13 маусым, KAZNEWS. Бүгін Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаевтан сенім грамотасын қабылдады. Бұл туралы Президент әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі ретінде жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, табыс тіледі.
Биыл Моңғолия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық достық қарым-қатынасқа 30 жыл толуда.
Тараптар кездесу барысында сауда, экономика, мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты арттыру барысында пікір алмасты.
Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев
– Моңғолия мен Қазақстан Республикасы да мұхитқа шыға алмайтын елдер қатарында. Сондықтан сыртқы сауда нарығын әр-тараптандыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тауарларды жеткізудің жаңа жолдарын іздеуге дайын екенін жеткізді.
Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев 1972 жылы 12 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін және ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1994 жылы ҚР СІМ Орталық аппаратында бастаған. Сол жылы Қазақстанның Үрімші қаласындағы (ҚХР) Паспорттық-визалық қызметіне ұзақ іссапарға жіберілді.
ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары, Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары лауазымдарын атқарған. Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде жұмыс істеді. Қазақстанның Шанхай қаласындағы (ҚХР) Бас консулы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін Қазақстанның Қытайдағы Елшісі болды.