26 мамыр, KAZNEWS. Улаанбаатарда өткізілетін Қазақстан-Моңғолия Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның ІХ отырысы шеңберінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэн Энх-Амгаланмен кездесті. Бұл туралы ҚР -ның Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Моңғолия Қазақстан үшін сенімді серіктес саналады және еліміз әртүрлі салалардағы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән беріп келеді.
Халықаралық ұйымдарда да тығыз әріптестігіміз бар. Осы орайда екі ел арасында білім және ғылым, ақпарат, археология саласында, әсіресе, ортақ музей ашу, көшпелілер тарихын бірге зерттеуде біріккен жұмыс істеуге ниетіміз бар. Күні кеше ғана Моңғолияның UBS арнасы мен “Хабар” телеарнасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл бағыттағы жұмысымыз жалғасады», – деді Д.Қыдырәлі.
Сонымен бірге Д.Қыдырәлі министрліктің жұмысынан ақпарат беріп, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде Лувсанцэрэн Энх-Амгалан мырза қос мемлекет арасында тату-тәтті байланыс бар екенін және білім, мәдениет, археология саласындағы ортақ жобалар жасау туралы Д.Қыдырәлінің ұсыныстарын қолдайтынын айтты.
Тараптар үкіметаралық гранттар аясында студенттерді оқыту, академиялық байланыс орнату, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту жайын талқылады.
Айта кетейік, Комиссия отырысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ауыл шаруашылығы, көлік, мәдениет және спорт, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа қатысты мәселелер қаралады.