Connect with us

Мақала

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

Published

on

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры,тарих ғылымдарының кандидаты

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

Кіріспе. Жалпы, Т.Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі деген сұраққа жауап беру тек бір ғана тарихшының қолынан келе қоймайтын шаруа. Өйткені, Т.Рысқұловтың бүкіл саналы ғұмыры мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі қазақ халқының болашағы жолына бағытталды. Оның тағдыры – қазақ халқының тарихымен еншілес. Сондықтан, Т.Рысқұловтың сан-салалы қызметі мен қажырлы қайтпас күресі, ұлтқа сіңген еңбегі көптеген тарихшылардың зерттеу еңбегіне жүк болып келеді. Біз осы мақаламызда басқа тарихшылардың назарынан тыс қалып келе жатқан кейбір мәселелерге және нақты алғанда оның 1926 жылдың сәуір-маусым айларындағы екі айлық қызметіне тоқтала кетуді жөн көрдік.
Талқылау. Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы осы уақытқа дейін аз зерттелген жоқ. Т.Рысқұловтың қоғамды-саяси және мемлекеттік қызметін зерттеуге алған ғалымдар мен журналистердің арасынан О.М.Қоңыратбаевтың, В.М.Устиновтың, М.Қ.Қозыбаевтың, Қ.С.Алдажұмановтың, О.Сәбден мен М.С.Жәпектің, М.Әбілтайұлы мен Н.Әбілдаевтың, К.Адырбекұлының еңбектерін ерекше атап көрсетуге болады [1]. Барлық зерттеушілер Т.Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне аса жоғары баға беріп, оның өте дарынды тұлға болғанын бірауыздан мақұлдайды. Мысалы, оның замандасы И.В. Сталин 1922 жылы 14 мамырда Г.К.Орджоникидзеге жолдаған хатында: «…Түркістандық коммунистерді еркелете берудің қажеті жоқ, олар ондай құрметке лайық емес, соңғы екі жыл олардың барлығы жиылып жалғыз Рысқұловқа татымайтындығын айқын көрсетті, мен оның (Түркістанға) қайта оралуына қарсы емеспін», [2, 252-б.] – деп, Т.Рысқұловтың қайраткерлік тұлғасына ерекше баға берсе, академик М.Қ.Қозыбаев осыдан 25 жыл бұрын: «…оның тек советтік шығыс емес, әлемдік ұлт қозғалысының көсемдерінің бірі екендігі сөзсіз. Т.Рысқұловтың әлем тарихындағы тұғыры биік, жұлдызы жарық, ол Сун-Ят-Сен, Д.Неру, Мұстафа Кемал-паша (Ататүрік) қатарындағы қайраткер екені күмән тудырмайды» [3, 239-б.], – деп объективті баға берген болатын.
Деректері және әдістері. Т.Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі туралы осы мақаланы жазуға Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен алынған тың құжаттар мен алдыңғы зерттеу жұмыстарының материалдары негіз болды. Жұмысты жазуда объективтілік, тарихилық, жүйелілік және салысырмалы талдау принциптері басшылыққа алынды.
Нәтижесі. Т.Рысқұлов Түркістан АКСР-інде қызмет істеп жүріп біртұтас кеңестік қазақ автономиясының ұйымдастырылуын жақтады. Қазақстанда азамат соғысы аяқталып келе жатқан тұста болашақ Қазақ АКСР-інің астанасы Ташкент қаласы болуы тиіс деген пікірді ұстанды. Ол 1919 жылы күз айларында ұлттық республикалар құрамына өз халықтарын біріктіру мәселесін көтереді. 1917 жылы желтоқсанда өткен екінші Орынбор сиезі күн тәртібіне қойған қазақ жерлерін біріктіру мәселесін ары қарай жылжытқан Т.Рысқұлов біріккен қазақ жерлерінің астанасы ретінде Ташкент қаласын белгілеуді үзілді-кесілді талап етеді [4]. Біз бұл жерден Т.Рысқұловтың алдымен ұлтшыл, содан кейін түрікшіл болғандығын көреміз.
Сол кездегі ірі саяси, экономикалық, әрі мәдени-рухани орталықтардың бірі болған Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, шашылып жатқан қазақ жерлерін біріктіру идеясы сол тарихи кезенде ең ұтымды идея болатын. Себебі, қазақ халқының жартысынан астамы Түркістан өлкесін мекендейтін, сондай-ақ көшпелі қазақ аймақтарына қарағанда халқы тығыз орналасқан, шаруашылықтың сан түрі дамыған Түркістанға қарасты қазақ жерлері арқылы өзге қазақ жерлерін әкімшілік жағынан басқару, шаруашылығы мен тұрмысын ұйымдастырып, мәдени өміріне ықпал ету анағұрлым оңай әрі тиімді болар еді.
Екіншіден, Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, қазақ жерінің астанасын тұтас түрік конфедерациясының да орталығы болуын қамтамасыз ету арқылы қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы жетекші ұлт болуын қалыптастыру болатын. Саны жағынан түрік халықтары арасында Түркия түріктерінен кейінгі екінші орынды иеленетін және Ә.Бөкейхан айтқаңдай «мәдениет жолында бізден де төмен» өзге Түркістандық түріктердің арасыңдағы ең сауатты, көзі ашық халық ретінде қазақтардың бұл орынды иеленуі әбден дұрыс болар еді. Қазақстанның астанасы ретіңде Түркістан өлкесінің орталығында орналасқан Ташкент қаласының ұсынылуы Т.Рысқұлов тарапынан жасалынған, нақты мақсатқа бағындырылған, әрі өзге түрік халықтары тарапынан дәл сол кезеңде қолдауға ие болған әрекет болатын.
Тұрар Рысқұловтың аштықпен күрес сияқты және басқа да ірі тарихи қызметтерін айтпағанның өзінде, оның Түркістан АКСР-іне қарасты қазақ жерлері үшін жасаған нақты іс-шаралары бір төбе. Мысалы, ауылдық жерлерде кедейлер комитетінің құрылуы жөніндегі 1918 жылғы 11 маусымдағы декрет Жетісуда 1920 жылдан соң ғана жүзеге асырыла бастаған еді. Себебі, оған дейін кеңестік Түркістан Республикасына қарасты Жетісу облысының шын мәніндегі қожасы – байыған орыс кулактары мен қарулы казактар еді. Кеңес өкіметінің қаулы-қарарлары жергілікті тұрғындарға – қазақтарға дер кезінде жете бермейтін. 1920 жылы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұловтың Түрікатком төрағасы болып сайлануынан кейін ғана бұл істің беті бері қарай бастады. Жетісудағы жағдайды реттеуде 1920 жылы 16 наурызда Т.Рысқұловтың күш салуымен жарияланған «Жетісу облысының тұрғындарына» үндеуі шешуші рөл атқарды. Бұл үндеуде ұлттық белгілеріне қарай қуғындауға қатаң тыйым салынатыны, бұған жол бергендердің ату жазасына кесілетіні, өз аумағында жергілікті халықты тонаған немесе өтірген болыс, станица, селолар мен деревнялар тұрғындарына ауыр салықтар салынатыны ерекше атап көрсетіліп, егер аумақтардың атқару комитеттері ұлтаралық қақтығыстарға жол берген жағдайда, толық құрамымен Революциялық-әскери трибуналдың сотына тартылатыны ескертілді [5, 168-169-б.].
