KAZNEWS. Улаанбаатар. 2022 жылғы 25 тамыз – Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия академиясының Тарих және археология институты бірлесіп жүргізген «Номгон-2022» ғылыми археологиялық экспедициясы барысында Номгон алқабында (Моңғолияның Архангай аймағы) Құтлық Елтеріс қағанға арналған көне түркі дәуіріне тиесілі ғұрыптық кешені табылды.
Бұл туралы 2022 жылғы 24 тамызда Улаанбаатарда өткен баспасөз конференциясында Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі мен Моңғолия Ғылым академиясы жанындағы Тарих және археология институтының директоры Г.Эрэгзэн мәлімдеді.
Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия ҒА Тарих және археология институты «Бүгін сіздермен қуанышты жаңалығыммен бөліскелі отырмын. Биылғы экспедицияның нәтижесінде Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазба ескерткіші табылып отыр. Түркі дәуірінің құнды жәдігерінде «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне жазба ескерткіш екенін атап өткім келеді», – деді Д.Қыдырәлі БАҚ өкілдеріне.
Экспедиция мүшелерінің мәліметі бойынша, Номгон кешені 49х41,5м аумағында орналасқан. Кешеннің орталық ғимаратының айналасында сопақша арық қазылып, қазылған топырақтан бекіністің өзі тұрғызылған. Қазба жұмыстарының орнында табылған құнды олжаданың екі жағында – құлпытастың фрагментіндегі мәтін көне түркі руна жазуымен қашалған, ал үшіншісінде – соғды тіліндегі жазу. Экспедицияға қатысқан ғалымдар ескерткіш мәтініндегі «Тәңір», «Түркі», «Құтлық», «түмен» сияқты бірқатар сөздерді анықтай алды. Табылған жәдігерлер мен жазба мәтіні негізінде ғалымдар Номгон кешені Күлтегін мен Білге-қағанның әкесі – Түрік қағанатын жаңғыртып, оны 682-693 жылдары билеген Құтлық Елтеріс-қағанның құрметіне салынған деген қорытындыға келді. Осылайша, «түркі» сөзі кездесетін жерлеу тасынан табылған жазу түркі дәуірінің ең көне жазба ескерткіші болып табылады.
Жалпы, Номгон мәтіні түркітану тарихындағы Орхон жазбаларынан кейінгі үшінші жаңалық болып табылады және Номгон ғұрыптық кешеннің құрылымының өзі көп жағынан Білге-қаған мен Күлтегіннің ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Сонымен қатар, Номгон стеласының жоғарғы бөлігінде екі қасқырдың бастары бейнеленген. Мұндай «қаған» атрибуттары басқа да көне түркі жәдігерлерде, соның ішінде Таспар-қаған, Білге-қаған, Күлтегін құрметіне қойылған ескерткіштерінде де бар екені белгілі.
Бұл археологиялық жаңалық түркітану ғылымындағы көне түркілердің тарихы туралы білімді айтарлықтай тереңдетіп, кеңейте алатын тарихи оқиға екені сөзсіз. Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия археологтарының бірлескен жетістігі түркітілдес елдер мен Моңғолияның ғылыми орталары арасындағы археология мен тарих салаларындағы тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жаңа перспективалар ашады.