2021 жылғы 3 желтоқсанда Елшіліктің ұйымдастуымен Қазақстан-Моңғолия парламентаралық достық тобының төрағалары А.Раумен – Ұлы Хурал депутаты Х.Бәделханның қатысуымен онлайн форматта депутаттық кездесу өтті.
Аталған кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісі тарапынан депутаттар Қ.Б.Абасов, Ертаев С.М, Ұлы Хурал тарапынан Х.Ганхуяг, Г.Амартувшин және Комитеттердің кеңесшілері, Моңғолияның Қазақстандағы Елшісі Д.Баярхүү мен Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ж.Әділбаев қатысты.
Аталған кездесу барысында А.Рау моңғол тарапын жақын арада болып өткен Республика күнімен құттықтап, моңғол әріптестерін Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерімен таныстырып, қазіргі кезеңде Қазақстанда демократиялық пен азаматтық қоғамды одан әрі жетілдіру бағытындағы саяси реформалар туралы баяндады.
Қазақстандық депутат Моңғолия-Қазақстан парламентаралық достық тобының Төрағасын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында одан әрі демократияландыруға және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылға бағытталған Қазақстандағы сайлау мәселелеріне қатысты заңдарға қол қойылғанын және осы заңның маңызды өзгерістерімен таныстырды.
Х.Бәделхан 16 желтоқсанда тойланатын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойымен құттықтап, бұған қоса 2022 жылы екі елдің дипломатиялық қатынастар орнатқанына 30 жыл толатынын, Парламент депутаттарының Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жандануында үлкен рөл атқарғанын айтты.
Бұған қоса моңғол депутаты 2021 жылғы 13 қазанда Қазақстанға ресми сапармен барған Сыртқы қатынастар министрі Б.Бацэцэгтің кездесулерінің жемісті болғанын да атап өтті.
Моңғолия-Қазақстан парламентаралық достық тобының Төрағасы – Ұлы Хурал депутаты Х.Бәделхан COVID-19 пандемиясымен күрес аясында осы індетке өңірлік деңгейде төтеп берудің, сондай-ақ оның салдарын жоюда бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына ерекше мән берді. Бұған қоса Х.Бәделхан Қазақстан Президентінің саяси бастамаларымен және Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатырған ішкі саяси реформалардың жүрісімен таныстырғаны үшін әріптесіне алғысын білдірді.
Тараптар екі елдің халық қалаулылары арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы шараларға тоқталып, заң дайындау/қабылдау, оның маңызды бағыттары бойынша пікір алмасып, екіжақты парламент депутаттары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру қажеттілігін атап өтті.
Кездесу соңында депутаттар өзара қолдау көрсету және ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ бұдан әрі Қазақстан мен Моңғолия арасындағы парламентаралық диалогтарды дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.