Жетісудағы жергілікті халықтардың жағдайын жақсарта түсуде 1920 жылы 31 наурызда жарияланған Тұрар Рысқұловтың Жетісу облысы бойынша тезистері де аса маңызды болды. Осы тезистерді талқылаған ТК(б)П комитетінің 1920 жылғы 31 наурыздағы пленарлы мәжілісінде Т.Рысқұлов Жетісудағы кулактар мен казактарды қарусыздандыруды жүзеге асыруға, Жетісудың босқын қазақ және қырғыз халықтарын орналастыру үшін 100 000 000 сом қаржы бөлдіртуге қол жеткізді [5, 170-175-б.]. Яғни, қазақ халқының ата жауы – орыс-казактарының қазақ халқының басында ойнаған әңгір-таяғына тоқтау салып, оларға тұңғыш рет соққы берген Тұрар Рысқұлов болатын.
Тұрар Рысқұловтың осындай нақты іс-шараларының нәтижесінде, Жетісу облысының уездерінде алғаш рет кедейлер комитеттері құрыла бастады. Кедейлер мен жалшы-батырақтардың осы алғашқы комитеттері Кеңес өкіметі қабылдаған декреттер мен қаулыларды іске асырып, Түрікатком мен облатком, уездік атком тарапынан күн сайын келіп түсіп жататын түрлі нұсқаулар мен қаулыларды қалың бұқараға жеткізіп, оларды насихаттап отыруда үлкен еңбек сіңірді. Біз бұл жерден өзі шыққан әлеуметтік ортаның жай-күйіне жаны ашитын, үлкен жүректі азаматтың адами бейнесін көреміз.
Тұрар Рысқұлов Түркістан АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған жылдары кеңес өкіметінің оқу-ағарту саласындағы оң саясатының қазақ жерінде тиімді жүзеге асуына ерекше көңіл бөлді. Осы саясат нәтижесінде қазақ кедейлерінің ертеңгі күнге деген үміті арта түсті. Бұл туралы Т.Рысқұловтың 1923 жылы 24-28 қаңтар аралығында өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ партия конференциясына қатысып кеткен [6] Жетісу сапарының қорытындысы ретінде жазған «Жетісу мәселелері» атты кітабында жан-жақты баяндайды. «Жетісуда халық ағарту істерінің халі өте нашар, – дейді Т.Рысқұлов, – Облыста қанша мектептер бар екенін ағарту бөлімдері білмейді. Мектептердің дұрыс санын білу мүмкін болмаса керек… Мектептердің үйлері бар да, кітаптары, үй аспаптары жоқ. Балалары киімсіз һәм аш. Балалардың көбі кедейлер балалары. Әке-шешесі балаларға үйлерінен жалғасып тұратын болса керек. Білім алу, балалардың талаптары өте зор көрінеді… Сонда да қырғыз-қазақ арасында шығындарынан қашпай, мектеп ашуға талабы барлар көп. Халық арасында жастардың да саяси мәселелерге түсінгісі келіп, ұмтылулары мықты көрінеді. Қырғыз-қазақ өмірінде мұндай әлеуметтікті туғызған ұлы өзгеріс һәм кеңес үкіметі себеп болды…» [7, 15-16-б.]. Осылайша, Т.Рысқұлов қазақ ауылдарындағы білімге деген күшті ұмтылыстың бар екендігін айта отырып, қазақ ауылдарында жаппай мектеп ашуды ұйымдастыру үшін нақты іс-шаралар жүйесін іске асыруды ұсынды. «…Кедейлердің мектеп ашуға күші жетпейді, – дейді Т.Рысқұлов, – Өкімет оларға жәрдем етпеген. Үкімет бөлімдері кіріссе орыс, мұсылман қыстақтарында кеңестер мектептерін ашуға болатын. Ұзынағашта исполкомға бір мектеп ашыңдар деген соң халық қозғалып, мектеп ашуға кірісті. Қыстақтарда партия ошақтары болмағандықтан һәм газет алынбайтындықтан саяси ағарту істерінің аты да жоқ. Халық арасында мектеп ашу жұмыстарын жүргізуге болады. Мұғалімдер, кітаптар табылып, халық ағарту бөлімдері мектептер ашып берсе, халық мектеп шығындарын өз мойнына алатыны анық.» Т.Рысқұлов, мемлекет мектепке кететін шығындардың үштен бірін берсе де болады дей отырып, ең алдымен қырғыз-қазақтар үшін аудан орталықтарында мектеп-интернаттар ашылуы тиіс деп атап көрсетті. [7, 16-17-б.].
1923 жылы өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ партия конференциясынан кейін, Жетісу облыстық әскери революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарып отырған Қабылбек Сарымолдаев (ол 1922 жылдың 14 қазаны мен 1923 жылдың 18 шілдесі аралығындағы облревком төрағасы болып жұмыс істеді – С.Ш.) Т.Рысқұловтың тапсырмасын орындай отырып, барлық аудан орталықтарында кедей балаларына арналған мектеп-интернаттар ұйымдастыруды қолға алады. Осы саясат аясында уездік революциялық комитеттер мен Қосшы одағынан жергілікті кеңестік орындарға Жетісу облыстық мектеп-интернаттарға жетім, жалшы және кедей балаларынан оқуға адам жіберу туралы арнайы нұсқаулар жіберілді. Міне, осы саясат аясында көптеген қазақ балалары білім алып, 30 жылдары қазақ халқына қызмет етті. Олардың қатарында Нұрбапа Өмірзақов, Ақай Нүсіпбеков және т.б. көптеген қазақ қайраткерлері болды [8].
Тұрар Рысқұлов Түркістаннан кеткеннен кейін, 9 ай көлемінде Коминтерннің өкілетті өкілі ретінде Моңғолияда жұмыс істегені белгілі. Ол 1925 жылғы шілде айының басында Мәскеуге қайтып келген соң өзінің Моңғолиядағы қызметіне есеп береді. Оған дейін-ақ, 1925 жылы 10 шілдеде өткен МХРП ОК-нің мәжілісінде Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметін тұтастай мақұлдап, оған оң баға берілген болатын. Көп ұзамай, КСРО Сыртқы істер халкомы Г.В.Чичерин де осындай баға берді және оған қолдау көрсету қажет деген пікір білдірді [9]. Осыдан соң, БК(б)П ОК-і Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметіне жоғары баға бере отырып, әбден ысылған партия және шаруашылық қайраткерін одан ары жұмысқа пайдалану мәселесін ойластыра бастады. Т.Рысқұлов бұл кезде Түркістан халкомкеңесінің төрағасы болған қызметі арқылы-ақ өзін шебер шаруашылық қожайыны, ТКП Мұсылман бюросындағы жұмысы арқылы дарынды партиялық ұйымдастырушы ретінде мойындатқан, Моңғолиядағы қызметі арқылы халықаралық дәрежедегі сұңғыла саясаткер, шебер мәмілегер екенін көрсеткен тұлға болғандықтан да оған қай саладан болса да қызмет ұсынуға болатын еді.
