтысында Айдос Рашатұлы бас жүлде жеңіп алды. Екінші орын Іңкәрбек Әділханұлына бұйырды.
Серік Бердімұратұлы Баян-Өлгий аймағы азаматтары арасынан 76 жылдан кейін мемлекеттік піл атағына қол жеткізіп отыр. Бұған дейін 1946 жылы Моңғол Халық Республикасының 25 жылдық мерей тойында алғаш рет Әбдіғажы Терлікбайұлы бұл атақты жеңіп алған болатын.
Серік Бердімұратұлының мемлекеттік піл атағын ұлықтау тойында Баян-Өлгийліктер қомақты байғазы ұсынып, құрмет көрсетті.