KAZNEWS – Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға талпынған мемлекеттер саны 115-ке жеткен болатын. Алайда қазіргі таңда бұл көрсеткіш біраз мемлекетке қысқарды.
Астанаға арнайы келген Моңғолияның батысындағы қазақтар тіршілік етіп жатқан Баян-Өлгий аймағының өкілдері Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулгамен кездесті.
Кездесудің басты мақсаты Астана ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Баян-Өлгийде тұратын қандастарымыздың көрмеге өздері өндірген өнімдерін қоюын ұйымдастыру болатын.
Алайда Моңғолия елшісі Лувсан Баттулга Моңғолия тарапының әйгілі көрмеге қатыса алмайтындығын жеткізді.
«Осыдан бір жыл бұрын Моңғолия ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға ниет білдірген болатын. Сонымен бірге павилоны дайындалып, екі жақты келісім шарттар жасалған еді. Өкінішке қарай, Моңғолия тарапы бұл көрмеге қатыса алмайтын болды. Себебі қаржы мәселесін шешілмеді және Моңғолия ұсынатын көрме заттары «Болашақтың энергиясы» тақырыбына сай келмеді» – деді елші.
Осы орайда Баян-Өлгий аймағы әкімшілігі атынан Астанаға келген өкілдердің бірі, аймақтық Бұқаралық радиотелеарна басшысы Оспан Нәбиұлы өз пікірін білдірді.
«Моңғолия тарапының ЭКСПО-дан бас тартуының өзіндік себептерін жаңа елші мырза айтты ғой. Дегенмен бұл Баян-Өлгий аймағындағы аз ғана халыққа қиындау тиетін түрі бар. Себебі осы көрмеде атажұрттағы қандастарымызбен кәсіпкерлік байланыс орнатып, түрлі салада қызмет істеуге талпынып отырған бизнесмендер бар еді. Моңғолияның арнайы павильоны болмауына байланысты біздің де көрмеге қатысуға құқымыз шектелді деген сөз. Дегенмен ұйымдастырушы тарап өзіміздің атажұрттағы арқа сүйер ағайынымыз болғандықтан бұл мәселенің де түйінін шешіп береді деген сенімдеміз» – дейді Оспан Нәбиұлы.
ЭКСПО көрмесінде қазақылығымыз бен қонақжайлылығымызды, ұлттық салт-дәстүріміз бен рухани байлығымызды паш етеріміз ақиқат. Осындайда алыстағы ағайындарымыздың кемтігімізді толтырып, кетігімізді бүтіндеп тұратынын еске алсақ, Баян-Өлгийдегі қандастарымыздың ЭКСПО төрінде өзгемен терезесі тең тұруына қол ұшын созуымыз керек секілді.
Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға талпынған мемлекеттер саны 115-ке жеткен болатын. Алайда қазіргі таңда бұл көрсеткіш біраз мемлекетке қысқарды, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.