БК(б)П ОК Ұйымдастыру бюросы Т.Рысқұловты партиялық жұмысқа пайдалану орынды болады деген тоқтам жасайды. Сол кезеңде БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитеті аса қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан еді. 1925 жылдың қыркүйек айында Қазөлкекомының бірінші хатшысы қызметіне кіріскен Ф.Голощекин Қазақстанда асқынып тұрған қазақ топшылдығымен күрес бастады. Әрине, бұл күрес өте тәжірибелі саясаткер, кәнігі басқарушы Ф.Голощекин үшін де оңайға соқпады. Бұл күрестің аса ауыр, әрі ұзаққа созылатынын БК(б)П ОК-і де, Ф.Голощекин де анық түсінді. 1925 жылғы желтоқсан айында өткен V Бүкілқазақстандық партия конференциясы мұны анық көрсетіп берді. Оның үстіне, бұл кезеңде республика шаруашылығы да 1913 жылғы деңгейге көптеген салалар бойынша жете алмай, ақсап жатқан болатын. Сондықтан, БК(б)П ОК-і Т.Рысқұловты Қазақ өлкелік партия комитетіне қызметке жіберуді ойластыра бастады. Көп уақыт Қазақстанда болмаған Т.Рысқұлов та осыған мүдделі еді.
Осы арада, «рысқұловшылдық» туралы мәселеге тоқтала кету қажет. Өйткені, 1925 жылғы кейбір тарихи құжаттарда «қожановшылдар» немесе, «рысқұловшылдар» деген сипаттаулар кездеседі. Мұның барлығы да Орталық пен оның Қазақстандағы жандайшаптарының негізсіз айыптаулары болатын. Шын мәнінде, Т.Рысқұловтың Қазақстандағы топшылдыққа ешқандай қатысы болған жоқ. Біріншіден, ол Қазақ АКСР-інде бұған дейін қызмет атқарған жоқ. Екіншіден, Түркістан АКСР-індегі оның тобы – Орталықтың эмиссарлық органы Түріккомиссияға қарсы жергілікті түрік халықтарының мүддесін қарсы қоя білген Мұсбюро болатын. Түріккомиссияның Т.Рысқұлов тобын талқандауы – Түрік Кеңес Республикасы мен Түрік халықтарының Компартиясын құру туралы идеяға берілген соққы болатын. Ал осының негізінде ұлттық мүдде жолындағы әрекеттерді «рысқұловшылдықпен» айыптауға жол берілді. Сондықтан, Т.Рысқұловты топшылдықпен айыптау ешбір қисынға келе қоймайды. Бірақ, Қазақ АКСР-індегі асқынған топшылдық одан әлдеқайда жоғары тұрған түрікшіл тұлға Т.Рысқұловқа да салқынын тигізбей қоймады. Ол 1926 жылы Қазақстанға қызметке келген кезде осы мәселемен бетпе-бет кездесті.
Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жібермес бұрын БК(б)П ОК-і Ф.Голощекиннің және Қазөлкеком бюросының өзге де мүшелерінің көңіл-күй ауанын байқау мақсатымен Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жіберсек қалай қарайсыңдар деген мазмұнда жеделхат жолдады. Өйткені, БК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы 1919 жылы Түріккомиссияның мүшесі болған Ф.Голощекин мен Т.Рысқұлов арасының жақсы емес екенін анық білетін. Оның үстіне, оған дейін өте жоғарғы деңгейдегі партиялық және мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, халықтың құрметіне бөленген Т.Рысқұловтың қатардағы қызметке келмейтіні әу бастан-ақ белгілі. Яғни, бұл дегеніңіз, біреудің жылы орнынан жылжуы деген сөз. Бір қызығы, 1926 жылы 10 ақпанда өткен БК(б)П Қазөлкекомы бюросының Ф.Голощекин, И.Киселев, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев, А.Серғазиев, С.Сәдуақасов, О.Исаев, М.Тәтімов, И.Игеновтардың қатысуымен өткен мәжілісінде «Жолдас Рысқұловты Қазақстанда жұмысқа пайдалану туралы ОК-тің жеделхаты» қаралып, «жолдас Рысқұловтың жұмыс істеу үшін Қазақстанға келуіне қарсылық жоқ» деген қаулы қабылданды [10]. Осы жерде, барлық жағынан тығырыққа тіреліп, одан шығар жол іздеп отырған Ф.Голощекиннің бұдан басқа амалы жоқ болған шығар деген ойдамыз. Себебі, Т.Рысқұловтың керемет ұйымдастырушылық дарыны Қазақ АКСР-і үшін ауадай қажет болатын.
Қазақ өлкелік партия комитетінің ресми келісімін алған БК(б)П ОК Ұйымдасыру бюросы 1926 ж. 3 наурызда БК(б)П ОК Хатшылығының келісімімен Т.Рысқұловты БК(б)П Қазөлкекомының қарауына жіберу туралы шешім шығарды.
Біздің қолымызға Т.Рысқұловтың Қазақстанға дәл қай күні келгенін айғақтайтын құжат әзірге түсе қойған жоқ. Тек белгілісі – 1926 ж. 10 сәуірде өткен Қазөлкекомы бюросының мәжілісі оның қатысуынсыз-ақ «жолдас Рысқұловтың жұмысы туралы» мәселені қарап, оны БК(б)П Қазөлкекомының Баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Ал 19 сәуір күні өткен аталмыш бюро мәжілісі Т.Рысқұловтың қатысуымен өтеді. Осы мәжілісте Ф.Голощекин «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасы туралы» хабарлама жасап, ол бойынша «Рысқұлов, Сәдуақасов және Жандосов жолдастар «Еңбекші қазақ» редакциялық алқасына мүше болсын, Т.Рысқұлов газеттің жауапты редакторы болып тағайындалсын» деген шешім қабылданды [11]. Яғни, Т.Рысқұлов Қазақстанға осы екі аралықта келсе керек.
Т.Рысқұлов Қазақстанға келе салысымен-ақ әдеттегіше жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Ол кезде Қазақстанда 29 мерзімді басылым шығып тұратын еді. Оның 16-сы орыс тілінде болса, 12-сі қазақ тілінде, 1-уі ұйғыр тілінде шығатын. Т.Рысқұлов өлкелік баспасөз бөлімінің меңгерушісі ретінде ауыл кеңестерінің жұмысын жандандыру бағытында орасан жұмыс атқарды. Үнемі қазақ ауылдардарындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, қазақ кедейлерінің кеңестердегі рөлін арттыруға баспасөзді жұмылдыруға күш салды. Сонымен қатар, республикалық баспасөзге жұмсалатын қаржыны көбейтуге, губерниялық баспасөз бөлімдерінің жұмысын жетілдіруге баса назар аударды. Біз Т.Рысқұловтың аз уақытта Қазақстанда атқарған жұмыстарын кеңірек көрсету үшін нақтылы деректермен бере кетуді жөн санап отырмыз.
Мысалы, Т.Рысқұлов 1926 ж. 21 сәуір күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысады. Т.Рысқұловтың мәжілістегі рөлі мен ықпалы, оның энергиясы хатшылықтың хаттамасынан-ақ айқын сезіліп тұр. Осы мәжілісте Т.Рысқұлов қаржының жетіспеушілігі салдарынан шығуы тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған «Қызыл Қазақстан» журналына қаржы іздестіру туралы мәселені көтере отырып, журналды шығаруды тоқтатпау және оған бөлінген 3000 сом субсидияны жеткіліксіз деп есептей отырып, керекті қаржыны тез арада табуды Қазақ ХКК комфракциясына жүктеу, журналдың редакциясына журналды тарату мен насихаттау бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруды ұсыну, 5 мамыр күні өтетін «Баспасөз күні» мерекесіне орай Қазақстанның партиялық ұйымдарына журналдың беделін көтеру мен оны тарату мәселесіне көңіл аударуды сұрау жөнінде шешімдердің қабылдануына ұйытқы болды. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов Сырдария губкомының Сырдария облысының «Ақжол» және «Смычка» газеттерін өлкелік «Еңбекші қазақ» және «Советская степь» газеттерімен біріктіру туралы 1926 ж. 27 наурыздағы қаулысы туралы айта келіп, губкомның шешімін мақұлдау және осы шешімді аяғына дейін жеткізу үшін Ә.Байділдинді Шымкент қаласына іссапарға жіберу жөнінде шешім қабылдатты [12].
