KAZNEWS – Моңғолиядағы қазақ диаспорасы Улаанбаатар мен Астана арасын байланыстыратын «алтын көпір» міндетін атқарады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Моңғолия Ұлы Құрылтай (Парламенті) мүшесі Тілейхан Әлмәлікұлы айтты.
«Моңғолиядағы қазақ диаспорасы екі ел ара қатынасына дәнекер, «алтын көпір» болып отыр. Біз қазақ ұлтының құрамдас бір бөлігі болғандықтан, Қазақстанның атақ-абыройының асқақтап, экономикасының дами беруіне тілектеспіз», – деді ол.
Осы орайда Ә.Тілейхан Моңғолиядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Қалыбек Қобыландинге алғысын айтты. «Қ. Қобыландин біздің қазақ диаспорасына байланысты зор істерді атқаруда. Сондықтан осы істерді әлі де пәрмендендіруге Қазақстан елі тарапынан қолғабыс жасалса біздің ары қарайғы қатынасымыздың нәтижесі мол болмақ», – деді ол.
Әлмәлікұлы Тілейхан 1955 жылы Баян-Өлгий аймағында туылған. 1976 жылы Моңғолия Мемлекеттік Университетін Өндірістік жылумен қамтамасыз ету инженері мамандығы, 1989 жылы Экономикалық кешкі университет Өндірістік экономист бойынша тәмамдаған.
2008-2012 жылдары Моңғолия Парламентінің Әлеуметтік саясат, білім, мәдениет, ғылым мәселелері бойынша тұрақты комитетінің бастығы болды.
1991 жылы Халық Революциялық 70 жылдық медалі, 1993 жылы Энергетика саласының озат қызметкері, 2001 жылы Халық Революциясының 80 жылдық медалі, 2005 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған. 2014 жылы Моңғолияның Өнеркәсіп саласының қайраткері атағын алған.
Садық Әкіжанов