Сурет Ikon.mn
Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың жарияланған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауының (2019 жылы 2 қыркүйек) негізгі басымдықтарын, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың жаһандық антиядролық бастамасы мен Моңғолияның Премьер-Министрі Х.Хүрэлсүхтың Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша баспасөз брифингін өткізді, деп хабарлайды ҚР-ның Елшілігінің баспасөз қызметі.
Елші Жалғас Әділбаев жергілікті БАҚ өкілдеріне ҚР Президентінің халыққа арнаған биылғы Жолдауында мемлекет пен халық арасындағы сенімді қарым-қатынас орнатуды айқындайтын тиімді мемлекет тұжырымдамасына, азаматтардың талабына дер кезінде құлақ түретін мемлекетке айналу қажеттілігіне, «Мықты президент – беделді парламент – ісіне есеп беретін үкімет» мемлекеттің тұрақтылық формуласына, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 5 негізгі бағдарға назар аударылғанын егжей-тегжейлі мәлімдеді.
Бұдан басқа Жолдауда білім, отбасы және балалар құқығы институтын қолдау, сапалы медициналық қызметті қамтамасыз ету, мәдениет жұмыскерлерін қолдау, инклюзивті қоғамды құру салаларындағы әлеуметтік мәселелерге жеке көңіл бөлінгенін және қазіргі уақытта ҚР Үкіметі тарабынан оларды іске асырудың нақты тетіктері әзірленгенін жеткізді.
Сонымен қатар, Елші ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың жаһандық ядролық қаруды таратпау саласындағы бастамасын іске асыру барысы жөнінде ақпарат бере отырып, 2019 жылы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және МАГАТЭ-ге мүше болып қосылғанына 25 жыл толғанын БАҚ өкілдеріне айтып берді.
Қазақстандағы саяси, экономикалық реформалар мен елдегі «Рухани жаңғыру» үдерістері жөнінде мағлұмат беріліп, рухани жаңғыруда ұлттық сананың рөліне баса назар аударылғаны аталып өтті.
Бұған қоса, Ж.Әділбаев 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбындағы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесінің қорытындысы жөнінде ақпарат берді.
Сондай-ақ, дипломатиялық өкілдіктің басшысы 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі хатшылығының 18-отырысы өткізілгенін мәлімдеді. Түрлі дін өкілдерінің қатысуымен өткен отырыстың қорытындысы бойынша Съезд гимні мен Этика кодексін әзірлеу, діни музыка мен хор әндерінің фестивалін өткізу, дін өнерінің көрмесін ұйымдастыру мәселелері бойыгша шешім қабылданғаны жөнінде мағлұмат берілді.
Елші, моңғолиялық БАҚ өкілдеріне 10-12 қазан кезеңінде ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің шақыруымен Моңғолияның Премьер-Министрі Х.Хүрэлсүхтың Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша толық ақпарат берді.
Аталмыш сапар барысында екі үкімет басшылары сауда-экономикалық, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, тау-кен, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ аймақтық және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдар мәселелерін талқылағаны жеткізілді.
Елші келіссөздер барысында А.Мамин Қазақстан Республикасы мен Моңғолияның 2021-2024 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастығын алға жылжыту жөніндегі жол картасының жобасын әзірлеуді, сондай-ақ алдағы екі жылда Қазақстанда Моңғолияның Мәдениет күндерін және Моңғолияда осындай күндерді өткізуді, Өлгий қаласында Абай Мәдени орталығын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынғанын мәлімдеді.
Осы сапардың қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына жаңа серпініс беретін 7 халықаралық құжаттарға және 8 коммерциялық шарттарға қол қойылғаны хабарланды.
Сонымен қатар, Ж.Әділбаев 2020 жылы сәуір айында Үкіметаралық комиссияның 8-мәжілісі өткізілетінін және жоғары деңгейдегі ресми іс-шаралар жоспарланып отырғанын атап өтті.
Ал, келер жылы ҚР-ның Премьер-министрі А.Мамин Моңғолияға іс-сапармен келетінін ikon.mn жазды.

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев. Улаанбаатар, 2019ж. Сурет Ikon.mn
Аталмыш сайт, Қазақстан тарапынан Моңғолияға алтын тазалайтын өндіріс салу жұмысы бойынша өкілдер келіп, Таукен және ауыр өнеркәсіп министрлігінде жұмыстап жатыр. Өндіріс салатын орыны, қаражаты шешілгенін жеткізді.
Сондай-ақ, екіжақты достық қарым-қатынасының жылдан жылға ұлғайып, бекуінің тағы бір себебі ретінде маусым айынан бастап «SCAT Airlines» компаниясы Ұлан-Батыр – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша тікелей рейстің тұрақты орындалып отыр. Бұл өз кезегінде азаматтар арасында өзара алмасу жоғарылап, нәтижесінде екіжақты сауда-экономикалық қатынас және екі елде туризмнің жандана түсетініне септігін тигізетінін жеткізді. Көп кешікпей Улаанбаатар-Алматы бағытына тікелей рейс ашу жоспарланып отырғанын, және екі ел азаматтары жермен 49 км жүріп шекараға жететін мүмкіндік бар. Бұл бағытқа теміржол салу мәселесін зерттеп жатқанын айтты.