25 маусым, KAZNEWS. Моңғолия Премьер-министрі Л.Оюун-Эрдэнэ Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьер-министрі Ли Цянның шақыруымен 26 маусымнан 1 шілде аралығында Қытайға ресми сапармен барады.
Сапар аясында Премьер-Министр Л.Оюун-Эрдэнэ ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен ресми келіссөздер жүргізіп, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лужимен кездеседі.
Кездесу мен келіссөздер барысында тараптар Моңғолия мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және дамыту мәселелері бойынша пікір алмасады.
Сапар барысында екіжақты ынтымақтастық құжаттарына қол қойылады.
Сонымен қатар, Моңғолия Премьер-Министр Л.Оюун-Эрдэнэ Тяньжин қаласында 27-29 маусымда өтетін Жаңа көшбасшылардың 2023 жылғы кезекті «Жазғы Давос» халықаралық экономикалық форумына қатысады.
Форумға қатысушылардың биылғы басқосуы «Кәсіпкерлік: жаһандық экономиканың қозғаушы күші» деген ұранмен өтеді. Азияда және бүкіл әлемде инновациялар мен кәсіпкерлікті жандандыруға, экономиканы қалпына келтіру мен тұрақты дамуға апаратын түрлі жолдарды зерттеуге және қатысушыларға экономикалық перспективалардан хабардар болуға көмектесуге бағытталған.