KAZNEWS – Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға Моңғолия елінің Президенті Цахиагийн Элбэгдорж барды.
Цахиагийн Элбэгдоржның ұшағы Астана әуежайына қонды. 2009 жылдан бері Моңғолия елін басқарып отырған мәртебелі мейманның Қазақстанға жасаған алғашқы іс-сапары.
Іс-сапар аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады. Екі жақты келіссөздер өткізеді. Астана Экспо-2017 көрмесінің ашылу салтанатына қатысады.
Айта кетейік, 2004 жылы Ташкент қаласында өткен саммит барысында Моңғолия Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушысы болып атанған бірінші мемлекет болды. Содан кейін моңғолиялық делегаттар ұйымның бірқатар шарасына қатысты. Мәселен, 2010 жылы Улаанбаатар қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының іскерлік кеңесі де өткен болатын. Ал сол кездегі Сыртқы істер министрі мүше елдердің ғалымдарының форумын Улаанбаатарда өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Кейін де шетелдік дипломаттар Моңғолияның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы рөлін арттыру туралы сөз қозғаған.
Ал Қазақстан мен Моңғолияның ынтымақтастығы жайлы айтатын болсақ, біздің дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орнатылған. Екі ел арасында 40-тан астам келісімшартқа қол қойылды. Қазіргі таңда Моңғолия-Қазақстан Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия өз жұмысын жемісті атқарып жатыр.
Мәселен, тек ағымдағы жылдың 3 айында екі елдің тауар айналымы 15 млн долларды құрады. Ал «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы» сынды алып компаниялардың басшылары Моңғолияға отандық өнімдерді экспорттау туралы келіссөздер жүргізді.
Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық салада ҚР мен Моңғолия арасында 8 келісімшартқа қол қойылған.
Үкіметаралық келісім негізінде жыл сайын екі мемлекет студенттермен алмасып отырады. Моңғол және қазақ халқы арасында ертеден келе жатқан дәстүрлі, тарихи және мәдени байланыс бар екендігін атап өткен жөн.