4 шілде, KAZNEWS. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің «Отандастар Қоры» КеАҚ қоры президенті бастаған қазақстандық делегация 6 мыңға жуық қандасымыз мекендейтін Моңғолияның елордасы Ұлан-Батырдың Налайх ауданының әкімі Ч.Раднаабазар және Налайх ауданының Азаматтар өкілдері құрылтайының депутаттарымен кездесті. Бұл туралы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге «Отандастар Қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тауқ, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, “Президент және халық” газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін Ел Бірлігі үкіметтік емес ұйымының басшылары мен өкілдері қатысты.


Кездесу барысында «Отандастар Қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы Моңғолиядағы және Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз Моңғолия мемлекетінің қамқорлығын ерекше ықылас-ризашылықпен еске алатынын және бұл шын жүректен шыққан сөз деп атап өтті. Сөзін жалғастыра келе, Қоғам басшысы Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында жоспарланған іс-шаралар туралы айтып өтті. Бұл құрылтайдың негізігі мақсаттарының бірі Моңғолиядағы қандастарымыздың одан әрі екі дос ел арасында “алтын көпір” болып қала беруін жалғастыру.

Өз кезегінде, ҚР Мәжілісі депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау және Жарқынбек Амантай Моңғолия елінің тумалары ретінде Моңғолияға келгендеріне қуанышты екенін және парламентаралық байланыстарға өз үлестерін қосуға дайын екендеріне сенім білдірді.
Дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы 1992 жылы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қарым-қатынастар туралы сыр шертті.
Айта кетер болсақ, 2023 жылғы 4-8 шілде кезеңінде өтеізілетін Моңғолия қазақтарының Кіші құрылтай аясында Моңғолияның ҰланБатыр қаласында, Ховд мен Баян-Өлгий аймақтарында Моңғолия ресми тұлғаларымен кездесулер, екі елдің ғалымдарымен дөңгелек үстел, кітап тұсаукесерлері, ескерткіш пен көше ашу, кіші құрылтай отырысы және Қарағанды Тәттімбет атындағы консерватория оркестірінің концерті жоспарлануда.