5 мамыр, KAZNEWS. Дзюдошы Сайед Моллай Әзербайжан ұлттық құрамасына ауысты.
Дзюдошы Сайед Моллай Әзербайжан дзюдо федерациясына өтініш беріп, алдағы жарыстарда бұл елдің атынан қатысуға ниет білдірген.
Әзербайжан дзюдо федерациясы оны еліне шақырып, Халықаралық дзюдо федерациясының ұйғарымымен өз құрамасына қабылдаған.
Сайед Моллай Бакуде Еуропа чемпионатына қатысатын құрамамен бірге жаттығу жиындарына қатысып, медициналық тексеруден өткені хабарланды.
81 келі салмақта өнер көрсететін 30 жастағы Моллай Иранда туған. Тегі әзербайжан. Ол 2019 жылдан бері Моңғолия құрамасының мүшесі атанып, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған.
2019 жылы 12 желтоқсанда өткен Қытайдың Циндао қаласындағы «Мастерс жарысына» Моңғолия құрамасынан 20 спортшы сынға түскен. Олардың арасында дзюдодан әлем чемпионы Сайд Моллай бар болатын. Бірақ бұл турнирден ол жүлдесіз оралған. Ал, Будапешт қаласында 2020 жылы қазан айында өткен үлкен дулыға жарысында қола жүлде алып, Моңғолияға алғашқы жүлдесін сыйлаған.
Азаматтығын Моңғолияға ауыстырған спортшы бұрын Иран атынан күресіп 2017 жылғы әлем чемпионатынан қола медаль алса, 2018 жылы әлем чемпионы атанған.
2019 жылғы әлем чемпионатында Иран үкіметінің саяси көзқарасы салдарынан жартылай финалда ұтылғаны кейін белгілі болды. Сайд Моллай Германия азаматтығын алады деген қауесет спорт сүйер қауым арасында тараған болатын.
Бірақ ол, Моңғолияны таңдаған.
Моңғолияның сол кездегі Президенті Х.Баттулга 2019 жылы 20 қараша күні жарлық шығарып, Сайед Моллайға азаматтық берген.
“Judo Inside” агенттігінің хабарлауынша Моңғолия дзюдодан 2004 жылдан бері олимпиада ойындарында үздіксіз жүлде алып келеді. Бұл үрдісті жалғастыру үшін ішкі бәсекелесті арттыру мақсатында Сайд Моллайді әкелді, – деп жазады.