16 желтоқсан, KAZNEWS. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі Моңғолияны мекендейтін қандастармен бірлесіп бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.
Мәселен, 2021 жылдың 14 желтоқсанында «Идэр» университетінде Қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті кабинеті ашылды. Жобаны Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі «Отандастар» қорымен, «Баян-Өлгий аймағының Ұлан-Батырдағы Жерлестер алқасы» үкіметтік емес ұйымымен және «Идэр» университетімен бірлесіп жүзеге асырды.
Кабинеттің салтанатты ашылуы барысында Қазақстан Елшісі Жалғас Әділбаев «Идэр» университеттің басшылығы мен қандастарға қазақ тілі мен мәдениетін насихаттауға қосқан баға жетпес үлесі үшін ризашылығын білдіріп, Кабинеттің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында қажетті оқу-материалдармен көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Моңғолия Ұлы Хуралының депутаты, Қазақстандық-моңғол парламентаралық тобының мүшесі Булан Бейсен екіжақты байланысты нығайту үшін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың, білім алмасудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігіне және басқа да ұйымдастырушыларға қазақ тілін, әдебиетін және мәдениетін зерттеу бойынша маңызды әрі қызықты жобаны жүзеге асырғаны үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, демалыс күндері тұрақты негізде кабинетте тіл меңгеремін деген адамдарға қазақ тілі сабағы тегін жүргізілетін болады.
2021 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп Налайх қаласындағы Қазақ мәдени орталығында еліміздің Тәуелсіздік күніне арналған музыкалық құттықтауды ұйымдастырды. Моңғолдың ұлттық киімін киген домбырашылар тобы қазақтың белгілі композиторларының шығармаларын орындады.
Елші Ж.Әділбаев Налайх қаласындағы қазақ диаспорасының жастарына ерекше құттықтау үшін алғысын айта отырып, домбыраның жай ғана музыкалық аспап емес, оның қасиетті мұра екенін және қазақ халқының өзіндік келбеті бар бренді екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 15 желтоқсанында Елшіліктің қолдауымен Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы бұрынғы Елшісі Дамдинжав Дашнямның «Еуразияның інжу-маржаны» атты мақаласы моңғол тілінде «Өдрийн сонин» газетінде жарияланды. Мақалада автор Қазақстан туралы алған әсерлерімен бөліседі, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жүргізілген реформалар мен халықаралық сахынада қол жеткізген табыстар туралы ойларымен бөліседі.