- Бұл негізгі дамушы елдер блогына 22 ел қосылуға өтініш берген.
- БРИКС -ке мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары бүгін Йоханнесбургте бас қосады.
- Бұл жолғы саммитте жаңа мүшелерді қосу туралы талқыланады
БРИКС – негізгі дамушы елдер тобы. Оған мүше Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка – 22-24 тамыз аралығында Йоханнесбургте мемлекет және үкімет басшыларының 15-ші саммитін өткізеді.
Ауқымды форумға Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва және Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қатысады деп күтіліп отыр.
Ресей президенті Владимир Путин Украинада әскери қылмыстар жасады деген айыппен Халықаралық қылмыстық сот шығарған тұтқындау ордеріне байланысты саммитке бара алмайды. Путин оған виртуалды түрде қатысады және Йоханнесбургте Ресей атынан сыртқы істер министрі Сергей Лавров өкілдік етпек.
БРИКС-ке Қазақстан, Аргентина, Бахрейн, Египет, Индонезия, Иран, Мексика, Нигерия, БАӘ, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Тайланд, Тунис, Түркия, және Уругвай сыяқты бір қатар елдер кіруге талпынып жатыр.
БРИКС ХВҚ, Дүниежүзілік банк сияқты ұйымдардың құрылымын жетілдіруді, дамушы елдердің үнін біріктіріп, оларды әлемге жеткізуді көздейді. Сондықтан 2014 жылы 250 миллиард АҚШ долларын құрайтын капиталмен Жаңа даму банкісін бірігіп орнатқан. Бұл банк дамушы елдерге несие береді. Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктері БРИКС-ке мүше болмаса да, олар да жаңа банк құруға атсалысты.
Бұған дейін Бразилия мен Ресей саясаткерлері әлемдік экономикада үстемдік ететін АҚШ долларына қатысты бірыңғай валютаны ұсынған. Оңтүстік Африка шенеуніктері бұл мәселе бүгінгі кездесуде талқыланбайтынын хабарлады. Экономист Джим О’Нил ортақ валюта идеясының бос сөз екенін айтады.
БРИКС елдері өз аймақтарында ерекше орын алады. Қытай әлемдегі екінші ең үлкен экономикаға айналды. Батыс зерттеушілері Бейжің БРИКС-ті қазіргі халықаралық тәртіпті өзгерту үшін қару ретінде пайдаланады деп есептейді. Қытайдың ең үлкен бәсекелесі және көршісі Үндістан да БРИКС мүшесі.
БРИКС елдерінің Батысқа қатысты саяси ұстанымы әртүрлі. Қытай мен Ресейді қоспағанда, Батыс елдері өте сақтық танытып отыр. Бразилия мен Оңтүстік Африканың билеушілері әлемнің бөлінгенін қаламайтынын айтады.