14 қыркүйек, KAZNEWS. Жоғары деңгейдегі Өзбекстан-Иран келіссөздері тиімді өтті. Кездесу соңында ынтымақтастықтың түрлі салаларын қамтитын 18 құжатқа қол қойылды. Бұл туралы Өзбекстан Республикасының Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрагим Раиси бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Негізгі келісімдер атап өтіліп, екі ел арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша ұзақ мерзімді міндеттер айқындалды.
Келіссөздер соңында екіжақты келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Бұлар:
– іскерлік және ғылыми топтар өкілдері мен туристік топтардың визалық рәсімдерін жеңілдету туралы келісім;
– дипломатиялық паспорт иелерін визалық талаптардан екі жақты босату туралы келісім;
– 2022-2025 жылдарға арналған туризм саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы;
– ғылым, технология және инновация салаларындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
– тауарлар мен көлік құралдарын кедендік шекара арқылы өткізу туралы электрондық кедендік ақпаратпен алмасу туралы меморандум;
– E-TIR бойынша электрондық ақпарат алмасу туралы меморандум;
– ғылым, зерттеу, білім және технология салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
– ауыл шаруашылығы министрліктері арасындағы келісім;
– денсаулық сақтау, емдеу, ғылыми зерттеулер, білім беру, фармацевтика және медициналық техника саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
– спорт саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
– мұнай, газ және мұнай-химия салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
– «Чобахор» порты арқылы халықаралық жүк тасымалы мен транзитін жүзеге асыру туралы меморандум;
– Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2022-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
– жұмыспен қамту және еңбек қатынастары мәселелері бойынша меморандум.
Сондай-ақ, Өзбекстанның Әбу Райхан атындағы Шығыстану институты мен Иран Мұрағат ұйымы мен Ұлттық кітапханасы арасында және екі елдің Ибн Сина қорлары арасында құжаттарға қол қойылды.