05 сәуір, KAZNEWS. Қазақстан мен Моңғолия сот жүйесі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Бұл туралы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылғы 5 сәуір күні Улаанбаатар қаласында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолия Жоғарғы сотының Төрағасы Дамдины Ганзоригпен кездесті.
Кездесу кезінде тараптар өз елдерінде болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістермен өзара қысқаша таныстырып, екі мемлекетте жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әрекеттестіктің түрлі салаларындағы байланыстарды тереңдету сұрақтарын талқылау барысында сұхбаттасушылар сот органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл ретте екі елдің жоғарғы соттары арасындағы ынтымақтастықты бірлесіп семинарлар өткізу, мамандарды дайындауда ықпалдасу, өзара алмасулар мен байланыстарды (сапарлар немесе онлайн-кездесулер ұйымдастыру арқылы) күшейту және халықаралық форматтар мен іс-шаралар аясында өзара қолдау көрсету арқылы іске асыру ұсынылды. Моңғол тарапы Қазақстанның сот жүйесін цифрландыру саласындағы тәжірибесімен танысуға қызығушылық білдіріп, соттардың дербестігі, тәуелсіздігі мен өкілеттілігін қамтамасыз ету саласындағы Моңғолияның жетістіктерімен бөлісуге дайындығын білдірді.
Ғ.Қойшыбаев сондай-ақ кездесуге қатысқан Моңғолия Жоғарғы сотының судьясы, Қылмыстық істер жөніндегі сот палатасының төрағасы Чагдаа Хосбаярмен екі елдің қылмыстық сот ісін жүргізу органдары арасында екіжақты және халықаралық форматтар аясында көпжақты ынтымақтастықты дамыту мүмкіншіліктері бойынша пікір алмасты.
Кездесу соңында тараптар Қазақстанның Улаанбаатардағы дипломат өкілдігі мен Моңғолияның Жоғарғы соты арасында тұрақты жұмыс байланысын құруға уағдаласты.