14 мамыр, KAZNEWS. Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга жарлық шығарып, денсаулық саласында көптеген жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған дәрігерлер, медбикелер, медициналық қызметкерлерді мемлекеттік жоғарғы атақ, орден, медалмен марапаттады. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Моңғолия Президентінің жарлығында:
«…Моңғолияның денсаулық саласына көптеген жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған бірқатар дәрігерлерге және Моңғолияда тіркелген инфекцияға қарсы күресте ерекше еңбегімен көзге түскен дәрігерлер мен медбикелерге Моңғолияға «Еңбек сіңірген» атағы берілсін» – делінген.
Медицина қызметкерлерінің еңбегі мен ерлігі мемлекет тарапынан лайықты бағалануда. Бұл жолы Моңғолия Президентінің жарлығы бойынша 26 адамға «Еңбек сіңірген дәрігер» атағы берілген.
Улаанбаатар қаласында орналасқан «Даңғыл» ауруханасының директоры Пашка Режепқызы Моңғолияға «Еңбек сіңірген дәрігер» атағымен марапатталды.
Пашка Режепқызы Баян-Өлгий аймағының Бұлғын ауылында туған. 1978 жылы Медицина университетін адам дәрігері мамандығымен тәмамдаған. 1997 жылы «Даңғыл» ауруханасының іргетасын қалап, үздіксіз медициналық қызмет көрсетіп келеді.