Көріп отырғанымыздай, Т.Рысқұловтың бір күндік жұмысының нәтижесінің өзі осыншалықты ауқымды. Бірақ, Т.Рысқұловтың басы үнемі кеңестік ноқта мен партиялық жүгенге сия бермейтін. Сондықтан да, Ф.Голощекин одан үнемі тартынып, аяғын аңдап басатын. Ф.Голощекин БК(б)П ОК-нің ресми өкілі әрі Қазөлкекомының бірінші хатшысы ретінде Орталықпен ым-жымы бір болғанымен, көп жағдайда Т.Рысқұловтың беделі, қайраткерлік қарымы мен тұлғалық мысы Ф.Голощекиннен басым түсетін. Сондықтан да, Т.Рысқұловтың Қазақстанда одан ары жұмыс істей беруі деген сөз – Ф.Голощекиннің көп ұзамай қызметтен кетуі болып шығар еді. Ал Т.Рысқұловтың Орталық үшін тиімсіз тұстары көп болатын. Өйткені, қазақ қайраткерлерін бір-біріне бөліп соғу тәсілімен Орталықтың отарлық жымысқы саясатын жүзеге асыратын әккі Ф.Голощекин кеткен жағдайда, Т.Рысқұлов қазақ қайраткерлерін тұтас бір арнаға біріктіріп, орталық пен ұлт аймағы арасындағы қарым-қатынаста республика мүддесін қарыса қорғауы сөзсіз еді. Бұл жағдай, кейіннен, 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанына байланысты Т.Рысқұлов позициясынан анық көрінді. Осы жағынан келгенде, Т.Рысқұловты басқа жұмысқа ауыстыру Орталық үшін де Ф.Голощекин үшін де тиімді болатын. Екіншіден, Т.Рысқұловтың РКФСР-дің орталық мемлекеттік басқару органында қызмет атқаруы Қазақстан үшін де, өзі үшін де тиімді боларын Ф.Голощекин де анық бағамдаса керек. Осылайша, Қазақстанға келгеніне екі апта уақыт өтер-өтпес Т.Рысқұловтың басқа жұмысқа ауысуы туралы мәселе көтеріле бастады.
1926 ж. 25 сәуір күні Қазақ, Татар және Башқұр автономиялық республикалары қызметкерлерінің (Н.Нұрмақов – ҚАКСР ХКК төрағасы, Ж.Мыңбаев – ҚАКСР ОАК төрағасы, Ахсан Мұхаметқұлов – БАКСР ХКК төрағасы, Хафиз Кушаев – БАКСР ОАК төрағасы, Шайгардан Шаймарданов – ТАКСР ОАК төрағасы) қатысуымен өткен кеңесте «РКФСР орталық мекемелерінің жауапты орындарына ұлт қызметкерлерін ұсыну туралы» мәселе қаралып, Т.Рысқұлов – РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметіне, Саитгалиев – РКФСР Кіші Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметіне, Биишев – РКФСР Қаржы халкомының орынбасары қызметіне ұсынылды. Ж.Мыңбаев осы кеңес шешімін бекітуді сұрап БК(б)П ОК-нің бас хатшысы И.Сталиннің, хатшысы В.Молотовтың, Орталық Бақылау комиссиясының төрағасы В.Куйбышевтың атына жазған хатында олардың тағайындалуын сұрай отырып, бұл шараның Орталық пен шет ұлт аймақтарының арасындағы шаруашылық және саяси байланыстарға жағымды дәнекер болатынын атап көрсетті [13].
Т.Рысқұловтың РКФСР ХКК төрағасы қызметіне бекітілуі туралы мәселе Орталықта қаралып жатқан тұста, ол өзінің қарымды қызметін жалғастырып жатқан болатын. Ол 1926 ж. 26 сәуір күні өткен Қазөлкеком хатшылығының мәжілісінде «комсомол баспасөзі туралы» айта келіп, комсомол газетінің қайта шығарылу қажеттігін, комсомол газетіне қатысты Қазөлкеком шешімінің қайта қаралуы туралы мәселені Бюро мәжілісіне қою керектігін, Қазөлкекомның баспасөз бөлімі мен БЛКЖО Қазөлкекомына бірлесе отырып бюроның келесі мәжілісінде шығатын газеттің сипаты мен оған керекті қаржы туралы мәселені баяндау тапсырылды. Т.Рысқұловтың осы еңбегінің нәтижесінде 1924 жылдың 8 ақпанынан бері «Еңбекші қазақ» газетінің 4-бетінде қосымша ретінде «Лениншіл жас» атауымен, 1925 жылғы 3 ақпаннан (С.Сәдуақасовтың редактор болуынан кейін – С.Ш.) бері «Жас қайрат» атауымен қосымша ретінде шығып келген комсомол газетін жеке шығару мәселесі орынды шешім тауып, 1927 жылдың басынан бастап «Лениншіл жас» газеті қайта шыға бастады [14].
Сондай-ақ, Т.Рысқұлов хатшылықтың осы мәжілісінде «Семей мембаспасы туралы» хабарлама жасап, Семей мембаспасының мүмкіндіктерін республика үшін пайдалану жөнінде шешім шығарып, Семей мембаспасының жұмысы мен Қазмембаспасының жұмысын ұштастыруды және оның орындалуы мен жүзеге асуын бақылауды өзі басқаратын бөлімнің қарамағына алуды ұсынды. Ұсыныс толық қабылданып, Семей мембаспасы республикалық маңызы бар баспаға айналды.
Мәжілісте қаралған келесі бір мәселе – «Қазақстандағы шаруалар көтерілісінің 10 жылдығын өткізу туралы» мәселе болды. Бұл мәселе бойынша да оң шешім қабылданып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығын атап өтудің жоспарын жасау үшін Ж.Мыңбаев, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, О.Жандосов, Брудный, Рязанов және Хангереевтерден тұратын комиссия құрылды. Осы комиссия жұмысының нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліске алғаш рет орынды тарихи баға берілгені белгілі.
Т.Рысқұлов Қазақстанға келгеннен кейін көп ұзамай, 1926 жылдың 30 сәуірі – 3 мамыры аралығында өткен 5-сайланған Қазөлкекомның ІІ пленумында жергілікті кеңестердегі байлардың ықпалына соққы беру қажеттігін көрсетті. Байлар рулық және туысқандық қатынастарға сүйенгендіктен емес, қолына биліктің экономикалық тұтқасын ұстағандықтан да кеңестерде жеңіске жетеді деді Т.Рысқұлов. Ал өз кезегінде осы жағдай қазақ ауылдарының әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі деді. Сондықтан, байларға салынатын салық көлемін өсіріп, қазақ шаруалары мен жұмысшылар одағының нығаюына жәрдемдесу керек деген пікір білдірді.
