26 – желтоқсан, KAZNEWS. КСРО-ның көмегіне тәуелді болған Моңғолия төл жазуынан бас тартып, 1943 жылдан бастап кириллицаға көшуге мәжбүр болған. Бұл Моңғолияны түпкі тарихынан ажыратуды көздеген сталиндік саясаттың нышаны болатын.
Қазіргі кириллицадан, латиницадан, тіпті заманауи қытай жазуынан айырмашылығы сол, көне моңғол жазуында сөздер көлденеңнен емес, тігінен – жоғарыдан төмен қарай жазылады. Моңғол жазуының түп-төркіні Таяу Шығыс тілдерінен тарайды екен. Ортағасырлық көне ұйғыр және соғды әліпбилерінен бастау алады. Тарихшылардың айтуынша көне моңғол алфавитін XIII ғасырда Найман хандығының оқымыстысы Тататунға жасаған.
Қолданыстағы кириллицадан бас тарту туралы ұсыныстар Моңғолияда 1990-шы жылдардан бері көтеріліп келеді. Әу баста латын алфавитіне көшу ұсынылды. Бірақ бастаманы қоғам да, зиялы қауым да қабылдамапты. Себебі, болмысы, бітімі, өмір салты моңғол ұлтымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын батыстың жазуын қабылдау – тарихи сабақтастыққа балта шабу ретінде бағаланды.
Сол сияқты кириллицада қала беру де орынсыз: ол жыл өткен сайын ауырлай түскен керексіз жүк, саяси бодандықтың сарқыншағы ретінде қабылданады.
2015 жылғы ақпанда Моңғолия Парламенті – Мемлекеттік ұлы хурал «Моңғол тілі туралы» арнайы заң қабылдап, көне моңғол жазуын үйренуді міндетті етті, оны мектеп бағдарламасына енгізді. Заң сондай-ақ мемлекеттік қызметке тұратын барлық тұлғаларды көне моңғол жазуын білуді міндеттейтін талап енгізді. Жеке басты куәландыратын құжаттар осы жазбамен жазылады.
Моңғолия Президенті Х.Баттулга 2018 жылы «Моңғол тілі туралы» заңның 9.1.3 бабына сәйкес «Моңғол жазуының қолданыс аясын кеңейту» туралы жарлық шығарған. Моңғолия Үкіметі «Моңғол тілі туралы» заң, Моңғолия Президентінің жарлығы бойынша «Моңғол жазуының ұлттық бағдарламасы – III» -ын дайындаған болатын. Президент пандемиялық жағдайға байланысты барлық сатылы білім беру ұйымдарының қызметінің шектелуіне сай ұлттық құндылықтарды жаңғырту, моңғол жазуын дәріптеу, үйрету, балалармен қатар ересектерге де ұлттық жазуды үйренуге құлшынысын ояту үшін телесабақ өткізуде.
Президенттің телесабығын Моңғолияның бұқаралық ақпарат құралдары мен Президенті әкімшілігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп, үйренуге болады.
Бұдан бөлек, Моңғолияның заңдары мен мемлекеттік актілері міндетті түрде көне моңғол әліпбиімен қатар берілуге тиіс. Бұл заңның кейбір нормалары 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осы арқылы моңғол елі біртіндеп, кириллица ықпалынан кетпек.
«Кириллицаны сақтап отыра берсек, біз ұлы тарихымыздың тек 80 жылдық үзіндісіне жабысып, соны ғана қолдаймыз. Ал көне моңғол жазуына көшіп, соны сақтасақ, онда мыңдаған жылдар бойғы мираспен байланысымызды қайта қалпына келтіріп, бабалармен қауышамыз», – дейді Моңғолия мемлекеттік университетінің көнемоңғол зерттеулер бөлімінің басшысы Далайн Заяабаатар.