Моңғолия астанасына жаңа рейс ашуды жоспарлаған Air Astana «Ресей тарабы келісім бермей жатыр» деген уәж айтады. Сарапшылардың сөзінше, мұның әрқилы себебі бар деп отыр Азаттық.
Моңғолияның Улаанбаатар қаласында тұратын Әлібек Рашатов Қазақстанға жиі келіп тұрады. Ол Улаанбаатар мен Астана арасында биыл 2 маусымнан бастап аптасына үш рет әрі, үш рет бері тікелей рейс ашылатынын естіп қуанғанын айтады.
– Қазір ұшақпен көбіне Қырғызстан арқылы қатынап жүрміз. Кейде автобуспен де келеміз. Бірақ қазір ұшақ бағасы қымбаттау болып жатыр. Тура рейс ашыласа, жақсы болар еді, – дейді ол.
«Бұған дейін Моңғолия мен Қазақстан арасында Scat және BekАir әуе компаниялары жолаушылар тасымалдайтын еді» деген Әлібек Рашатов ол рейстердің жабылып қалғанын айтып өкінеді.
«РОСАВИАЦИЯ» КЕЛІСІМ БЕРМЕЙ ОТЫР»
Бұған дейін Астана–Улаанбаатар бағытында жаңа рейс ашатынын мәлімдеген Air Astana компаниясының дерегінше, ұшағының Ресей аумағынан ұшып өтуіне ол елдің «Росавиация» әуе көлігі федеральдық агенттігі рұқсат етпей жатыр.
«Росавиация» қазақстандық тасымалдаушының Астанадан Улаанбаатарға тікелей рейс ашып, Ресей аумағы арқылы 300 шақырым ұшып өтуіне келісім бермей отыр» делінген Air Astana наурыздың 28-і күні таратқан хабарламада.
Air Astana өкілдері бұған дейін қазақстандық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында: «Ресей жағы Транссібір бағытын пайдаланғанға төлемақы талап етіп отыр, бұған қоса Қазақстанға ұшатын «Аэрофлоттан» бөлек тағы бір ресейлік авиатасымалдаушыға Мәскеу–Астана және Мәскеу–Алматы бағытында жолаушылар тасымалдауға рұқсат беруін сұрайды» деген. Ресей жағының бірінші талабымен келіскенін айтқан Air Astana екінші талапты «негізсіз» деп атап, «Ресейдің бас тартуының себебіМоңғолиядан Еуропаға транзиттік жолмен ағылатын жолаушылар легін бермеудің, яғни Моңғолия бағытында бәсекелестікті жоюдың амалы шығар» деп болжаған.
«Росавиация» агенттігі Азаттықтың Астана–Улаанбаатар бағытында ашылмақ рейс жайлы ресми сауалына жауап бермеді.
«БҰЛ – ЕКІ ЕЛ БИЛІГІ ҒАНА ШЕШЕТІН ШАРУА»
Қазақстандық әуе тасымалдаушылары ассоциациясының төрағасы, 2000 жылдары «Саяхат» әуе компаниясын басқарған Владимир Куропатенконың сөзінше, жоғарыда сөз болған Транссібір әуе маршрутын пайдаланғанға ақы сұрау – «Росавиацияның» емес, үкіметтің ғана айрықша құзырындағы шаруа.
– Бұл азаматтық авиация комитеті немесе Ресей федералдық авиация қызметі ойлап тапқан нәрсе емес. Бұл олардың құзырына да кірмейді. Біз мұны сол кезде (2000 жылдары – ред.) Қытайдан Моңғолияға, Моңғолиядан Қазақстанға жүк тасып жүрген кезде білдік, – дейді Владимир Куропатенко.
Оның пікірінше, Air Astana компаниясының Астана–Улаанбаатар рейсіне қатысты мәселесін екі ел үкіметтері шешуі керек.
– Қазақстан үкіметі немесе сыртқы істер министрлігі Ресей үкіметіне аталған рейс үшін төлемақы алмау туралы ұсыныс айтуы керек. Осылайша үкіметаралық келісімге қол қойып, Қазақстан үшін жеңілдік кезең алса болады. Ал авиакомпаниялардың мұндай келіссөздер жасауына құқығы жоқ, – дейді Владимир Куропатенко.
Ресейлік AEROHELP әуе және ғарыштық құқық институтының директоры Олег Аксаментов «Росавиацияның» Air Astana компаниясы рейсіне қатысты ұстанымын «таза саяси сипаты бар мәселе» деп сипаттайды.
Меніңше, екі елдің авиация билігі арасында бұдан да үлкен, тамыры тереңдеу кикілжің бар. Ал Моңғолияға ұшып өту соның тек салдары ғана.
– Құқықтық жағынан алып қарасақ, Ресей аумағынан ұшып өтуді келісу бойынша ешқандай проблема жоқ. Мәселені шешудің бір ғана жолы – келіссөз жүргізу. Бірақ Қазақстанның авиация билігі тарапынан да келісуге ынтаны көрмей отырмын. Меніңше, екі елдің авиация билігі арасында бұдан да үлкен, тамыры тереңдеу кикілжің бар. Ал Моңғолияға ұшып өту соның тек салдары ғана. Мұның шешімі екі ел билігінің саяси еріктеріне байланысты, – дейді ресейлік маман.
Бұған дейін Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасы да Ресей тарабының әрекетін сынап, «Қазақстан мен Ресей арасында жасалған екіжақты келісімге сәйкес екі тарап бір-бірінің аумағынан қонбай ұшып өте алады» деп мәлімдеген.
Ал Air Astana компаниясы Астана–Улаанбаатар бағытындағы тағдыры әлі белгісіз рейске билет сатып жатыр.
Мақпал Мұқанқызы