1926 жылы 5 мамырда қызылорда қаласындағы Іскерлер клубында Баспасөз күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтеді. Осы жиында баяндама жасаған Т.Рысқұлов қайта құру жағдайындағы Қазақстанның даму барысына тигізетін баспасөздің рөлі мен маңызын ғана айтып қоймай, ол республикалық баспасөздің алдына нақтылы міндеттер қоя білді. 1926 ж. 13 мамыр күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілісінде қабылданған «қазақ баспасөзін жетілдіру жөніндегі іс-шаралардың» (Қазөлкеком Баспасөз бөлімінің жоспары – С.Ш.) осы баяндама тезистері негізінде қабылданғаны айдан-анық. «Реализовать права Отдела Печати Крайкома, как самостоятельного Отдела» [15] деп басталатын аталмыш құжаттан Т.Рысқұловтың ноқтаға басы сыймайтын қолтаңбасы мен «төртінші билік – төрге шық!» деген ұран мүлтіксіз көрініп тұрғандай әсер қалдырады. Бюро мәжілісі Т.Рысқұлов басқаратын бөлімнің жұмыс жоспарын бекітіп қана қоймай, баспасөзге бөлінетін жаңа қаржы көздерін іздестіру мен тарту бойынша да Т.Рысқұлов ұсынған шараларды бекітті.
1926 ж. 19 мамыр күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысқан Т.Рысқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің жазылу ақысын 8 миллион сомға дейін көбейту туралы шешімнің шығуына ықпал жасады. Мұның барлығы оның беделі мен іскерлігін көрсететін еді [16].
Көп ұзамай, БК(б)П Қазөлкекомына БК(б)П ОК хатшысы В.Молотовтан 1926 ж. 31 мамырдағы БОАК Төралқасының қаулысымен Т.Рысқұловтың РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілгені туралы хабарлама келіп жетті. «Еңбекші қазақ» газеті бұл жөнінде 8 маусым күнгі санында ресми хабар берді. Дәл осы күні өткен БК(б)П Қазөлкомы хатшылығының мәжілісінде, Т.Рысқұлов 5 мәселе бойынша хабарлама жасап, өз ұсыныстарын толық өткізіп кетті. Олар:
– Қазақ тілінде өлкелік шаруалардың жаңа газетін шығару шешілді;
– Өлкелік шаруалар газетінің редакторы болып Ж.Мыңбаевты, орынбасары етіп Ә.Байдильдинді бекітті;
– БК(б)П Қазөлкекомы Баспасөз бөлімін басқару уақытша Ә.Байдильдин мен А.В.Шверге жүктелді;
– «Еңбекші қазақ» газетінің уақытша редакторы болып О.Жандосов бекітілді;
– Қазақ тілінде ғылыми терминологияны тексеріп, оны Қазөлкекомға баяндау Баспасөз бөліміне тапсырылды [17].
Т.Рысқұлов 14 маусым күні өткен Қазөлкомы хатшылығының және 16 маусым күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілістеріне қатысады. 16 маусымдағы бюро мәжілісі Т.Рысқұловтың жаңа қызметке тағайындалуына орай, оны Орталыққа жіберу туралы шешім шығарды [18].
Қорытынды. Т.Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі небәрі 2 айға ғана созылды. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде Т.Рысқұлов Қазақстан тарихына өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды.
Тұрар Рысқұловтың есімі – Тұтас Түркістан идеясының баламасы іспеттес. Тұрар Рысқұловтың есімін еске алғанда оның 1918-1919 жылдардағы Түркістандағы аштықпен күресті басқарып, миллионнан астам адамды ажал аузынан арашалап алғаны; 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде И.Сталинге хат жазып, Қазақстанда аштан қырылып жатқан халқын арашалап алуды ұйымдастыруға өлшеусіз үлес қосқаны; «Түрік халықтарының Коммунистік партиясы» мен «Түрік Кеңес республикасын» құру жолындағы тарихи күресі; 1926 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске дұрыс тарихи баға бергізудегі тарихи рөлі; Түріксібтің салынуын басқаруы және т.б. тарихи еңбектері көз алдымыздан тізбектеліп өтіп жатады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Адырбекұлы К. Алты алаштың ардақтысы: тарихи-танымдық кітап. – Алматы: «Тоғанай Т», 2018. – 240 б.; Алдажұманов Қ. Тұрар Рысқұлов: өмірі мен қызметі // Рысқұлов Т.Р. Шығармаларының толық жинағы. Полное собрание сочинений. Т.1. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы», 2007. – 392 б. (5-27-б.); Әбілтайұлы М., Әбілдаев Н. Тұрар Рысқұлов Монғолияда. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 84 б.; Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов: Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 448 б.; Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің күндерегі. – Тараз: Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы, тарМПИ баспасы, 2014. – 1-том (1894-1919 ж.ж.) – 2014. – 2016 б.; Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің қысқаша очеркі // Түркістан жинағы = Туркестанский сборник. Ғылыми мақалалар мен очерктер жинағы. 2 том. / Жалпы ред. басқ.: т.ғ.д., проф. Д.П.Қожасжарова; Ғылыми ред.: т.ғ.к. О.М.Қоңыратбаев. – Тараз: Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы, ТарМПИ баспасы, 2015. – 235 б. (30-64-б.).; Қоңыратбаев О.М., Жүнісбаев А.Ә. Мұсылман Бюросы – егемендік идеясының жаршысы (1919-1920 жылдар). – Алматы: ИП «Уатханов» баспасы, 2011. – 246 б. (84-б.).; Сәбден О., Жәпек М.С. Тұрар Рысқұлов публицистикасындағы экономикалық көзқарастары / О.Сәбденнің ғылыми редакциялауымен. – Алматы: Экономика институты ҒКБҒМ, 2014. – 356 б.; Устинов В.М. Турар Рыскулов: (Очерки политической биографии). – Алматы: Казахстан, 1996. – 464 б.
2 Большевистское руководство. Переписка. 1912-1927. Сборник документов / Составители: А.В.Квашонкин, О.В.Хлевнюк, Л.П.Кошелева, Л.А.Роговая. – М.: РОССПЭН, 1996. – 423 с.
3. Қозыбаев М.Қ. Ғасыр тауқыметін арқалаған арыстар // Тұлғалар тұғыры / Құраст. І. Қозыбаев. – Алматы: ҚазАқпарат, 2009. – 540-б. (229-244-б.).
4 Рыскулов Т. К открытию Всекиргизского съезда // Известия (Ташкент). 1919, 25-декабря.
5 Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов: Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 448 б.
6 Третья областная партконференция Джетысу. Стенографический отчет. – Алматы, 1923. – 88 с.
7 Т.Рысқұлов. Шығармаларының толық жинағы. Полное собрание сочинений. Т. 3. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2007. – 360 б.
8 Айдаралиев Қ. Нұрбапа Өмірзақов. – Алматы: «Қазақстан», 1993. – 72 б. (22-24-б.).
9 Устинов В.М. Турар Рыскулов: (Очерки политической биографии). – Алматы: Казахстан, 1996. – 464 б. (С. 284.).
10 ҚРПА, 141-қ.,1-т., 486-іс, 29-29-а.п.; 1039-іс, 50-50-а.п.
11 ҚРПА, 141-қ.,1-т., 486-іс, 111-п.; 1039-іс, 174-п.
12 ҚРПА, 141-қ., 1-т., 492-іс, 97-п.
13 РӘСТМА, 17-қ., 67-т., 327-іс, 145-146-п.
14 ҚРПА, 141-қ., 1-т., 492-іс, 106-а.п.
15 Сонда, 486-іс, 147-п.
16 Сонда, 492-іс, 118-п.
17 Сонда, 175-177-п.
18 ҚРПА, 141-қ., 1-т., 487-іс, 1-3-п.

