2017 жылғы қаңтардағы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» даму тұжырымдамасы Қазақстанның әлемдегі көшбасшы 30 елдің қатарына енуінің нақты қадамдары көрсетілген жолдау екендігі айқындалды.
Бұл пікірін Ph.D докторы, Моңғолия Ғылым академиясының Халықаралық қатынастар институтының аға маманы, Орталық Азия елдері бойынша зерттеу орталығының үйлестірушісі К.Дэмбэрэл білдірді.
«Жолдаудағы бес бағыт Қазақстан мемлекетінің жақын болашақтағы дамуының басты бес нысанасы екендігін атап өткім келеді. Құжаттағы негізгі ерекшеліктердің біріне тоқтала кетсем, «Еуразия логистика инфрақұрылымы» даму мәселесіне дұрыс назар аударылған деп есептеймін.
Бұл Моңғолия үшін назар аударатын басты мәселелердің бірі. Өкінішке орай, Моңғолия арқылы әуе, авто, теміржол транзитін дамыту логистикасы туралы айтқалы көп уақыт өтсе де, біз оны жүзеге асыра алмай келеміз. Сондай-ақ, энергетика, транспорт, логистика, тұрғын үй қызметіндегі баға тарифін белгілі мөлшерде төмендету бағытындағы кешенді шараларға дұрыс назар аударылған. Мемлекет-жекеменшік секторының серіктестігін кеңейту, ЖІӨ-дегі мемлекет үлесін 15 пайызға дейін төмендету және білім жүйесін жетілдіру, соның ішінде жаппай тегін техникалық білім беру мәселелері Моңғолия мен Орталық Азияның басқа да мемлекеттеріне өзекті болып отыр. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың мемлекеттің басқару тетігін жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру жолының көзі ретінде жаңаша реформалар жүргізуін көрегендік деп білемін.
Жақында ғана Қазақстанда жүзеге асырылған Конституцияға өзгерістер енгізу қадамдары мемлекет басшылығы заман талабына сай әрекеттерге барып жатқанын көрсетіп отыр. Бұл міндетті түрде Қазақстанның дамуында үлкен рөл атқаратындығына күмән жоқ. Жалпы алғанда, экспорттың басым бөлігін құрайтын мұнай, газ, мыс, алтын секілді басты шикізат көздеріне әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуі жағдайында Қазақстан экономикасының өзіндік қоры, әлеуеті бар екендігін көрсетіп отыр. Қазіргі әлемдік даму жағдайында экономиканың 1 пайыздық өсімі жақсы көрсеткіш деп саналатындығы да соның да бір дәлелі.
Осы орайда, қазіргі қиын кезеңде «Универсиада-2017», «ЭКСПО-2017» секілді халықаралық іс-шараларды ұйымдастырып жатқандығы Қазақстанның мүмкіншілігі зор екендігін көрсетуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында Қазақстан өзін әлемге таныту сипатынан ғана емес, керісінше осы іс-шаралар нәтижесінде инвестиция тарта отырып, дүниежүзі қауымдастығының сеніміне ие болып отыр», – деп білдірді өз ойын К.Дэмбэрэл.