19 қаңтар, KAZNEWS. Казньюс ақпараттық агенттігі “Сіз қандай кітап оқисыз?” жобасының екінші санын ұсынады. Бұл ретте танымал журналист, менеджер, табысты кәсіпкер мен жастар өкілінің қандай кітап оқитынын айтамыз.
- Сіз қандай кітап оқисыз?
- Қазір қандай кітап оқып жатырсыз? Қысқаша мазмұны қалай?
- Оқыған кітаптарыңыз арасынан ең көп ой салған кітапты атап өтсеңіз?
- Басқа адамдарға оқуға қандай кітапты ұсынар едіңіз?
Нұрболат Өнерханұлы, журналист
1. Орта мектеп қабырғасында жүргенде, студенттік жылдары әдеби, тарихи кітаптардың біршамасын оқыдым. Жыраулар поэзиясын, зар заман ақындарының, Махамбеттің толғауларының біразын жатқа білемін. М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтың, О.Бөкейдің, М.Мағауиннің, С.Мұратбековтың, С.Елубайдың шығармалары ұнайды, көбісін оқыдым. Хакім Абайдың өлеңдер жинағын, қазақтың көне сөздерін талдаған Р.Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» кітабын әлі күнге дейін жиі қолға аламын.
2. Соңғы жылдары шетел жазушыларының шығармалары қызығушылық тудырып жүр. Өткен жылы Қытай жазушысы Зян Рунның «Бөрі кие» /Чонон сүлд/, Марк Мэнсонның “The Subtle Art of not giving a F*сk” /Тоомжиргүй амьдрах бяцхан урлаг/, Жон Колеманның «300-дік комитеті» /300-гийн хороо/ кітаптарын оқыдым.
3. Сонымен қатар оқып жатқан сабағыма байланысты заң, құқық саласына байланысты кітаптарды қарап жатырмын. Адам құқы анықтамалығын, С.Нарангэрэлдің «Құқықтық энциклопедия»-сын қарап, белгілеу жасап жатқан жайым бар.
4. Қазір ақпараттық технология дамып, қағаз ұстағаннан гөрі компьютерге шұқшию оңтайлырақ болды ғой. Осыған орай Моңғол елінің үздік көсемсөз шеберлерінің басын қосқан www.baabar.mn сайтына жарияланған мақалаларды күн сайын қалт жібермей оқып отырамын.
Ақмарал Нұрдыханқызы, Грийн Софт компаниясының сату және жоба жауаптанған менеджері
1. Мен кітапты оқығанда байыппен қарап, ішіндегі қажетті мәліметтерді белгілеп отырып, асықпай оқимын. Саясат, тарихи кітаптарды көбірек қызықтаймын. Соңғы кездері бизнес, менеджменттік кітаптарға қызығып жүрмін.
2. Дәл қазір экономист Ө.Ганзоригтің “Менеджмент психологиясы” /Менежментийн психологи/ атты кітабын оқып жатырмын. Бұл кітапта өте күрделі болып көрінетін тұжырымдамаларды қарапайым және түсінікті, нақты мысалдармен байытып жазған. Атап айтқанда, басшылық қызметтегі директор, менеджерлер жұмыс барысында қандай түсінбеушіліктерге тап болады, қандай шешімдер қабылдайтынын, компанияның және қызметкерлердің өнімділігін қалай арттыруға болатынын қызықты кейстермен келтірген. Кітаптан белгілеп алған сөздер арасынан “Өз психологияңды түсінбей тұрып, басқаларға жетекшілік ету туралы ойлама.”- деген дәйексөзі ұнады.
3. Оқыған кітаптарым арасынан ең көп ой салған кітабымды атап өтсем, ол Ласло Боктың “Жұмыс ережелері” /Ажлын дүрэм/ кітабы. Бұл компаниялардың басшылары мен менеджерлерге арналған кітап және Google-дің ең жақсы тәжірибелерін көптеген жолдармен таныстырып береді. Кітаптан сіз техника мен технологиялық жетістіктері, қазіргі жағдайы мен болашағы, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға көңіл бөлуі туралы мағлұматтар аласыз. Шынында да, қазіргі дижитал, цифрлық дәуірде әр адам интернет арқылы өзін дамытуға болатын мыңдаған мүмкіндіктер бар.
4. Алдағы уақытта Юваль Ной Хараридің “Homo Sapiens және Адамзаттың қысқаша тарихы” және Энтони Лювистің “Биткойнның негізгі түсініктемелері” атты кітаптарын оқуды жоспарлап отырмын. Биткойн туралы кітапты Ardshop-қа тапсырыс беріп қойып, күтіп отырмын. Қаржылық білім деңгейімізге сеп болатыны сөзсіз.
Ерболат Әшікұлы, кәсіпкер
1. Адамды, өмірді, қоғамды зерттейтін кітаптарды көп оқимын.
2. Қәзір Хомо Деус-ті бітірдім. Юваль Ной Хараридің “Homo Sapiens және Адамзаттың қысқаша тарихы” өте қызықты. Технологиялық дамыс адамды, қоғамды неге жеткізеді, осы ғасыр қалай болады дегенді болжаған кітап.
3. Бірнеше жыл бұрын Осман Империясының тарихы туралы “Ұлы шынардың көлеңкесінде” – деген кітап оқығам. Сол кітап ерекше ой салып, еріксіз билеп алды.
4. Басқа адамдарға жалпы кітапты көп оқуды, соның ішінде табысқа жеткен, ерекше жандар туралы, олардың кеңесі, жетістігінің құпиясын оқуды ұсынар едім.
Мұратбек Кенейханұлы, жастар өкілі
1. Роман кітаптар соның ішінде тарихи романдар көбірек оқимын. Сонымен қатар поэмалар, өлеңдер жинағын оқығанды ұнатамын.
2. Қазір Жәди Шәкенұлының “Қаралы көш” романын оқып жатырмын. Қысқаша мазмұны ең ұзақ көшті басынан өткерген қазақтардың Алтайдан бастап, Гималайды басып өтіп, Үндістан, Пакистан арқылы Түркияға жеткен қиын да қилы тағдыры мен ерлік тарихы баяндалады.
3. Оқыған кітаптарымда терең ой салғандары Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” романы мен Қажығұмар Шабданұлының “Қылмыс” романдары.
4. Оқырмандарға “Қылмыс”, “Көшпенділер”, “Қаралы көш”, “Қараман қарақшы”, “Сүлеймен қарақшы” деген кітаптарды оқуға кеңес беремін.
Жобаға қатысу үшін kaznewsmn@gmail.com э-поштасына хабарлама жолдаңыз!