 

Мақала

Президент сұхбаты талқыланды

Published

on

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбатында былтыр атқарылған істер мен алдағы жоспарлар жайлы айтқан. Зорлық зомбылық жасағандарға жазаның күшейетінін мәлімдеп, атом электр станциясын салу мәселесіне кезекті рет тоқталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен 2023 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып және бұл жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болғанын айтқан. Былтыр Конституциялық сот жұмысын бастады. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын жаңа ереже бойынша сайлап, аудан қала әкімдерін таңдадық. Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлінетін болды. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстары мықтап қолға алынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатынын айтылды. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қол¬дау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағ¬дайында жұмыс істейтін азамат¬тар үшін арнайы төлемақы енгі¬зіл¬ді. Табиғатты қорғауға жауапты ме¬ке-мелердің қызметкерлеріне олар¬дың өмірі мен денсаулығына төне¬тін қауіп-қатерге қатысты үстеме¬ақы төленетін болды. Медицина қыз¬мет¬керлерінің, мектепте, колледж¬де және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданғаны айтылды.
Бұл жұмыстардың бәрі халық мүддесі үшін жасалып жатқанын және
осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасын табатыны айтылды. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ екеніне аса мән берілген.
Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенеміз, уақытылы қабылданған мақсат екені сөзсіз.
Ең бастысы, халқымыз аман, еліміз тыныш болсын! Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
https://farabi.university
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары:
М.Ш. Тойғанбекова, Г.М. Мужигова, С.Р. Нұртілеуова

Continue Reading

Мақала

Ұлттың ұлы жиынына айналған Дүниежүзі қазақтарының бес құрылтайы (1992ж. -2017жж.)

