26 маусым, KAZNEWS. Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолия Қорғаныс министрі Гүрсэдийн Сайханбаярмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың жай-күйі бойынша пікір алмасып, бұл саладағы екжақты және көпжақты ықпалдастықты одан әрі тереңдету перспективаларын, атап айтқанда, әскери кадрларды даярлау, әскери алмасулар, халықаралық әскери және бітімгершілік жаттығулар мен армиялық жарыстарға бірлесіп қатысу сияқты сұрақтарда әрекеттестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, Моңғолия Қорғаныс министрі Гүрсэдийн Сайханбаяр министрліктің әлеуметтік желісіндегі парақшасында берілген хабарламада екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықты 2006 жылғы Үкімет аралық келісім бойынша тереңдетудің маңыздылығын атап өткен.
Кездесу қорытындылары бойынша, тараптар жоғарыда баяндалған бағыттардағы екіжақты ынтымақтастыққа тиімді түрде жәрдемдесу үшін Қазақстанның Улаанбаатардағы дипломатиялық өкілдігі мен Моңғолияның әскери ведомствосы арасында тығыз байланыс орнатуға уағдаласты.