KAZNEWS – Дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты Қалыбек Қобландин Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қалыбек Ибрагимұлы Қобландинды қызметінен босату туралы жарлығы 15 тамызда akorda.kz сайтында жарияланған.
Қалыбек Қобландин 2013 жылы 14 мамыр (Моңғолия Президентіне сенім грамотасын табыстаған)-дан бері Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі қызметін атқарған уақытында екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түсті. Қазақстан 2016, 2018 жылдары селден зардап шеккен Моңғолияға (Баян-Өлгий аймағына) гуманитарлық көмек көрсетті. Көп жылдар бойы шешімін таппай келген Улаанбаатар – Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы тікелей әуерейс ашылды.
Елшіліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша,
2019 жылғы 14 тамызда Елші Қ.Қобландин өзінің Моңғолиядағы Елші ретінде өкілеттік мерзімнің аяқталуына орай, Моңғолияның Президенті Х.Баттулгамен кездесті.
Кездесу барысында саяси ынтымақтастық тұрғысынан моңғолия тарапына халықаралық іс-шараларда Қазақстанның бастамаларына қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған бірқатар мәселелер талқыланды.
Өз кезегінде Моңғолия Президенті Елшінің Моңғолиядағы жемісті қызметін атап өтіп, шетелдіктерге арналған ең жоғарғы марапат саналатын «Найрамдал» (Достық) медалімен марапатталуымен құттықтады.
2019 жылғы 16 тамызда Елші Қ.Қобландин өзінің дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай, Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары У.Энхтүвшинмен кездесіп, моңғол тарапына өкілеттік мерзімі барысында көрсетілген қолдауға өз ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық қатынастар саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдары бойынша пікір алмасты.
2019 жылғы 16 тамызда Елші Қ.Қобландин өзінің дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай, Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Д.Цогтбаатармен кездесті. Кездесу барысында Д.Цогтбаатар Елшіге Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған ерен еңбегін ерекше атап өтті. Екі ел арасындағы жан-жақты өзара әрекеттестікті алға жылжытуға негіз болатын жоғары деңгейдегі сапарлар мен іс-шараларды келешекте ұйымдастыру перспективалары бойынша пікір алмасылды.
Қалыбек Қобландиннің орнына Жалғас Жұмаұлы Әділбаев тағайындалды.