KAZNEWS – Аймақ басшылығының екі жылдан бері дәстүрге айналған ел аралап, азаматтардың арыз, тілегін тыңдау жұмысы мамырдың 18-20-ы күндері Цэнгэл сұмынында жалғасты. – деп хабарлайды аймақ әкімінің баспасөз қызметі.
Өткен екі жылда аймақ әкімі, оның орынбасары, Аймақ әкімі Іс басқармасының басшысы бастаған жұмыс топтары жаңа жылдың алғашқы жұмыс күндерін сұмындардан бастап, барлық сұмындарды аралап, атқарылған шаруалар мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, сұмын басшыларының жұмыс нәтижесі, алда жоспарланып отырған жұмыстар туралы азаматтарға есеп беріліп, халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалған болатын.
Сондай-ақ, халықпен кездесу барысында айтылған пікірлер, шешімін таппай отырған түйткілді мәселелер аймақ басшылығының жылдық жұмыс жоспарына енгізіліп, құзырлы мекемелерге арнайы тапсырмалар да берілді. Осынау игі істің жалғасы ретінде аймақ әкімі Дәрмен Құзыкейұлы осы аптаның алғашқы жұмыс күндерінде биылғы жылы 90 жылдық торқалы тойын атап өткізгелі отырған Цэнгэл сұмынының Сұмдыайрық, Құрғақғобы, Жыланды өлкелеріндегі 5, 3, 1, 2-бақ малшыларының хал жағдайымен танысып, кездесулер өткізді. Басқосуларда аймақ әкімі халыққа өткен уақытта атқарылған жұмыстар жайлы таныстырып, аймақ және ел экономикасына қатысты ақпарат, түсініктер берді.
Бір қуанарлық жағдай – ақпараттық технологиялардың жетістігі малшы қауымның тұрмыс-тіршілігіне дендей еніп, олардың рухани өміріне тың серпіліс бергендігі байқалады. Бір ғана аймақ шеңберіндегі ақпараттармен шектелмей, радио, жерсеріктік телевизия арналары, радио толқыны арқылы ел көлемінде, шетелдерде болып жатқан жаңалықтарды да қалыс жібермей қабылдай алатын мүмкіндікке қол жеткізген қыр халқының айтқан ұсыныс пікірлері де жеке бастың мүддесі ауқымынан шығып, жалпыхалықтық, қоғамдық сипат алғаны байқалады.
Азаматтар Сырғалы өлкесіне ұялы телефон желісін орнату, бес бақтың халқына қызмет көрсетіп отырған Құрғақғобы және Шыбарқарағайдағы көшпелі аурухана құрылыстарына жөндеу жүргізу, көшпелі балабақшаларды жалғасты жұмыстатып, санын арттыру, көпшілік көңілінен шықпай отырған мал дәрігері мекемесінің жұмысы туралы құзырлы орындарға жеткізіп, даяшылық сапасын арттыру, Хатуудың жолын жөндеу, Ұзын Көйтен өзеніне көпір салу, сұмындағы Жергілікті жерді дамыту қоры қардысымен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне қорытынды жасау шараларын қолдануды сұрады.
Ел арасына жік салып, сыңаржақтық саясатқа бой ұрған кейбір саясаткерлердің қоғамға залалды іс-әрекетін, бұрынғы жылдары науқастарға ота жасап тұрған сұмынаралық аурухананың бүгінгі таңда ең бергісі соқыршекті де айыра алмайтын біліксіз дәрігерлермен қатары молыққанын сынады. Аймағымыздағы білім беру мекемелері қызметкерлерінің кәсіптік біліктілік деңгейінің жоғарыламай отырғанына, сол арқылы келешек ұрпақтың өміріне балта шабылып жатқанына алаңдаушылық білдіріп, бүгінгі нарықтағы түбіт пен мал, шикізат бағасының көтерілетіндігіне үмітті екендіктерін жеткізді.
Цэнгэл сұмыны 2014 жылы Үкіметтің «Жаңа сұмын» жобасына қамтылып, 5 миллиард төгрөгтің жасампаздық істері атқарылып жатқаны белгілі. Аймақ әкімшілігінің тұрақты бақылауында жүзеге асырылып жатқан жұмыс барысы қазіргі таңда 80 пайыздан асып отыр. Жоба жұмысы биылғы жалы еліміздің Даму банкінен қаржыландырылып, толық аяқталмақ. Бұған қоса өткен 2 жылда аймақтық Жол қорынан Аққол суына көпір салуға 80 миллион төгрөг, Хатуу, Жыланды өзендеріне көпір салуға 9 миллион төгрөг қаражат бөлініп ел игілігіне жарарлық шаруалар атқарылды.
Сұмын халқымен кездесу барысында азаматтар тарапынан айтылған кейбір өтініштерге жерінен шешім де айтылды. Мәселен, Даян, Сырғалы өлкелеріне ұялы телефон желісін орнату жұмысы жақын уақыттарда жүзеге асырылатындығын, сурет жобасы дайын болған жағдайда Үлкен Дүргін өзені мен Шыбарқарағайдағы көшпелі аурухананың құрылысына жөндеу жүргізуге қол ұшын беретіндігін аймақ әкімі мәлімдеді. Цэнгэл сұмынының қыр бақтарының халқымен болған кездесулерден кейін аймақ әкімі Дәрмен Құзыкейұлы сұмын орталығында көпшілікпен кездесу өткізді.
Аймақ әкімі осы реткі сапары қарсаңында Улаанхус сұмынының 6-бағының Бұқаралық жиналысына да қатысып, малшылардың жағдайымен танысты. Бұл кездесуде азаматтар көші-қон, ата малды бөлу қатарлы мәселелерді талқылап, аймақ әкімінен аймағымыздың тыныс-тіршілігі, жұмыс барысы туралы қысқаша ақпарат тыңдады. Сонымен қатар бақ жиналысына Уланхус сұмынының әкімі Ж.Сіләмбол аталмыш бақ әкімі К.Бағдәулатты қызметтен түсіру туралы ұсыныс енгізгенімен азаматтар «көктемгі қауырт қимыл, науқанды жұмыстар кезінде саяси ойын ойнау тиімсіз» деп көріп, бұл мәселені сөйлесуден бас тартты.
Жоғарыдағы кездесулерде аймақ басшысына айтылған барлық ұсыныс-пікірлер Аймақ әкімі Іс басқармасы тарапынан сарапталып, бүгінгі күндері тиісті мекемелерге азаматтардың арыз, ұсыныстарын қанағаттандыру туралы міндеттер мен тапсырмалар беріліп жатыр.