Published

on

Дүниежүзі қазақтарының басын қосқан тұңғыш құрылтайдың шақырылған кезінен бесінші құрылтайдың арасын уақыт өлшемімен cанасақ 25 жылдың жүзі болады екен. Төрткүл дүниеге тараған қандастарымыздың бірінші құрылтайға жиналған кезінде олардың кіндік қаны тамған атамекені жайлы, ата-баба жеріне оралу туралы қуаныш пен күдікке толы ойларымен, V-ші құрылтайдағы өзгерістерді салыстырып көрсек, өткен 25 жыл уақыт – бірнеше ғасырлық уақытқа тұратындай өзгерістерге ұйтқы болған мерзім екенін байқауға болады.
Бірінші әлем қазақтарының құрылтайы ерекше жағдайда тәуелсіздік туын желбірегеніне бір-ақ жыл толып, жас мемлекетіміз тұсауын кескен сәби тәрізді аяғынан тәй-тәй басқан уақытта шақырылды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт үшін жасалған игі істердің бірі әлемге шашыраған қазақтың басын Атамекенде қосты. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 27 тамыз 1992 жылғы № 709 қаулысымен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына дайындық жүргізу мен оны өткізу туралы нақты жұмыстар қолға алынды.
Әлем қазақтарының бірінші құрылтайын өткізу мақсатында жасақталған ұйымдастыру комитетінің Төрағасы болып сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков, Төрағаның орынбасары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, Қалдарбек Найманбаев және тағы бір төрағаның орынбасары Алтынбек Сәрсенбаев болды. Ұйымдастыру комитеті әлемнің отыздан астам елінде тұратын отандастарымызға хат жолдап, ата-баба үрдісімен күллі дүниедегі қазақтардың басын біріктірген тұңғыш құрылтайға шақырды. Алматы қаласында 1992 жылы (28 қыркүйек – 3 қазан) өткен Құрылтайға Түркия, Германия, Швеция, Норвегия, Франция, Монғолия, Ресей, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан тағы басқа алыс және таяу шет мемлекеттерден яғни, 33 елден, сонымен қатар 800-дей Қазақстан облыстарынан келген өкілдер қатысты.
Тұңғыш құрылтай шетелдегі сан миллион қазақтардың атажұртқа деген ынта-ықыласын барынша арттыра түсті. Құрылтайда әлемге тарыдай шашылған қандастарымыздың бас қосуы, қазақ елінің шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуінің айқын көрінісі болды.
Кеңестік кезеңде тарихи отанынан тыс жерде жүрген бауырларымыздың басын қосып, ұлттық мүдде, елдік бірлік төңірегінде табысу-үлкен арман болғаны баршамызға аян. Әлемдегі күллі қазақтың басын біріктіріп, өткізген осындай жиын біздің елімізде бұрын-соңды болмады. Қазақтар көз жазып қалған ағайындарымен қауышты, ағасы-інісін, інісі-ағасын тауып, көкейдегі армандарын айтты. Құрылтайға алыс-жақын шетелдегі қазақ диаспорасына байланысты көптеген өзекті мәселелер қаралды. Шетелдегі ағайындарға мәдени-рухани жағынан қолдау көрсетудің бағыт-бағдары мен міндеттері айқындалды.
«Қазақтар:кеше, бүгін және ертең» атты тақырыпта өткен құрылтайдың ғылыми конференциясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру және оның жарғысын және басшы органдарын сайлау мәселелері талқыланды.Құрылтайдың соңғы күні Алматы облысының Дегерес жайлауындағы ұлы дүбір тоймен тарады. Бұл құбылыс Тәуелсіздік тарихына ұлт ұйысқан ұлы сәт және елдіктің ең алғашқы тойы болып жазылды.Барлық шеттегі қандастарымыз осындай жиын соңғы болып қалмай, жалғасын тауып, елге келетін қандастарымыздың ұлы көшіне жол салса деген тілектерін білдірді. Атажұртта шақырылған алғашқы құрылтайға келген қандастарымыз өздерінің көкейінде жүрген қуаныштарымен бөлісіп, пікірлерін білдірді. Алғаш шақырылған құрылтайда қазақ ұлтының өзекті мәселелерімен айналысатын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды.
Ал 2002 жылдың 23-24 қазанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы Түркістан қаласында өтті. Құрылтайға əлемнің 33 елінен 470 адам келді. Екінші Құрылтай Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің он жылдығымен қатар келгендіктен жында еліміздің қол жеткен табыстары қамтылды. Құрылтайда жалпы қазақ халқының алдағы уақыттағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы өсіп-өркендеуі жөніндегі маңызды мәселелер қозғалды. Құрылтай əлем қазақтарының алдында тұрған міндеттердің аса күрделі екенін айрықша сезіне отырып, қандастарымыз өмір сүріп жатқан сырт елдермен өркениетті келісімдер негізінде қазақ ұлтымыздың қалыптасу жолын жалғастыра беру, бауырластарымыздың ұлттық-мəдени тұрғыдан жан-жақты дамуына күнделікті қолдау жасау мәселелері қарастырды.
Қазақ елі тарихындағы Алматыдан кейінгі жаңа елордамыз – Астана қаласы, республикамыздың ортасында бой көтеруі ынтымақ-бірлігімізді арттырып, ұлттық рухымызды асқақтаты. Жаңа Елордада 2005 жылы 28-қыркүйек пен 2-қазан айларының аралығында өткен әлем қазақтарының үшінші Құрылтайында əлемнің 32 елінен 312 қандастарымыз келді. Үшінші құрылтайдың ерекшелігі іскерлік бағытта өткізілді. Құрылтайда: мәдениет, оқу-білім, бұқаралық ақпарат құралдары және көші-қон мәселелерін қарастырған төрт секциялық мәжілістер өткізіліп, шетелдегі қазақтармен байланыс жасаудың өзекті мәселелері талқыланды.
Ал 2011 жылы 25-27 мамырда Астанада өткен төртінші Құрылтайға 35 шет елден 380 делегат, Қазақстанның әр аймағынан 300-ден астам адам қатысты. ІV құрылтайдың делегаттарының 60%-ы жастар болды. Құрылтайда қаралған өзекті мәселелерге қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындау, көші – қон туралы заң жобасының қайта қаралуы, «Нұрлы көш» бағдарламасының 2-ші кезеңінің жобасын жоспарлап қолға алу және т.б. мәселелер қаралды.
2017 жылдың маусымның 22-25 күндері Астанада өткен әлем қазақтарының V- ші Құрылтайына 39 шетелдерден 350 адам, барлығы 750 делегат пен қонақ қатысты. Құрылтайда шетел қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасаудың өзекті мәселелері негізінде әртүрлі тақырыптар бойынша дөңгелек үстелде талқыланды. Дөңгелек үстелде: шетелдегі ағайындармен мәдени-рухани байланыс, көші-қон, шетелдегі қазақ жастарының елімізде білім алуы, бизнес, кәсіпкерлік және тағы басқа мәселелер қаралды. Қандастарымызға сапалы білім беруде мемлекет тарапынан қолдау көрсету және шетелдегі қазақтардың атамекенге мүмкіндігінше көбірек оралуына жағдай туғызуды басты назарға алу мәселесі қойылды.
Атамекенде шақырылған Дүниежүзі қазақтарының бес Құрылтайының қазақ халқы үшін орны ерекше, өйткені еліміз қазақсыз көркейіп, болашақта қадымдап қадам жасай алмайды. Қазақ елінде шақырылған әрбір Құрылтайлардың тарихи маңызы ерекше болып табылады.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы шетелдердегі қандастарымыздың кездесуі мен араласуының аса зор тетігіне айналып отыр. Азаттықтың елең-алаңындағы күрделі кезеңіне қарамастан республикамызда шақырылған алғашқы құрылтай шетелдердегі қандастарымыздың республика аумағына өз еркімен көшіп келуіне үлкен себепші болды. Ат қазығын байлар атамекенге тәуелсіздіктің алғашқы үш онжылдығында ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты. Шетелдегі этникалық қазақтардың атамекенге оралуы Қазақ елінде негізгі ұлт санының артуына ықпал етті. Олардың үлес салмағы өсті, яғни бүгінгі күні халықтың мәдени сабақтастығын қалпына келуіне, туған тілдің, дәстүрдің, салттың, халықтық өнердің молаюына, мемлекеттік тілдің әсіресе, солтүстік-шығыс өңірлерде таралуына септігі мол болды. Қандастарымыздың атамекенге оралуы республиканың демографиялық жағдайын ғана жақсартып қоймай сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық және ғылым мен мәдениеттің, әдебиет пен өнердің дамуына да өзіндік үлестерін қосып келеді.
Бүгінде әлемнің қырыққа жуық шет елдерінде тұратын қазақ диаспорасының өзекті мәселелері талқыланып, оларды шешуде көптеген іс – шаралар атқарылуда.Қандастарымызға сапалы білім беруде мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, шетелдегі қазақтардың атамекенге мүмкіндігінше көбірек оралуына жағдай жасалуда.
1992 жылы шақырылған Ұлттың ұлы жиынына айналған тұңғыш Құрылтадан кейінгі 25 жылда әлем қазақтарының басын қосқан бес Құрылтайы өтті. Атамекенде шақырылған әр құрылтайдың қазақ халқы үшін орны ерекше. Өйткені Қазақ елі қазақсыз көркейе алмайды, келешекке қарыштап қадам жасай алмайды. Міне, сондықтан Қазақ елінде шақырылған құрылтайлардың жөні де, мәні де ерекше.
Бірінші құрылтай ата- бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жетіп, «Тәуелсіз мемлекет» атануы арқылы этникалық қазақ көшіне жол ашты. Қазақ елінің дүниежүзілік қауымдастықта өзіндік орны мен айтар сөзі бар, әлемдік саясатта өзгелер санасатын салмағы, бүкіл адамзаттың бірлігі мен бейбітшілігі үшін алға қойған асқақ арманы бар ел ретінде мойындалып, Мәңгілік Ел болудың берік іргетасын қалады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа бетін ашқан Қазақ елінде шақырылған Ұлттың ұлы жиынына арналған әлем қазақтарының бес Құрылтайының қазақ халқы үшін тарихи маңызы зор. Өйткені еліміз қазақ ұлтымен көркейіп, болашаққа нық қадам жасай алады. Ұлттың ұлы жиынына айналған бұл құрылтайлар – қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас жасаған ұлт ретінде нық қадам басқанның белгісі болды.

Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің
Профессорлары https://farabi.university
Гүлнар Қозғамбаева, Нәзия Тасилова,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің аға
оқытушылары Меруерт Ибрагимова, Сандуғаш Нұртілеуова

Cурет: Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына жиналған делегаттар.
(Г. Қозғамбаева. Н. Тасилованың «Қазақ әдебиеті» газетінен алынды.
https://kazgazeta.kz/news/60984 )

Continue Reading

Мақала

Колледждегі қысқы сессия

Published

on

Бүгін 25.12.2023 жылы әл – Фараби атындағы ҚазҰУ https://farabi.university/, колледжінде күзгі сессия басталды. ПОК- 207 тобының білім алушылары философия пәнінен емтихан тапсырды. Білім алушылар емтиханға үлкен дайындықпен келген. Олар пәнді меңгеру кезінде, философияның мақсаты- адамның күнделікті түсініктерден дүние жайлы, ақиқат білімдерге бастап, ең жоғарғы құндылықтарға жету жолын көрсету, табиғат құбылыстарының барлық нақты мазмұнын танып білу, қоғамдық құбылыстардың нақты-тарихи маңызын түсіндірудің не екенін және “Философияны оқу бізге не береді?” деген сұраққа жауап таба білді. И. Канттың өз сөзінде: “адамға адам болып қалу!”- деген болатын. Қандай жағдайда болмасын философия адамға адам болып өмір сүруді үйретеді.
Білім алушылар емтиханнан сүрінбей өтті.

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ
колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы
Әсембаева Алтын Шакержанқызы,
Физика пәнінің оқытушысы
Мадиярова Чинтай Атыканқызы,
Тарих пәнінің оқытушысы
Аппақова Мадина Несіпбекқызы,
Философия пәнінің оқытушысы
Жумаева Жазира Халметқызы

Continue Reading

Мақала

Колледж тынысы

Published

on

Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім – тәрбие және білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындау мақсатында өскелең ұрпақтың білімі әлеуметтік – мәдениетке сәйкес болуы қажет. Кәсіби бағдарға сәйкес мамандық таңдау барысында әл – Фараби атындағы ҚазҰУ https://farabi.university/, колледжіне келіп оқып жатқан 1- курс білім алушыларымыз алғашқы оқу жылының жартысын тәмамдап, қысқы сессияны да тапсыратын кезге жетіп қалды. Биылғы оқу жылында колледжде білім гранттарын жеңіп алған білім алушыларымыздың аяқ алысы да қуантарлық. Олар колледжде білім алумен бірге өнерлерін де ұштап жатқан жайы бар. Атап айтсақ бағдарламашы тобында оқитын Абылхан Әлихан домбыраның құлағында ойнаса, құқықтану бөлімінде оқитын Ислам Әнелдің сызылтып ән салатын өнері бар екен. Ал аудармашы тобының білім алушысы Естай ұлы Ерсұлтан концертті жүргізіп қана қоймай, мәнерлеп оқудың шебері екеніне көзіміз жетті. Негізгі айтатын ой білім алушылардың кәсіби білім алуға бейімделуі дегеніміз оларды мамандыққа жаңа жағдайда бейімдеу. Жастардың колледжге келгендегі алғашқы әсерлері, олардың негізгі мақсатын саналы түсінуі мен сезінуі және өзі таңдап келген мамандығына қызығушылығын арттыру үшін білім беретін оқытушылар құрамы да талапқа сай. Қорыта айтқанда біздің колледжде білім алған жастардың келешекте жақсы маман болып шығатынына сенім мол.

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ
колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы
Әсембаева Алтын Шакержанқызы,
Физика пәнінің оқытушысы
Мадиярова Чинтай Атыканқызы,
Философия пәнінің оқытушысы
Жумаева Жазира Халметқызы

Continue Reading
Advertisement

Бізге жазылыңыз

Сөзге тиек

Дерек1 year ago

Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті аясында 12 құжаттарқа қол қойылды

Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті аясында 12 құжаттарқа қол қойылды, деп хабарлайды qazradio.fm Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Түркі мемлекеттері ұйымының...

Дерек1 year ago

Айдағы Үндістанның станциясы «ұйқы» режиміне көшеді

05 қыркүйек, KAZNEWS. Айдың бетінде күн батып, түн басталған кезде Үндістанның қондырғыш станциясы мен өздігінен жүретін станциялары «ұйқы» режиміне көшеді....

Дерек1 year ago

Кристиан Бэйл батыс Моңғолияға саяхаттады. #Бэтмэн😀

24 шілде, KAZNEWS. Жоғарғы суреттегі азамат әйгілі актер Кристиан Бэйл. Ол шілде айында батыс Моңғолияда саяхаттап, көшпенділердің салт дәстүрімен танысып...

Дерек2 years ago

Футзалдан ел біріншілігіне қатысқан футболшылардың орташа жасы – 23 де

6 сәуір, KAZNEWS. Моңғолия Президентінің қолдауымен Дорноговь аймағының Сайншанд қаласында ұйымдастырылған футзалдан 21 аймақтар арасындағы «Ұлттық кубок-2023» ел біріншілігі аяқталды. ...

Дерек2 years ago

Таба аласыз ба? Моңғолияда ілбіс суретке түсіп қалды

Ұлыбританиялық DailyMail басылымы америкалық фотограф Макса Воның суретін жариялады. Суретте Алтай тауларының тау-тасты шатқалында сирек кездесетін ілбіс түсірілген. Ерекше ілбісті...

Дерек2 years ago

1903-2023 жыл аралығындағы қоян жылында есте қалған оқиғалар

06 қаңтар, KAZNEWS. Қоян жылы– барыс жылынан соң, ұлу жылынан бұрын келетін мүшел есебінің төртінші жылы. Қоян қазақтың шаруашылық тарихында...

Дерек2 years ago

Жылдың үздік 10 оқиғасы – KAZNEWS

24 желтоқсан. KAZNEWS ақпараттық агенттігі жыл сайын «Жылдың үздік 10 оқиғасын» анықтауды дәстүрге айналдырған. Агенттіктің көзқарасы бойынша 2022 жылдың үздік...

Дерек2 years ago

Тұрды Төлекенұлы туралы деректі фильм жарыққа шықты

04 желтоқсан, KAZNEWS. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қобда беті қазақтары (Монғолия) арасынан мемлекеттік лауазым атқарған алғашқы қайраткерлердің бірі Тұрды...

Басты назарда