KAZNEWS. 23-24 тамызда Улаанбаатарда ҚР Үкіметі және Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасын талқылау жөніндегі сарапшылар жұмыс тобының 11-мәжілісі өткізілді. Бұл туралы ҚР Елшілігі баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжілістің алдында тараптар сарапшыларының Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі А.Ариунзаяамен өткізілген кездесуде оларға Моңғолия үкіметі халықты әлеуметтік қорғау саласында қолданып жатқан шаралар таныстырылды.
Министр А.Ариунзаяа сондай-ақ бұл мәжіліс екіжақты Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-мәжілісінің қарсаңында өткізілуі себепті, ерекше мәнге ие болғанын атап өтті және Сарапшылардың жұмыс тобына жемісті де нәтижелі жұмыс жүргізуді тіледі.
Өзара түсіністік пен достық рухында өткізілген екі күндік келіссөздер барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшылары Зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасының бірқатар баптары мен тармақтарындағы белгілемелерді егжей-тегжейлі қарастырды және келісімдеді. Тараптардың ортақ пікірі бойынша, бұл құжат жоғары әлеуметтік маңыздылық пен өзектілікке ие.
Сарапшылар жұмыс тобының 11-мәжілісінің қорытындылары бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды.