Моңғолияның мемлекеттік телеарнасындағы “Mongolia’s got talent” (ұлыбританиялық продюсер Саймон Коуэлдің әлемдік “Got Talent” жобасының франшизасы – ред.) конкурсының бірінші турында Бердібек Дәулетбекұлы қазақ және моңғол тіліндегі әнді айтты. Төрт әділқазы да Бердібектің өнерін оң бағалап, келесі турға өткізді. Телеконкурстың екінші турында барлығы 32 қатысушы бақ сынайды.
АЛҒАШҚЫ ӘНІН 21 ЖАСЫНДА ЖАЗҒАН
26 жастағы Бердібек Дәулетбекұлы Моңғолияның Баян-өлгей аймағы Баяннуур ауданында дүниеге келген. Ол Улан-Батордағы өнер академиясын “хор дирижері” мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір қаладағы орта мектептердің бірінде музыка пәнінен сабақ береді. Одан бөлек, қазақ және моңғол тілінде ән жазады. Моңғолша әндерін сатып, пайда табады.
Бердібек Дәулетбекұлының “Mongolia’s got talent” телешоуындағы өнері
Бердібек оқушы кезінде мектептегі концерттерде ән айтып, мерекелік шараларға жиі қатысатын. Бірақ музыкант болу деген ой “үш ұйықтаса да түсіне кірмеген”. Мектеп бітірген соң әкесінің жолын қуып, экономист мамандығын оқымақшы болған.
– Орта мектепті бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына құжат тапсырайын деп аймақ орталығына (Өлке қаласы – ред.) келдім. Мектепте де [экономика] бойынша дайындалдым. Бірақ жанымда еріп жүрген жездем құжаттарымды алды да, Өнер академиясына тапсырып жіберді. “Шоу менеджменті” саласы бойынша оқуға түстім. Бір жылдан кейін сабақ беретін ұстаздармен ақылдаса келе “хор дирижері” бөліміне ауыстым, – дейді ол.
Бердібек Дәулетбекұлы ең алғашқы әнінін 21 жасында жазғанын айтады. Кейін бірге оқитын студенттердің ұсынысымен моңғол тілінде ән жаза бастаған.
– Бірге оқитын қатарластарым “сен ән жазады екенсің ғой. Моңғолша ән жазшы. Қазақ моңғолша ән қалай жазады екен” деп үгіттеді. Моңғол әндерінің құрылымы жеңіл. Бес нотаның көлемінде, музыка тілімен айтқанда – пентатоник. Алғашқы жазған әнім айналамдағы достарыма қатты ұнады. Бұл маған шабыт сыйлады. Екі тілде де ән жаза бастадым, – дейді ол.
“МОҢҒОЛИЯДА ӨНЕРМЕН ЖАҒДАЙЫН ЖАСАҒАН ҚАЗАҚ ӘНШІ АЗ”
Бердібек Дәулетбекұлы студент кезінде түрлі конкурсқа қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Жас композитордың моңғол тіліндегі әндері көп. Оның моңғол тіліндегі шығармаларын Моңғолияның танымал әншілері де орындайды.
– Моңғолиядағы қазақ әншілеріне ән жаздырып, оған клип түсіру өте қиын. Өйткені әнді сапалы өңдейтін қазақ маман аз. Бар болғанның өзінде өте қымбат. Моңғол тілді ән өңдеушілер қазақ әнінің табиғатын түсінбейді. Бұл – бір. Екіншіден, Моңғолияда тек өнердің айналасында жүріп көтерілген, жағдайын жасаған қазақ әншілері аз. Көп әншілеріміз басқа кәсіпте жүр. Әйтпесе, әнімді орындаймын деген қазақ әншісі болса, тегін берер едім. Үшіншіден, елде моңғол ұлтынан шыққан мықты әншілер көп және олардың әлеуметтік жағдайлары да жақсы, – дейді ол.
Ол Моңғолиядағы жас қазақ композиторларының әндері моңғол әуендеріне ұқсап бара жатқандығын да мойындайды.
– Мысалы, Қытай қазақтарының әндерін тыңдап отырсаңыз, қытай әуендерінің иірімдері сезіліп тұрады. Өйткені қоршаған орта міндетті түрде ықпал етеді ғой. Сол секілді менің де әндерімде моңғол музыкасының ықпалы бар екенін сеземін. Өйткені өскен ортам, алған білімім, тіпті ішіп жүрген суым мен жұтып жүрген ауам да осы жердікі ғой. Мен одан қашып құтыла алмаймын, – деді жас әнші.
Жас сазгер болашақта Қазақстанға келіп оқып, білімін одан әрі жетілдіруді армандайды.
Бердібек Дәулетбекұлының “Ғазиз ана”, “Біз біргеміз”, “Сезім гүлі”, “Наурыз” сынды шығармалары жергілікті қазақтар жиі айтады.