12 қазан, KAZNEWS. 2022 жылғы 10 қазан – Моңғол тарапының бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі VI Саммитінің жұмысына моңғол делегациясының қатысуын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев пен Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Сайнбуян Амарсайханның екіжақты кездесуі өтті. Бұл туралы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Елшісі Саммитке вице-премьер С.Амарсайхан бастаған жоғары деңгейдегі делегацияны жолдау туралы моңғолдық тараптың шешімін қошеметтеп, сұхбаттасты қазақстандық тарап өткізіп жатқан осы іс-шараға дайындықтың барысымен қысқаша таныстырды.
Өз кезегінде, қазақстандық тарапты Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру туралы бастаманың 30-жылдық мерейтойымен құттықтап, С.Амарсайхан Астанада өтетін осы халықаралық диалогтік алаңның Саммитінің халықаралық маңыздылығын баса айтты. Моңғолия АӨСШК-нің, сондай-ақ басқа да халықаралық және өңірлік ынтымақтастық форматтарының қызметтеріне белсене қатысатынын атап өтті. Әлемде қазір қалыптасып отырған күрделі геосаяси жағдайда мемлекетаралық әрекеттесудің тиімді тетігі ретінде көпжақты ынтымақтастықтың рөлі айтарлықтай арта түскенін қосымша айтты.
Кездесу барысында сұхбаттасушылар сондай-ақ қазақстандық-моңғол ынтымақтастығының бірқатар нақты да өзекті бағыттары бойынша пікір алмасты, атап айтқанда сауда-экономикалық пен көліктік-логистикалық әрекеттесуді кеңейтудің перспективаларын, Хушиг ойпатында жаңа қала салу жобасын іске асыру барысында қазақстандық тәжірибені пайдалану, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы саяси ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және екі елдің елордалары арасында кооперацияны 2019 жылы қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде нығайту сұрақтарын талқылады.
Ғ.Қойшыбаев АӨСШК мерейтойлық Саммитінің жұмысына қатысу үшін Моңғолия Үкіметінің басшысы орынбасарының ҚР-ға сапары қазақстан-моңғол саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстардың дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
Әңгіме соңында тараптар қазақстандық дипөкілдік пен моңғол мемлекеттік органдары арасындағы әрекеттесуді нығайту сұрақтарын, сондай-ақ 2022-2023 жж. жоспарланған екіжақты іс-шаралардың кестесін талқылады.