21 ақпан, KAZNEWS. Ақорда резиденциясында Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалған Дорж Баярхүү Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырды.
Қазақстан Республикасының Президенті Моңғолия елшісіне екі мемлекеттің тарихи жақындығы жөнінде айтып, Моңғолия мен Қазақстанның Шығыс Азиядағы маңызды серіктесінің бірі екеніне назар аударды.
– Жақын көрші болғандықтан және ортақ құндылықтарымызға мән бере отырып, өзара ықпалдастықты, әсіресе сауда-экономикалық салада кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін айтқым келеді. Бұдан бөлек азаматтарымыздың арасындағы қатынастар да маңызды рөл атқарады. Моңғолияда тұратын жүз мыңнан астам этникалық қазақ –халықтарымыз арасындағы достықтың алтын көпірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сенім грамотасын тапсыру барысында Елші Д.Баярхүү Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүхтің жылы лебізін жеткізіп, 30 жылдық мерейтойды бірлесе атап өтіп жатқан Моңғолия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайтуға және екі халық арасындағы бауырластық достық қарым-қатынастарды тереңдетуге, жан-жақты ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен байытуға ниетті екенін білдірді.