11 сәуір, KAZNEWS. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Жалғас Жұмаұлы Әділбаев Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды. Бұл туралы ҚР Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жалғас Жұмаұлы Әділбаев Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына 2019 жылы тағайындалған болатын.
Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.
Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев 1972 жылы 12 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін және ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1994 жылы ҚР СІМ Орталық аппаратында бастаған. Сол жылы Қазақстанның Үрімші қаласындағы (ҚХР) Паспорттық-визалық қызметіне ұзақ іссапарға жіберілді.
ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары, Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары лауазымдарын атқарған. Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде жұмыс істеді. Қазақстанның Шанхай қаласындағы (ҚХР) Бас консулы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін Қазақстанның Қытайдағы Елшісі болды.
II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.