KAZNEWS – Кеше Астанада сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан мен Моңғолия үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы өтті. Бұл туралы Егемен Қазақстан агенттігі хабарлады.
Аталмыш іс-шараға еліміздің тарапынан тең төраға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен Моңғолия тарапынан тең төраға осы елдің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Содномын Чинзориг, сонымен бірге қос елдің орталық мемлекеттік органдарының өкілдері және Баян-Өлгий аймағынан АӨХуралының төрағасы Бауыржан Дәлелұлы қатысты.
Үкіметаралық комиссия отырысында сауда, экономика, инвестиция, кәсіпкерлік, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, білім беру және ғылым, денсаулық сақтау, құқықтық базаны дамыту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланды.
Жалпы, Қазақстан мен Моңғолия тарихи тәжірибеге бай, мәдени әрі гуманитарлық байланыстары орныққан, сондай-ақ салт-дәстүрі жағынан да ұқсастықтары көп елдер. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Моңғолия арасында сенім мен өзара ортақ мүдделі қағидалар жағынан да тұрақты әрі сындарлы қарым-қатынастар орнаған.
Кездесуді ҚР-ның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова ашып, Моңғолия Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі екенін ерекше атап өтті.
«Біз Моңғолия тарапынан болған зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы екі-жақты ынтымақтастықты жалғастыруды және осы жоба бойынша басталған тиісті үкіметаралық келісімді дайындау үдерісін биыл іске асыруды қолдаймыз», деді М.Әбілқасымова.
Келелі кездесудегі маңызды мәселелердің бірі Монғолия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтастық шеңберінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және кеңейту болды. Тараптар өзара жеткізілімдер құрылымы салыстырмалы түрде шектеулі екендігін және бұл олардың өндірісі мен экспорттық әлеуетін көрсетпейтінін атап өтті.
Бұл ретте екі ел өкілдері кездесуде аталған олқылықтың орнын толтыруға қажетті шаралардың бірнешеуін қабылдады. Екі ел тауар айналымын одан әрі дамыту мақсатында әлеуетті экспорттық тауарлар тізімімен алмасты.
Кездесу қорытындысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдениет саласындағы әріптестік бойынша Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының хаттамасына қол қойылды.
Сондай-ақ маңызды кездесу барысында Үкіметаралық комиссияның келесі, яғни сегізінші отырысы 2020 жылы Моңғолия астанасы Улаанбаатар қаласында өтетіні мәлім болды.