1 қыркүйек, KAZNEWS. Улаанбаатарда Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев пен Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмөнхийн Батцэцэгтің екіжақты кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар моңғол-қазақстандық екіжақты ынтымақтастығының ағымдағы күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымын талқылады.
Атап айтқанда, алдағы кезеңге арналған екіжақты, оның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30-жылдығы аясында атап өтілетін іс-шаралардың кестесіне қатысты пікір алмасылды.
Кездесуге қатысушылар қазақ-моңғол серіктестігінің ілгері дамуы мен одан әрі нығаюы көп жағдайда екі ел арасында әртүрлі деңгейлерде орнатылған байланыстар мен жоспарлы өзара алмасулардың тығыздылығына байланысты екенін атап өтті.
Сонымен қатар, тараптардың пікірінше, Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия сияқты екіжақты ынтымақтастықты үйлестіру тетігінің жоғары тиімділігін қамтамасыз ету өте маңызды. Бұған қоса әңгімелесушілер ортақ қызығушылық тудыратын бірқатар нақты бағыттарды, атап айтқанда көліктік-логистикалық, телекоммуникациялық технологиялар, мал өнімдерін өңдеу және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы, сондай-ақ екі елдің іскерлік қауымдастықтары мен бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты талқылады.