09 тамыз, KAZNEWS. Баян-Өлгий аймағының құрама командасы футболдан Моңғолия чемпионы атанды.
Финалда 2:1 есебімен Төв аймағының командасынан басым түсті. Матчтың 16 және 38 минутында Баян-Өлгий аймағының спортшысы Есбол Талғатұлы қарсылас команданың қақпасына екі мәрте гол салып, басымдық танытты.
Төв аймағынан 80+5 минутта Б.Далайцэрэн гол салғанымен жеңісті жұлып ала алмады.
Чемпионаттың нәтижесінде Баян-Өлгий аймағының команда капитаны, жартылай қорғаушы Мұстафа Бақытханұлы “Үздік ойыншы”, Көпберген Мерейұлы “Үздік қақпашы” атанды.
Баян-Өлгий аймағының әкімі Бауыржан Дәлелұлы арнайы Увс аймағына барып, финалдық кездесуді тамашалап, құрама командаға қолдау көрсетті.
Аталмыш чемпионатта ең көп гол соққан футболшы ретінде Өмнөговь аймағының споршысы Б.Сүхбаатар анықталып отыр. Ол бұл чемпионатта барлығы 12 гол салған.
Бір команда сапында ең көп гол соққан футболшылар тізімінде Баян-Өлгий көш бастап тұр. Құрама сапынан 4 ойыншы яғни Мұстафа Бақытжанұлы – 6 гол, Омар Сайлауұлы – 5 гол, Есбол Талғатұлы мен Нұршариф Дәуітұлы 4 голдан соғып ең көп гол соққан үздік 16 ойыншының қатарында тұр.
2023 жылы жоғарғы лигада өнер көрсететін болады.