24 қазан, KAZNEWS. Білім және ғылым министрі Л.Энх-Амгалан жұмыс сапарымен Баян-Өлгий аймағына келді. Министр өзімен бірге кеңейтілген жұмыс тобын ерте келген.
Кеңейтілген жұмыс тобы Баян-Өлгий аймағындағы барлық деңгейдегі оқу мекемелерінің қызметімен танысты.
Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген тобының құрамында Білім институтынан, Мұғалімдердің білімін жетілдіру институтынан және Моңғолия Білім университетінен 30-ға жуық өкіл бар.
Баян-Өлгий аймағының білім саласы басқа аймақтармен салыстырғанда төмен көрсеткішке ие. Сондықтан екі ай бұрын аймақ басшылары мен аймақтан Парламентке сайланған депутаттар Білім және ғылым министрінен сапа мен қолжетімділік, менежмент және қаржыландыру сынды мәселелерді шешіп беруді сұраған болатын.
Жұмыс тобы мәселені талқылап, сапалы білім беру бойынша жоспар жасап, жылына екі рет нәтижесін бағалайтынын мәлімдеді.