28 қаңтар, Улаанбаатар, KAZNEWS. Моңғолия Парламентінің кезекті отырысында депутаттардың 87.9 пайыз дауысымен Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ Моңғолияның 32 (отыз екінші) Премьер-министрі болып тағайындалды.
Премьер-министрдің кандидатурасын талқылау отырысына 76 депутаттан 66 депутат қатысқан.
Естеріңізге салсақ, 21 қаңтарда премьер-министр У.Хүрэлсүх отставкаға кеткен болатын. Л.Оюун-Эрдэнэ алдыңғы Үкіметте министр, Үкіметтің іс басқармасының басшысы қызметін атқарып тұрған.
ЛУВСАННАМСРАЙН ОЮУН-ЭРДЭНЭ
1980 жылы Улаанбаатар қаласында дүниеге келген.
1998 жылы Хэнтий аймағының Бэрх қалашығының толық орта мектебін, 2001 Бэрс институтын журналист мамандығымен, 2008 жылы Моңғолия Ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015 жылы Харвард университетінен Мемлекеттік әкімшілік басқару бойынша магистр дәрежесін қорғаған.
Еңбек жолын Хэнтий аймағының Бэрх қалашығының Әкімшілік басқармасының басшысы болып бастаған.
2002-2008 жылдары аралығында World Vision халықаралық ұйымында филиал директоры, өңір жауаптанған директоры, 2008 жылы Улаанбаатар қаласының Баянзүрх районында Әлеуметтік даму департментінің басшысы, 2016-2020 жылдары Моңғолия Парламентінің депутаты, 2019 жылдан Министр, Үкіметтің іс басқармасының басшысы қызметін атқарған.
2020 жылдан Моңғолия Парламенті депутатына қайта сайланған.