25 қараша, KAZNEWS. Дүниенің алып экономикалары әлемді қымбатшылық қысқан шақта ОПЕК+ альянсын өндірісті қысқартуға көндіре алмады. Бұл жөнінде мақала Inbusiness.kz ақпарат порталында жарық көрді.
АҚШ бастаған бірқатар ірі елдер резервтегі отынын нарыққа шығарып, ғаламдық нарықта шикізат бағасын арзандатудан үмітті.
Соңғы кездері АҚШ ОПЕК пен оның одақтастарына (ОПЕК+) мұнайды көбірек өндіріп, бағаны түсір деген қысымды күшейтіп келеді. Алайда шикізат экспорттаушы картель үшін бұл талап жаңа проблемаға айналып отыр. Өйткені онда өндірісті арттыруды қалағанның өзінде, көмірсутегіні бұрынғыдан көбірек шығаратын мүмкіндік жоқ.
ОПЕК+ ұсынысты көбейту үшін 2020 жылы өндіріске қойылған шектеулердің рекордтық бөлігін алып тастады. Айта кетсек, былтыр әлемде пандемияға байланысты энергияға сұраныс мейлінше құлдырағаны белгілі. Бірақ биыл үш жылдық максимумға жеткен мұнай бағасына алаңдап отырған Вашингтон өндірістің қазіргі арту деңгейіне риза емес.
Құрамына Ресей, Қазақстан тәрізді елдер кіретін ОПЕК+ Құрама Штаттардың өндірісті тезірек арттыру туралы қысымына көнбей, оны тамыздан бері тәулігіне 400 мың баррельге ғана өсіруге келісті. Себебі бұл межеден асса, ғаламдық нарықта мұнай тым көбейіп кетеді деген қауіп бар. Халықаралық энергия агенттігінің мәлімдеуінше, ОПЕК+ күніне сол 400 мың бөшке мұнай шығару мақсатына да жете алмай отыр. Сондықтан шикізат бағасы әлі ұзақ уақыт бойы жоғары болуы мүмкін.
Бұрындары ОПЕК-тің Африкадағы мүшелері мен тіпті Парсы шығанағындағы мемлекеттері қосымша қолма-қол ақша керек болғанда, өндірісті квотадан асырып жіберетін. Бірақ пандемия мен экологиялық талаптарға байланысты, әсіресе, ОПЕК-тің кедей елдерінде бұл салаға инвестиция азайып, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак мемлекеттерінде ғана өндірісті жылдам арттыруға мүмкіндік қалып отыр.
Президент Дональд Трамп тұсында Вашингтон ОПЕК-тен өндірісті, керісінше, қысқартуды талап етті. Ол кезде мұнай бағасы барынша құлдырап, АҚШ-тың мұнай өнеркәсібін күйретуге шақ қалған еді. Пандемия барысында ОПЕК радикалдық қадамға барып, өндірісті тәулігіне 10 миллион баррельге азайтты. Қазір заман өзгерді. Сұраныс болжамдағыдан әлдеқайда тез қалпына келіп жатыр. Байден әкімшілігі баяғы позициясынан бас тартып, өндірісті күшейтуді талап етуге кірісті. Ақ үйдегілердің ойынша, биылдың өзінде 50 пайыздан астам қымбаттаған мұнай бағасы әрі қарай өсе беретін болса, әлем экономикасының қайта жандану үрдісі тоқтап қалуы ғажап емес.
Бұған қоса, сейсенбі күні Құрама Штаттарда бензиннің орташа бағасы 3,40 долларға жетті. Ал былтыр Америкада жанармай шамамен 2,11 долларға сатылған еді. Энергетикалық отынның қымбаттауынан АҚШ-та инфляция деңгейі соңғы отыз жылда тез өсіп, азық-түлік бағасы шарықтап барады. Осының салдарынан бүгінде Байден саяси және экономикалық қиындықтарға тап болып, оның партияластары – демократтарға республикашылдар тарапынан шабуылдар жиіледі.
ОПЕК+ альянсын дегеніне көндіре алмаған және келесі жылы өтетін аралық сайлау қарсаңында рейтингін төмендетіп алған Байден Ұлыбританияны, Қытайды, Үндістанды, Жапонияны, Оңтүстік Кореяны АҚШ-пен бірге резервтегі отын қорын нарыққа жіберуге үндеп отыр. Сейсенбі күні АҚШ әкімшілігінің өкілдері Байденнің Энергетика министріне Стратегиялық резервтен 50 млн бөшке мұнайды қолдану туралы бұйрық бергенін хабарлады.
Алайда Лондондағы Energy Aspects нарықты зерттеу фирмасының дерегінше, трейдерлер қоймадан 100 миллион баррель босатылады деп үміттенген.
Ұлыбритания 1,5 миллион шығаруға келіссе, Үндістан запастан тек 5 миллион алуға дайын. Ал Жапония мен Оңтүстік Корея 4-5 миллион шығаруға әзірлік білдірсе, Қытай бұл бағыттағы жоспарының мән-жайын ашып айтпай отыр. Бірақ мемлекеттердің мұнайды көптеп сатуына бір кедергі бар.
Ол қандай кедергі. Толығырақ оқу үшін Inbusiness.kz сайтына өтіңіз.