30 сәуір, KAZNEWS. Моңғолия Үкіметі коронавирус инфекциясымен күрес аясында Үндістан Республикасына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл туралы Моңғолия Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Гуманитарлық көмек көрсету туралы ақпаратты Моңғолия Премьер-министрі Л.Оюун-Эрдэнэ Үндістан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі М.П.Сингхты қабылдаған сәтте жеткізді.
Бұған дейін 2021 жылы ақпан айында Үндістан Үкіметі Моңғолияға 150 мың вакцина жіберген болатын.
Үндістан мен Моңғолия арасындағы қатынастар: Тараптар 1955 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Үнді-Моңғол ынтымақтастығы бұрын тек дипломатиялық сапарлармен, жеңілдетілген несиелермен және қаржылық көмекпен, IT саласындағы ынтымақтастықтармен шектеліп келген.
2015 жылы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидың Улаанбаатарға сапары аясында “Мұнай өңдеу өндірісін салу жобасына миллиард доллар несие” беруге уағдаласқаны екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сатыға көтерілуіне түрткі болып, тараптар «стратегиялық серіктестік» жариялаған болатын.